Былтыр елге 20 млрд доллардан аса тікелей шетел инвестициясы тартылды. Бұл – 14 пайызға көп.
Мемлекет басшысы көрсеткіштің еселенетінін жеткізді. Өйткені Қазақстан жаңа инвестициялық кезеңге қадам басып жатыр. Капитал қандай салаларға бағытталуы керек? Жаһандық сарапшылар біздің әлеуетті қалай бағамдайды?
Экономика түрлі бағытта дамиды
Өңдеу өнеркәсібі, көлік-логистика және цифрлық инфрақұрылым. Шетелдік инвесторлар біздегі осы салаларға көбірек қаржы құюға бейіл. Мұны мемлекет басшысы айтты. Расында Қазақстан жаңа ивестициялық кезеңге аяқ басып жатыр. Үкімет осылайша экономиканы әртараптандырмақ. Яғни даму көзі мұнай ғана емес, өзге де салаларды ілгерілету керек. Мәселен, «жасыл сутегі» өндірісін арттырып, экспорттау жолға қойылды. Сондай-ақ кен орындарының цифрлық көшірмесі жасалып жатыр. Сирек металдардың жаһандық нарықтағы маңызы артқанын білеміз, оны да шикізат күйінде ғана емес, аккумулятор немесе чип өндірісіне дайындап шығару қажет дейді мамандар. Қазір елде IT және креативті экономика да жаңа деңгейге шығып үлгерді. Экономист Ернар Серік: «Елдің әлеуеті зор», - дейді. Біз – қазірдің өзінде Орталық Азияда жан басына шаққанда ЖІӨ-і ең жоғары елдердің біріміз. Бұған әлбетте мұнай мен шикізаттық ресурстардың ықпалы бар. Алайда кейінгі жылдары өңделген тауардың да үлесі артып жатыр.
Ернар Серік, экономист, сарапшы:
- Елде қарқынды дамып жатқан салалардың бірі – өңдеу өнеркәсібі. Инвестиция көлемі қазіргі шикізат өнеркәсібінен жоғары болып отыр. 5 айдың өзінде 1 трлн-нан астам, инвестиция салынған.
Елде инвестициялық жобалар үлесі артып жатыр
Жаһандық сарапшылар да Қазақстанның экономиканы әртараптандыру қадамына оң баға беріп отыр. Қазіргідей нарықтар құбылып, инвестиция үшін талас күшейген тұста біздің ел өсімді сақтап қалды. Мұнай мен табиғи ресурстар ғана емес, инвестициялық жобалар, өңдеу өнеркәсібі, логистика, энергетикалық инфрақұрылым және заманауи қызмет бағыттары өркен жайды. Ресей-Еуропа және Қытай-Еуропа бағыттарындағы сауда жолдарының өзгеруі елге тиімді мүмкіндік бергені рас. Үкімет Орта дәлізді дамытуға күш салып жатыр. Қазір ірі қоймалар, құрғақ порттар және өңдеу орталықтарын салуға басымдық беріледі. Бұл да сервистік экономиканы дамытуға ықпал етеді. Былтыр елдің ЖІӨ 6 жарым пайызға өскен, биылғы бес айда 3,7%-ға артты. Экономиканың барлық саласында нәтиже бар.
Ернар Серік, экономист, сарапшы
- Ауыл шаруашылығы саласына қазіргі таңда елімізге Қытай мен Америка сияқты ірі мемлекеттердің инвесторлары қызығушылық танытып, инвестиция салып жатыр. Олар Қазақстанда өндірілетін бидай мен көкөніс өнімдерін өңдеп, кейін дайын өнімді Орталық Азия, Ресей және Қытай нарығына шығаруды көздейді.
Ауылшаруашылық өнімдері терең өңделеді
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу расында қарқын алды. Нарықтағы кәсіпорындардың жалпы қуаты 510 мың тоннадан асады. Алдағы 4 жылда тағы алты ірі инвестициялық жоба іске қосылады. Оның жалпы қуаты 6 млн тонна. Қаржы министрі: «Жобалардың құны 4 млрд доллар болады», - дейді.
Былтыр тікелей шетелдік инвестиция көлемі 20 млрд долларға жетті. Сондай-ақ еліміз 19 млрд доллар көлемінде greenfield инвестицияларын тартқан. Яғни Орталық Азияда көш бастап тұрмыз. Көрсеткішті еселеу үшін осы агро өнеркәсіп, логистика, қайта өңдеу және цифрландыру үдерісін өркендете беру керек.
Тегтер #инвестициялық жобалар #экономика #Мемлекет басшысыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz