Грузияда журналистер Қара теңіз аймағындағы ең ірі айлақ кешендерінің бірі – Батуми теңіз айлағы мен мұнай терминалының жұмысымен танысуға мүмкіндік алды.
Шараны «ҚазМұнайГаз» бен ҚазТрансОйл компаниялары ұйымдастырып, оған Грузиядағы Қазақстан елшілігі өкілдері қатысты. Кешен Орталық Азия мен Еуропа арасындағы жүк тасымалын реттейді.
Бұл жабық аумақ. Мұнда туристерге кіруге болмайды. Экскурcияға рұқсат жоқ. Мұнда крандар, Орталық Азия, Кавказ бен Еуропаның арасында күнделікті қатынайтын танкерлер мен мыңдаған тонна жүк бар. Батуми теңіз айлағы мен мұнай терминалы журналистер үшін алғаш рет есігін айқара ашты.
Ұлан Тілеуғали, "Батуми порты" ЖШС Бас директоры:
"2026 жылдың алғашқы бес айында порт 3,4 миллион тонна жүк тасымалдады, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 111 пайызға артық. Біз Орта дәліз бойында аммофос пен аммоний нитратының көлемін одан әрі арттыруды жоспарлап отырмыз. Тағы 4 паром бағыты іске қосылды. Олар Бургас-Батуми, Варна-Батуми және Констанца-Батуми бағыты".
Батуми теңіз айлағы мен мұнай терминалы - Қазақстанның стратегиялық басқаруындағы бірыңғай көлік-логистикалық кешен. Біріктірілген жүйе мұнай, газ және құрғақ жүктерді ауыстырып-тиеуді қамтиды. Орталық Азия, Каспий теңізі және Еуропа нарықтары арасында байланыс орнатады. Бұл бірыңғай жеткізу тізбектерін дамытуға мүмкіндік беріп, транзиттік бағыттардың тиімділігін арттырады.
Марлен Төлегенов, "Батуми мұнай терминалы" ЖШС Бас директоры:
"2026 жылдың қаңтар-мамыр айларында Батуми мұнай терминалы арқылы 619 мың тонна мұнай өнімдері тиелді. Батуми мұнай терминалы Қара теңіздегі ең ірі терминалдардың бірі. Сондай-ақ бұл Қара теңіздің Кавказ жағалауында сұйытылған газды танкерге тиеумен айналысатын жалғыз терминал болып келеді ".
Кешенді жаңарту аясында компания заманауи экологиялық технологиялар енгізіп, жыл соңына дейін өндіріс үдерісін автоматтандыруды жоспарлап отыр. Кәсіпорындарда 1200-ден астам маман жұмыс істейді. Айлақ жүйесін дамыту Батуми портты қаласының логистикалық әлеуетін нығайтып, транспорттық мүмкіндігін күшейтеді.
Ернат Қашқынов, Юлия Тужилкина, Шалва Сурамелашвили
Тегтер #Қазақстан #қара теңіз #Батуми #теңіз порты #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz