Ел экономикасы мұнайға тәуелді емес.
Қазақстан шикізаттық түсініктен өтіп, өсудің өзге орнықты моделін қалыптастырып жатыр. Мұндай қорытынды Reuters сайтында жарияланды. Талдау жасаған World Impact Media Organization ұйымы. Әлемдік экономика баяулап, нарықтар құбылып, инвестиция үшін бәсекелестік күшейгенде еліміз қия баспай, қисынын тауып отыр, дейді халықаралық шолушылар. Өйткені өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салалары және капитал ағынына басымдық берілген. Тұжырымды дәлелдеу үшін мынадай дәйек келтіреді. Былтыр елдің жалпы ішкі өнімі 6 жарым пайызға өсіп, биыл жарты жылда тағы 4 пайызға жуықтаған. Биыл шетелдік инвестиция 20 жарым млрд долларға жеткен. Сондай-ақ 19 млрд долларға greenfield инвестицияларын тартқан. Бұл Орталық Азиядағы құйылатын осындай қаржының шамамен 90 пайызына пара-пар. Ілгері жылжуға іргелі реформалар сеп, дейді сарапшылар. 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы, инвестициялық штаб жұмысы, ұлттық цифрлық инвестициялық платформаны іске қосу, сонымен бірге басым секторлардағы ірі жобаларға арналған инвестициялық келісімдер тетіктері бар. Сингапур, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясы сияқты елдермен халықаралық келісімдер нығайтылған. Қысқасы мемлекет қолайлы жағдай жасап, сыртқы инвесторлардың сенімінен шығуға ұмтылған.
Тегтер #Қазақстан #мұнай #экономика #экономиканы диверсификациялау #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz