RU
Толық нұсқаға өту

Астанада әуе таксиі сынақтан өтеді

30.06.2026, 08:45 36

Астанада әуе таксиі көкке көтеріледі.

Инновациялық көлік елде шілденің аяғына қарай тағы бір рет сынақтан өтеді. Бұған дейін Алматы мен Қонаев қалалары арасында ұшқаны белгілі. Сөйтіп қазақ елі озық әуе ұтқырлығы технологияларын кеңінен енгізуге дайын екенін дәлелдеп келеді. Мемлекет басшысы арнайы заңға қол қойды. Ал шетелдік серіктестер инвестициялық жобаны сәтті жүзеге асыруға бейіл. Сонымен әуе таксиі елде нақты қашан іске қосылады? 

2028 жылы Алматы мен Қонаев арасында әуе такси қатынай бастайды. Тиісті келіссөздер аясындадемо рейс сәтті орындалды. Енді шілденің 24-інде бірегей такси Астана аспанында сыналады. Бұл Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы теңдессіз тәжірибе. Соның арқасында қос қала арасындағы жол 15–20 минутқа дейін қысқарады. Ұлттық сипаттағы жобаның жемісті жүзеге асуын Мемлекет басшысы қадағалап отыр.

Ұлжан Қабделова, компанияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі менеджері:

- Тігінен ұшырылып қонатын әуе кемесі. Вертолет дейін десеңіз, вертолетқа жатпайды, самолет дейін десеңіз, самолетқа жатпайды, яғни екеуінің ортасындағы көлік түрінің жаңа парадигмасы деуге болады. Тігінен ұшырылып, толықтай жүз пайыз электрлі күш-қуаты, экологиялық зияны жоқ көлік жүйесінің жаңа бір саласы болып табылады.

ӘУЕ ТАКСИІ АУЫР ЖҮКТІ ДЕ ТАСЫМАЛДАЙДЫ

Қалалық әуе ұтқырлығы жобасы туралы алғаш рет екі жыл бұрын айтылды. Былтыр тиісті зерттеу жүргізу үшін экожүйе жасақталды. Сөйтіп Alatau city жобасы аясында Алматы облысында алғашқы тестік ұшу жүзеге асты. Ол кезде көлік жерден басқарылған. Тиісті сертификаттау жұмысы аяқталған соң, әуе таксимен адамдарды және жүкті тасымалдауға болады. Толық электр қуатымен жұмыс істейтін әуе көлігіне 5 жолаушы мен бір ұшқыш мінетіні белгілі. Ал тасымал құны келісіліп жатыр.

Ұлжан Қабделова, компанияның халықаралық ынтымақтастық жөніндегі менеджері:

- Эвитол деп аталатын тігінен, вертикалды түрде ұшатын әуе кемесінің қызметі арқылы 400 кг дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік аламыз және дрон арқылы түріне байланысты 2 жарымнан 7 жарым келіге дейін жүк тасымалдауға мүмкіндік болады.

АВИАЦИЯ САЛАСЫНДАҒЫ РЕФОРМА

Жоба жеке инвестиция есебінен жүзеге асып жатыр. Жұмыс тобы ауқымды. Өйткені бұл атүсті қарайтын шаруа емес, тіпті тиісті заңға өзгеріс енгізілді. Құжат қалаішілік және өңірлік тасымалды жеделдетіп, салаға инвестиция тартуды жеңілдетеді. Кореялық өндірушілермен меморандум жасалды. Енді олар ұшқыштарды оқытып, жерүсті операцияларын жүргізуге және техникалық қызмет көрсетіп, инфрақұрылымды жасақтауға көмектеседі. Ұшқыш басқаратын және ұшқышсыз инновациялық ұшу аппараттарын қоса алғанда, қалалық әуе ұтқырлығы технологияларын енгізу нормалары жаңа Конституцияда көрініс тапқан. Ал бірегей жобалар Alatau City алаңында жүргізіледі. Осы Alatau City-дегі қалалық әуе ұтқырлығын дамытуға 300 млн доллар көлемінде қаржы тартылған. Қазір мұнда вертипорттар желісі салына бастады. Ол да 2028 жылға қарай пайдалануға беріледі.

Елдегі авиация саласын реформалау жемісті жүзеге асып жатыр. Бір ғана әуе такси жаңа экономикалық секторға айналады. Өйткені 2040 жылға қарай қалалық әуе ұтқырлығының әлемдік нарығы 1–1,5 трлн долларға жетеді. Оның ішінде Қазақстанның да үлесі бар.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz