Қазақстандықтар депозитке дән риза.
Тіпті бұған дейін жиған-тергеніне пәтер алып, онысын жалға беріп қойып, жатып ақша табатын жұрттың біразы енді пәтерін сатып, осы депозитке көше бастады. Өйткені депозиттің өсімі тәуір.
Статистикаға сүйенсек, әсіресе теңгелік депозиттердің үлесі басым. Ал банк сыйақысының көлемі базалық мөлшерлемеге байланысты жүреді.
Енді қазіргі ахуал қандай, алда қалай болады?
Банктер депозит пайызын азайта бастады. Бұған ең алдымен маусым айында базалық мөлшерлеменің төмендеуі себеп. Одан кейін әрбір қаржы құрылымының ішкі саясатына байланысты. Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры мәлім еткендей, кейбір ұйымдар бәсекелестерінің әрекетін бақылап, күтуді ұйғарған. Сандарды сөйлетейік. Мерзімсіз депозиттерді 4 банк қарап, соның үшеуі мөлшерлемені азайтты. Сондай-ақ толықтыру құқығы бар мерзімді депозиттер бойынша 2 ірі қаржы құрылымы кейбір критерийлерге байланысты аралас шешім қабылдаса, екінші деңгейлі 2 банк пайызды бір ауыздан түсірді. Ал толықтыру құқығы жоқ мерзімді депозиттерге қатысты бір ғана қаржы ұйымы түзету енгізіп отыр. Саладағы елеулі өзгерістер толықтыру құқығы жоқ жинақ депозиттерге қатысты болды. Әсіресе бір және екі жылға арналған салымдар бойынша мөлшерлеме қысқарды.
Депозиттің түрі Өзгерістер
Мерзімсіз депозиттер 1 банк 3 банк -
Толықтыру құқығы бар мерзімді депозит - 2 банк 2 банк
Толықтыру құқығы жоқ мерзімді депозит - - 1 банк
Толықтыру құқығы бар жинақ 1 банк 4 банк 2 банк
Толықтыру құқығы жоқ жинақ 1 банк 6 банк 2 банк
/ иконка депозит /
Банктер үшін супертабыс дәуірі бітті
Биыл алғашқы 4 айдың ішінде заңды тұлғалардың депозиттері 20,5 трлн теңге, ал жеке тұлғалардыкі 26,6 трлн теңге болды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агентігінің ресми мәліметі осындай. Былтырғы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіштер 0,7-ден 1,4 пайызға дейін ұлғайып отыр. Ал банктердің таза кірісі 796 млрд теңге. Яғни 12 пайызға азайды. Сарапшылардың айтуынша, қаржы құрылымдары үшін "майшелпек" дәуірі аяқталды. Оған бірнеше себеп бар. Ең алдымен жаңа Салық Кодексін айту керек. Сараланған корпоративті табыс салығы, кепілсіз несиеге мемлекет тарапынан қойылған шектеу сияқты өзгерістер банктердің табысын айтты.
Айбар Олжай, экономист:
- Банктерде 2 түрлі табыс болады: проценттік және кредиттік табыс. Сондай-ақ комиссиялық табыс. Комиссияны білесіздер, аударымдар, шот жүргізуге арналған. Сол проценттік табыстары төмендеген. Енді катастрофа жоқ бұл жерде. Банктер бәрібір табысты.
Теңгелік депозиттердің үлесі басым
Ұлттық валютаға негізделген депозиттерде 23 триллион теңгеден астам қаражат сақтаулы. Бұл барлық депозиттік базаның 79 пайызы. Яғни теңгелік жинақтарға деген сенім тұрақты болып тұр. Соның ішінде 3,3 трлн теңгесі мақсатты депозиттерге тиесілі. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі мен білім беру саласына арналған. Сонымен қатар биыл қарапайым шоттар үшін сыйақы есептеуге қойылған шектеу алынып тасталғаны белгілі. Осыған дейін қаржы құрылымдары картадағы ақшаны белсенді пайдаланғанымен тұтынушыларға ешқандай дивиденд төлемей келді. Соның нәтижесінде кейінгі бес жылда банктер 4 трлн теңге пайда тапқан еді. Сол шектеу жойылды. Енді жыл сайын 1 пайыз сыйақы төленуі мүмкін, бірақ міндеттелген жоқ. Қалғаны банктердің өзара бәсекесіне байланысты. Әр ұйым тұтынушы тарту үшін осы тетікті қолдана алады. Қазірдің өзінде кейбірі жалақы түсетін картадағы қалдық қаражатқа сыйақы қарастыра бастады.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
- Қазақстандағы инфляцияны ескеретін болсақ, яғни, бізде 2 таңбалы инфляция, 13-14%. Сол жағдайда 1 пайыз ғана ставка, ол төмендеу. Сондықтан бұл азаматтар үшін қандай да бір жақсы мотивация болады деп айта алмаймын, бірақ жоқтан бар. Бұл өзгеріске ұшырайтын нәрсе. Егер болашақта оның пайызы да әлемдік стандартқа сәйкес қылатын болса, 2,5%, 3-4%-ға дейін көтеруге болатын сияқты.
Депозит сыйақысы келесі айда тағы төмендеуі мүмкін. Сарапшылар осындай пікірде. Ал Ұлттық банк 24 шілдеде базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімін жариялайды. Ол бөлшек депозиттер нарығындағы пайыздық үстемақының алдағы динамикасын айқындайтыны белгілі.
Тегтер #бұл нарық #банк #депозит #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz