Жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан Қазақстан экономикасы былтыр 6 жарым пайызға өсіп, жалпы ішкі өнім көлемі 300 миллиард доллардан асқан.
Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-ші пленарлық отырысында Мемлекет басшысы осылай деп мәлімдеді. Жиында Президент еліміз ұдайы орнықты даму бағдарын ұстанып келе жатқанын атап өтіп, экономиканы және саяси бағытты жаңа талаптарға дер кезінде бейімдеудің қажеттігін жеткізді. Инвестиция тарту көрсеткіші бойынша еліміз Орталық Азиядағы көшбасшылығын сақтауды көздейді. Мәселен, қазірдің өзінде тікелей шетелдік инвестицияның жиынтық көлемі 150 миллиард доллардан асып, аймаққа құйылған барлық қаржының шамамен 70 пайызын құрап отыр. Сондай-ақ жиында Қасым-Жомарт Тоқаев жаңартылған конституциялық нормалардың инвесторлар құқығын барынша жоғары деңгейде қорғайтынын, тиісінше, елде халықаралық бизнес үшін тартымды заманауи институционалдық орта қалыптасқанын да алға тартты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Инвестициялық штабтың қызметі шешімдерді жедел қабылдауға және инвесторларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. Институционалдық кепілдіктермен қатар, біз бизнеске ұзақ мерзімді әрі нақты ынталандыру тетіктерін ұсынып отырмыз. Бүгінде шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен көші-қон рәсімдерін жеңілдетуді көздейтін "Altyn visa" бағдарламасының артықшылықтарын пайдалана алады. Дегенмен біз мұнымен шектелмейміз. Алда әлі де ауқымды жұмыстар күтіп тұр.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #экономика #инвесторларPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz