Форумға әлемнің 30-дан астам елінен 600-ге жуық делегат келді. Алғашқы күн халықаралық арбитрлерге арналған тәжірибелік тренингке арналды.
Қатысушылар төрешіні тағайындау, істі жүргізу, дәлелдемелерді бағалау және төрелік шешім әзірлеудің халықаралық тәжірибесімен танысты. Алдағы екі күнде сарапшылар жасанды интеллекттің төрелікке ықпалы, инвесторлардың құқықтарын қорғау және трансшекаралық дауларды шешу мәселелерін талқылайды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай іс-шаралар Қазақстанның халықаралық құқықтық алаңдағы беделін арттырып, инвесторлар сенімін нығайтуға ықпал етеді.
Кристофер Кэмпбелл-Холт Obe, АХҚО Халықаралық соты мен Халықаралық арбитраж орталығы аппаратының тіркеушісі және басшысы:
- 8 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанда халықаралық дауларды шешу мәселелері бойынша 7 мыңнан астам маманды оқыттық. Бұл үлкен жетістік. Орталық Азияға инвестиция салғысы келетіндер үшін АХҚО (Астана халықаралық қаржы орталығы) сенімді алаң. Бүгінде осы орталық арқылы 20 миллиард доллардан астам инвестиция тартылды. Ал біздің сот пен халықаралық төрелік орталығы арқылы 40-тан астам елдің инвесторлары қатысқан 4 миллиард доллардан астам инвестицияға қатысты істер қаралды. Біз жаңа стандарттарды енгізіп, инвесторлар үшін қолайлы құқықтық орта қалыптастыруды жалғастырып келеміз. Сонымен бірге жазғы тағылымдама бағдарламасын да дамытып жатырмыз. Қазір Қытай, Қазақстан, Қырғызстан және Еуразия өңірінің басқа да елдерінен келген 14 студент бізде тәжірибеден өтуде.
Анна Гияр-Сажко, Түрік төрелік қауымдастығының президенті:
- Бұл тренингтің негізгі мақсаты – тәжірибемен бөлісу. Біз жас арбитрлермен қатар, тәжірибелі мамандар мен адвокаттарды халықаралық стандарттармен таныстырамыз. Қатысушылар нақты істерді талдап, төрелік процестің практикалық қырларын меңгереді. Астанада мұндай алаңның қалыптасуы өңірдегі құқықтық ынтымақтастықты дамытуға жақсы мүмкіндік береді.
Тегтер #форум #делегат #тренинг #ЖИ #инвесторPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz