QazaqGaz "Aqyl Energy" жобасын іске асырып жатыр.
Жоспарға сай 1,3 млн-нан астам есептеу құрылғысы жасанды зердеге ауыстырылады. Қазір оңтүстік өңірлерде 3 мыңнан аса қондырғы орнатылды. Бұдан бөлек азаматтарға кеңес беру және өтініштерді өңдеу үшін ЖИ-агенті енгізілді. Газды тұтыну көрсеткішін болжап, ауытқуларды анықтауға да цифрлық құралдар көмектеседі.
Газ кен орындарына ЖИ енгізіледі
ҚазМұнайГаз да ABAI атты цифрлық модельді енгізіп жатыр. Жасанды интеллект негізіндегі жүйе геологиялық барлаудан бастап жерүсті инфрақұрылымын пайдалануға дейінгі өндіріс циклінің толық кезеңін қамтиды. Мамандар "виртуалды көшірме дәл инженерлік шешімдерді қабылдап, шығындарды оңтайландыруға, геологиялық барлау және ұңғымаларды жөндеу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді" дейді. Өндіріс кезіндегі технологиялық шығындарды да азайтуға болады. Қазір ұлттық компания қорының 87%-ын қамтитын 12 ірі кен орнына виртуалды көшірме жасалып жатыр. Бұл жұмыс 2028 жылдың соңына дейін аяқталады.
Жаңа газ кен орындары игеріледі
Қазір елде геологиялық барлау жобалары іске асып жатыр. Өйткені газдың ұзақ мерзімді ресурстық базасын қалыптастыру қажет. Мұны мемлекет басшысы тапсырды. Осылайша былтыр Атырау облысындағы «Қаратон Тұзасты» жобасы аясында шамамен 6 мың метр болатын ұңғыма бұрғыланды. Сондағы қос нысан сыналып, газ ағыны алынды. Биыл үшіншісін сынау жоспары бар. Сондай-ақ тереңдігі 6 мың метр болатын екінші ұңғыма бұрғыланады. Барлау жұмысы Маңғыстау, Қызылорда облыстарында да жүргізілді. Мемлекет 2030 жылға қарай тауарлы газ өндірісін екі есе арттырмақ. Яғни көрсеткіш 4,5 млрд текше метрге жетеді. Ал сұйытылған газ өндіру 1,5 млн тоннаға дейін артады. Бұл үшін аталған ауқымды инвестициялық жобалардың маңызы зор.
Қайырхан Тұтқышбаев, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Газдың өндірісі мен газдың сұранысы өсіп бара жатыр жыл сайын. Себебі бізде инвестициялық жобалар іске асырылуда. Газдандырылған өңірлер, тұрғындар саны да өсіп бара жатыр. Дегенмен, қазір энергетика министрлігі сәйкес аукциондарға және тікелей келіссөздер жүргізу үшін Қазақ газ компаниясы бойынша арнайы 30 кен орынды бөліп отырмыз. Барлау жұмыстары, тағы кен орындапы табылатын болса, бұл өндіру келісімшартына көшу құқығын беруде. Сол себепті, бұл дұрыс үрдіс.
Газ өңдеу зауыттарының құрылысы бақылауда
Расында елде газға деген сұраныс артып жатыр. Демек, өңдеу зауыттарының уақытында салынуы маңызды. Үкімет басшысы құрылыс барысын апта сайын бақылау керек дейді. Бұл жобалар ішкі нарық үшін тауарлы газ өндірісін арттырып, мұнай-газ химиясы саласын дамытудың драйвері болуға тиіс. Еске салайын, көпшілік Қашаған газ өңдеу зауытының игілігін биылғы жылдың соңына қарай көреді. Ал жылдық қуаты 2,5 млрд текше метр болатын нысан 2030 жылы пайдалануға беріледі. Қарашығанақтағы 5 млрд текше метрлік газ өңдеу зауыты да сол 30-ншы жылға жоспарланып отыр. Ал Жаңаөзендегі зауыттың құрылыс монтаждау жұмыстары биыл аяқталып, келесі жылы іске қосылады.
Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК Басқарма төрағасы:
- Қазір іргетастар мен монолитті қабырғаларды бетондау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасып жатыр. 9 бірлік резервуар құрылыс алаңына жеткізілді, қалған 4 данасы жолда. Ұзақ уақыт жасалатын жабдықтардың 48,3% дайын. Барлығы 259 позицияның 92-сі дайын, қалған 167-сі өндірісте. Жаңа газ өңдеу зауытын салуда модульдік құрылыс әдісі қолданылып жатқанын атап өткім келеді.
Газ біздің ғана емес, жаһандық энергетика саласының маңызды бөлігі. Осы орайда елде 2035 жылға дейінгі жаңа көмірсутек кен орындарын игеру жоспары бекітілді. Жалпы 30 жер қойнауы қамтылады. Қазірдің өзінде "QazaqGaz" ұлттық компаниясымен 9 келісім-шарт жасалған. Ал құзырлы министрлік тауарлы газ құны жыл соңына дейін сақталатынын мәлімдеді. Баға бірінші шілдеге дейін 33 пайызға өсті.
Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.
Тегтер #Қазақстан экономикасы #Таңдаулы #тау кен #жасанды интеллект жылы #24KZ #бұл нарықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz