1 шілдеде ипотека арзандайды.
Яғни жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі 25-тен 20 пайызға дейін төмендейді. Алайда мұның өз шарты бар. Сосын банктер қарыз алушыға талапты қатайтып жатыр.
Бұл нарыққа қалай әсер етеді? Бір есептен, қазір халық тарапынан ипотекаға сұраныс азайғандай. Оған себеп не?
Ипотека үстемақысы жарнаға қарай есептеледі
Енді бастапқы жарнаңыз 30% немесе одан көп болса, ипотеканың ең жоғары мөлшерлемесі 20% болады. Бірақ жарна 30%-ға жетпесе, қарыз мөлшерлемесі 25% күйінде қалады. Яғни сатып алушыда таңдау бар. Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі бекіткен тәртіп осындай. Бұған дейін «Отбасы банк» те аралық ипотекалық несиеге 8,5% деңгейінде бірыңғай мөлшерлеме енгізген еді.
Коммерциялық ипотека азайды
Елде уақыт өткен сайын коммерциялық ипотека үлесі кеміп жатыр. Маусымда ғана өтінім 15% азайып, 192 мыңға жетті. Қаржыгерлер қауымдастығы банктердің қарыз алушыға қатаң қарайтынын ескертті. Оған мақұлданған өтінімдердің азаюы дәлел. Бір жыл бұрын жаңа несиелеу 22 пайызға дейін өссе, қазір 8 пайызға дейін төмендеген. Ал мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар үлесі 74 пайызға жуықтап, рекорд деңгейде қарыз рәсімделген. Сарапшылар ипотеканың көпшілікке қолжетімді болмай бара жатқанын мойындайды. Жоғары пайыз бен халықтың табысы үйлесім таппай жатыр. Зейнетақы шегінің шарықтауы да бұл мәселені күрделендірді. Айтпақшы, 1 шілдеден бастап, қарыз алушының мүмкіндігі жіті тексеріледі. Яғни банктер расталған табысты ғана назарға алады.
Александр Пак, жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы:
- Ипотекаға сұраныс қатты азаяды деп ойламаймын. Бізде шаршы метрге тапшылық әлі де бар. Ал халық баспаналы болуға әрекет етіп жатыр. Ең бастысы, үй сатып алуға ыңғайлы уақытты күтпеңіз. Ондай болмайды. Ипотека мақұлданып, отбасы да өзі үшін дұрыс шешімді қабылдаса, ай сайынғы төлемді төлеуге мүмкіндік болса, онда ойланбаңыз.
Тұрғын үй нарығында баға өзгеріп тұрады
Александр Пак тұрғын үй нарығын бір жақты бағамдауға болмайды дейді. Өйткені сауданың дені мегаполистерде қызатыны рас. Бұл көштен Қарағанды, Ақтау, Павлодар халқы қалмауға тырысады. Қалған өңірлердің тұрғындары ұсыныс болса, сұранысты азайтпаған. Ал ипотека жалпы нарықтың 30 пайызын жауып отыр. Яғни жылжымайтын мүліктің басым бөлігі қолма-қол ақшаға немесе басқа шартпен алынады. Қазір мемлекеттік бағдарламалардың үлесі артқанымен, жалпы сұраныс өтеліп жатқан жоқ. Себебі ол арнайы сегментке ғана қолжетімді.
Александр Пак, жылжымайтын мүлік жөніндегі сарапшы:
- Наурыз ипотекасының жарнамасы күшті. Шарты да жаман емес. Бірақ оған 12 млрд теңге ғана бөлінді. Бұған бар-жоғы 6 мыңдай сатып алу-сату келісімі жасалады. Ал Қазақстан бойынша айына шамамен 35 мың келісім рәсімделеді. Демек, бағдарламаның үлесі өте кішкентай. Соған қарамастан халық тарапынан сұраныс артып кетеді, ол нарықтағы бағаны өсіріп жібереді. Бірақ біздегі баға өсіп-түсіп тұрады. Оны долларға шаққанда байқауға болады.
Жаңа үйлер саудасы төмендеді
Қазір жаңа үйлердің саудасы 25 пайызға азайды. Бірақ сұраныстың төмендеуі бағаны арзандатқан жоқ, өйткені бастапқы нарыққа ҚҚС енгізілді. Сарапшы Диляра Сейітнұрова жаңа үйлердің құны орта есеппен 10–12%-ға өскенін айтады. Оған құрылыс материалдары, логистика, жұмыс күші мен жер телімдерінің қымбаттауы да әсер еткен. Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі төмендегенімен, жоғары деңгейде қалып отыр дейді сарапшы. Расында құрылыс компанияларының көбі бағаны төмендетуді қаламайды. Оның орнына жекелеген пәтерлерге жеңілдіктер, арнайы акциялар, ипотекалық бағдарламаларды субсидиялау және бөліп төлеу тетіктері қолданылып жатыр. Соның өзі нарыққа оң әсер еткен жоқ. Ипотеканың денін мемлекеттік бағдарламалар жауып отыр.
Цитата: Диляра Сейітнұрова, құрылыс жөніндегі сарапшы
Бүгінде девелоперлердің басым бөлігі банк қаржыландыруы арқылы жұмыс істейді. Бір шаршы метрдің бағасы несие алынған сәттен бастап қаржылық модельге енгізіледі. Сондықтан құрылыс компаниясы бағаны банкпен келісілген деңгейден төмен түсіре алмайды, өйткені бұл жобаның экономикасына және кредитор алдындағы міндеттемелердің орындалуына тікелей әсер етеді.
Сарапшылар сатып алушылардың жаңа үйдің құны әзір төмендемейтінін біледі дейді. Сол себепті бөліп төлеу, жеңілдетілген немесе арнайы ұсыныстарды көбейтуге кеңес береді. Ал құрылыс компаниялары реновация және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетіктерін дамытуы керек. Бұған қазір сұраныс бар.
Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.
Тегтер #бұл нарық #банк #кредит #1 шілде #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz