Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға сәйкес, 2025 жылы қазақстандықтардың 65%-ының мүлде жеке жинағы болмаған. Бұл дегеніміз, әрбір үш қазақстандықтың екеуі жұмысынан айырылғанда, ауырған жағдайда немесе басқа да күтпеген жағдай туындаса, несие картасын пайдалануға, тұтынушылық несие рәсімдеуге немесе туыстарынан қарыз сұрауға мәжбүр болуы мүмкін, деп хабарлайды «24KZ».
Форс-мажор жағдайында қарызға батпау үшін қаржылық қауіпсіздік қорын қалай дұрыс қалыптастыру керектігін қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Айгерім Ілиясова түсіндіреді.
Оның айтуынша, көпшілік бір қателікті жиі қайталайды: қолына бос қаражат түскенде алдымен несиесін мерзімінен бұрын өтеуге немесе инвестициялауға асығады.
«Инвестиция жасамас бұрын немесе несиені мерзімінен бұрын өтеуге кіріспес бұрын, алдымен қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыру қажет. Егер адам кенеттен жұмыссыз қалса, мерзімінен бұрын жабылған несие азық-түлік сатып алуға немесе коммуналдық төлемдерді төлеуге көмектеспейді», – дейді Айгерім Ілиясова.
Сарапшы қаржылық қауіпсіздік қорын автокөліктегі қауіпсіздік жастығымен салыстырады. Ол ешқашан қажет болмауы мүмкін, бірақ ең қиын кезеңдерді жаңа қарызсыз еңсеруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, Айгерім Ілиясованың айтуынша, несие карталары мен тұтынушылық несиелердің пайыздық мөлшерлемелері әлі де жоғары, ал қарыз алушыларға қойылатын талаптардың күшеюіне байланысты несие қаражатына сенім арту дұрыс емес.
«Әлемдік тәжірибе бойынша, – дейді Ілиясова, – адамның міндетті шығындарын кемінде алты ай бойы жабуға жететін қаржылық қоры болуы тиіс. Бұл ретте есептеу кезінде табыс көлемі емес, дәл міндетті ай сайынғы шығындар есепке алынуы қажет: азық-түлік, тұрғын үйді жалдау немесе күтіп ұстау, көлік шығындары, несие төлемдері және басқа да тұрақты шығындар», – дейді ол.
Қажетті соманы анықтау үшін сарапшы екі ай бойы барлық шығындарды толық жазып жүруге кеңес береді.
«Мысалы, егер адамның ай сайынғы жалақысы 400 мың теңге болса, ал ең қажетті шығындары 250 мың теңгені құраса, онда қаржылық қауіпсіздік қоры шамамен 1,5 миллион теңге болуы керек», – деп түсіндіреді Ілиясова.
Мұндай қорды біртіндеп қалыптастырып, әрбір табыстың 20%-ын жинақтап отырған жөн.
«Жоғарыдағы мысалда бұл айына шамамен 80 мың теңге болады. Демек, қажетті соманы шамамен бір жарым жылда жинауға болады. Егер сыйақы, қосымша жұмыс немесе бонус түрінде қосымша табыс түссе, оны да осы қорға бағыттаған дұрыс. Бұл қажетті соманы тезірек жинауға мүмкіндік береді», – дейді сарапшы.
Қаражатты қайда сақтау керектігін дұрыс таңдау да маңызды. Қаржыгердің айтуынша, қауіпсіздік қоры кез келген уақытта қолжетімді болуы тиіс. Сондықтан ең тиімді нұсқа – қаражатты ішінара шешіп алуға болатын теңгелік депозит.
«Көпшілік бұл ақшаны инвестициялауға тырысады. Қаржылық қауіпсіздік қорын акцияларда немесе басқа бағалы қағаздарда сақтауға болмайды. Шұғыл қажет болған жағдайда оларды нарықтағы кез келген бағамен, көбіне шығынға сатып жіберуге тура келеді. Өтімділігі төмен активтер де жарамайды. Ақшаны үйде қолма-қол сақтау да дұрыс шешім емес: инфляцияның әсерінен оның құны төмендейді әрі қауіпсіздік тұрғысынан да сенімді емес», – дейді сарапшы.
Тағы бір кең таралған қателік – жиналған қаржылық қорды ипотека немесе автонесие бойынша бастапқы жарна ретінде пайдалану.
«Қаржылық қауіпсіздік қорының бір ғана мақсаты бар – адамның табысы азайған кезеңде оны қолдау. Ол ірі сатып алуларға немесе инвестицияларға арналмаған», – дейді Айгерім Ілиясова.
Неліктен дәл алты ай және табыстың 20%-ы? Сарапшының айтуынша, бұл ұсыныстар тәжірибемен де, зерттеулермен де дәлелденген.
Әдетте алты ай ішінде адам денсаулығын қалпына келтіріп, жаңа жұмыс тауып немесе қосымша табыс көзін қалыптастырып үлгереді. Ал табыстың бестен бір бөлігін жинақтау көптеген адамдар үшін қолжетімді, өйткені бюджеттің шамамен 20%-ы көбіне міндетті емес және эмоцияға беріліп жасалатын сатып алуларға жұмсалады. Егер табыс тек негізгі қажеттіліктерді өтеуге ғана жетсе, сарапшы үнемдеуден гөрі табысты арттыруға көңіл бөлуге кеңес береді.
«Бүгінде жаңа дағдыларды тегін меңгеруге көптеген мүмкіндік бар. Мысалы, skills.enbek.kz платформасы арқылы жаңа мамандық игеруге, қосымша табыс көзін қалыптастыруға немесе жеке шағын бизнес ашуға дайындалуға болады», – дейді қаржыгер.
Қаржылық қауіпсіздік қоры толық қалыптасқаннан кейін, сол табыстың 20%-ын алдымен қымбат несиелерді мерзімінен бұрын өтеуге, кейін инвестициялауға бағыттауға болады.
«Осылайша қаржылық қауіпсіздік қоры қарыз тұзағына түсіп қалудан сақтап, шешімдерді жағдайдың қысымымен емес, байыппен қабылдауға мүмкіндік береді», – деп түйіндейді Айгерім Ілиясова.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #экономика #тұтынушылық несие #24жаңалықтар #24KZ #сарапшыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz