Елде контрафактілік жолмен әкелінген әрі сапасыз тәттілерді анықтау жеңілдейді. Өйткені кондитерлік өнімдер таңбаланады. Маусымның бірінде пилоттық жоба басталды.
Оған отандық өндірушілердің өздері бастамашы болған. Сауда және интеграция министрлігі цифрлық таңбалау арқылы нарықты қорғау және жеткізу тізбектерінің ашықтығын арттыру көздейтінін жеткізді.
Кондитерлік өнім сапасын өзіміз анықтаймыз
Жеп жүрген шоколадыңыз қаншалықты сапалы? Оны енді өзіңіз тексере аласыз. Елде кондитерлік өнімдерді таңбалау жұмысы басталды. Әділ бәсеке орнату үшін, өндірушілердің өзі осындай бастама көтерген. Бұл нарықтағы тәтті өнімнің заңды жолмен жеткізілгенін әрі сапасын анықтауға мүмкіндік береді. Пилоттық жобаға импорттаушы компаниялар да белсенді қатысып жатыр. Мамандар қантты кондитерлік өнімдер, шоколад және шоколад өнімдері, печенье, вафли, мармелад, джем, жеміс және жаңғақ пасталарына арнайы код орнатады. Қазір техникалық және ұйымдастыру тәуекелдері зерттеліп, бизнес-процесті жетілдіру, нормативтік базаны жақсарту бойынша ұсыныстар жинақталып жатыр. Ал қатысушылар таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесін тегін игеруге құқылы.
Назгүл Тұрашева, Цифрлық экономиканы дамыту орталығының жоба жетекшісі:
- Қазір біздің жобада 2 ірі өндіруші және 4 импорттаушы қатысуда. Әлі де пилоттық жобаға қатысамын дегендерге біздің поштамызға жазып, өздерінің келісімін беріп, пилоттық жобада қатыса алады. Себебі әрбір өндіруші болсын, импорттаушы болсын, өзіндік ішкі бизнес процесі бар. Соны біз пилоттық жоба аясында тексеріп, әр қатысушының логистикалық тұрғыдан, техникалық тұрғыдан зерттеп, дұрыс шешімді қабылдауға тырысамыз.
Таңбалау – көлеңкелі экономиканы азайтады
Өнімдерді цифрлық таңбалау үдерісі нәтижесін көрсетті. Мәселен, дәрілік заттарды сатып алуды тиімді жоспарлау арқасында мемлекет 85 млрд теңге үнемдеді. Қазір аяқ киім, темекі және сыра өнімдері мен мотор майы таңбаланады. Осы арқылы көлеңкелі экономиканы азайту, мемлекеттік бақылауды күшейту және бюджет кірісін арттыру көзделеді. Ал кондитерлік өнімдер бойынша пилоттық жоба 2027 жылдың 1 маусымында аяқталады.
Шоколад өндірісі қайта өркендеді
Қаңтар – сәуір аралығында елде 31 мың тоннадан аса шоколад және кондитер өнімдері өндірілді. Бұл айтарлықтай нәтиже. Өйткені кейінгі 2 жылда өндіріс көлемі бәсеңдеген еді. Әйтсе де нарықтың жартысына жуығын отандық өнім жауып отыр. Олардың арасында салаға енді бет бұрған кәсіпкерлер де бар. Сондай іскер жанның бірі Астаналық Бота Аятқызына мемлекеттік грант септесті. Фуд-флорист айрықша кәмпиттер және кепкен жемістен гүл шоғын жасап, сатып отыр. Бұл сыйлық нарығында таптырмас өнім.
Бота Аятқызы, кәсіпкер:
- Біздің салада тоңазытқыш маңызды. Мен дәмді сыйлықтар жасап сатамын. Оның бәрі суық жерде сақталуы керек. Сол себепті грант қаражатына тоңазытқыш сатып алдым. Қолдан жасалған кәмпиттер үшін мармид жабдығы қажет болды. Ең қажет дегендерді сатып алып, міне 5 жыл бойы жұмыс істеп келемін. Тұрақты клиенттерім бар, олар туған күн, үйлену тойы, жалпы корпоративтік іс-шаралар бойынша тапсырыс жасайды.
Шетелдіктер Қазақстан шоколадын сүйіп жейді
Отандық өндірушілердің тәтті өнімдері сыртқы нарықтарда да сұранысқа ие. Алғашқы тоқсанда 9 мың тоннаға жуығы экспортталды. Бұл 10 жылдағы ең жоғары деңгей. Ақшаға шаққанда 51 млн доллардың өнімі сатылды. Қазақстандық шоколад өнімдерін Ресей, Өзбекстан және Әзербайжан алып отыр. Бір ғана Әзербайжанға жеткізілім 4 есе артқан. Ал ішкі нарықта импорттық тәттілер де бар. Қаңтар-сәуір аралығында 168 млн доллардың өнімін сатып алдық. Бұл былтырғы сәйкес кезеңнен 24 пайыз көп. Импортталған 27 млн тонна шоколадтың 70 пайызын Ресей жеткізді.
Шоколад өнімінің экспорты
(қаңтар – сәуір)
8,8 мың тонна (40%↗)
$50,8 млн
Шоколад өнімінің импорты:
(қаңтар – сәуір)
27,3 млн тонна
$168,3 млн (24%↗)
Елде жетінші шілдеге дейін республикалық Bereke Fest акциясы өтеді. Іс-шара Елорда күніне және жаңа Конституцияның күшіне енуіне орай ұйымдастырылған. Азаматтар ірі сауда желілерінен азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарларды арнайы бағада сатып ала алады. Оның ішінде кондитерлік өнімдер де бар.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #қазақстан шоколады #шетелдіктер #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz