RU
Толық нұсқаға өту

Ел экономикалық өсудің өзге жолына түсті

02.07.2026, 17:20 35

Ел экономикасы мұнайға тәуелді емес. Қазақстан шикізаттық түсініктен өтіп, өсудің өзге орнықты моделін қалыптастырып жатыр.

Мұндай қорытынды Reuters сайтында жарияланды. Талдау жасаған World Impact Media Organization ұйымы. Әлемдік экономика баяулап, нарықтар құбылып, инвестиция үшін бәсекелестік күшейгенде еліміз қия баспай, қисынын тауып отыр,-дейді халықаралық шолушылар. Өйткені өнеркәсіп, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету салалары және капитал ағынына басымдық берілген.

Мұнай мен газ – жер асты ен байлығымыз. Бірақ, батпан құйрық емес. Сарқылмайтындай самарқау қарап, сан соғып қала жаздадық. Себебі тек сатумен шектеліп, өнімді сыртқа өткіздік. Ал оны өңдей білген ел тауар ретінде өзімізге қайта тасымалдады. Кім ұтты, кім ұтылды? 4 жыл бұрын Президент мұны төтесінен қойған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз.  Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар. Атап айтсақ, бұл – макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономиканы әртараптандыру және цифрландыру. Сондай-ақ шағын және орта бизнес пен адам капиталын дамыту, заң үстемдігін орнықтыру. Сондықтан тың тәсілдер қажет екені сөзсіз.  

Шикізатсыз-ақ шекесі шылқып отырған елдер жетерлік. Себебі олар инвестиция тартуға икемделген. Инновацияға иек артып, тыңнан түрен салатын технологияны иеленуге епті. Қазақстан да қауқарсыз емес. Бірақ әуселесі – экономиканы әртараптандыруға тікелей байланысты. Сол үшін Қасым-Жомарт Тоқаев 2029 жылға қарай ұлттық экономика көлемін 2 еселеуді міндеттеді. Бұл ақшаға шақсақ 450 млрд доллар. Қазіргі беталыс қалай?

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Жалпы ішкі өнім ел тарихында алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Оның жан басына шаққандағы үлесі 15 мың доллардан асып, 2019 жылдан бері бір жарым есе артты. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің бірі.

Дамушы елдердің бағыт-бағдарын бағамдап отыратын халықаралық ұйымдар бар. Солардың бірі тәуелсіз медиа-талдау платформасы World Impact Media Organization. Қазақстан халықаралық деңгейде шикізаттық экономика ретінде ғана емес, біртіндеп өсудің неғұрлым орнықты моделін қалыптастырып жатыр депті. 

World Impact Media Organization:

- Қазақстан экономикасының бір ғана шикізат секторына тәуелділігі азайып келеді. Бұрын Қазақстан көбіне мұнай мен табиғи ресурстар арқылы бағаланса, бүгінде бұл көзқарас өзгеруде: инвестициялық жобалар, өңдеу өнеркәсібі, логистика, энергетикалық инфрақұрылым және заманауи сервистердің рөлі артып отыр.

Тұжырымды дәлелдеу үшін мынадай дәйек келтіреді. Былтыр елдің жалпы ішкі өнімі 6 жарым пайызға өсіп, биыл жарты жылда тағы 4 пайызға жуықтаған. Биыл шетелдік инвестиция 20 жарым млрд долларға жеткен. Сондай-ақ 19 млрд долларға greenfield инвестицияларын тартқан. Бұл – Орталық Азияға құйылатын нақ сол бағыттағы қаржының шамамен 90 пайызына пара-пар. Ілгері жылжуға іргелі реформалар сеп,-дейді сарапшылар.

Айбар Олжай, сарапшы:

- Экономиканың шикізаттық кезеңінен өңдеуші кезеңіне өттік. Енді осы бағыт бізде күшейетін болады. Экономиканың құрылымын алып қарасақ 4,5-5 пайыз өседі десек, соның ішінде мұнайға қарағанда өңдеу өнеркәсібінің белгілі бір дәрежедегі үлесі және логистиканың көбірек болады. Сарапшылар көзімен қарағанда Қазақстан белгілі бір диверсификацияны іске асыра алды.

Ернар Серік, экономист:

- Инвестиция – икемділер көретін игілік. Бізде де 2030 жылға дейінгі инвестициялық саясаттың жаңартылған тұжырымдамасы бар. Инвестициялық штаб жұмыс істейді. Шолуда Сингапур, Қатар, Қытай және Сауд Арабиясы сияқты елдермен халықаралық келісімдердің бекігені айтылады. Қысқасы мемлекет шетел инвесторларының сенімінен шығуға ұмтылып отыр.

Авторы: Нысаналы Ығыл

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz