Несиені әлемнің барлық елінде белсенді пайдаланады, Қазақстан да бұл қатардан тыс емес. Көптеген адамдар үшін несие – баспана, автокөлік сатып алудың немесе басқа да ірі қаржылық мақсаттарды жүзеге асырудың мүмкіндігі. Алайда экономикалық тұрақсыздық пен несиелердің қымбаттауы жағдайында бүгінде қарыз қаражатын өте мұқият әрі саналы түрде пайдалану қажет, деп хабарлайды «24KZ».
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер, экономика ғылымдарының кандидаты Әйгерім Ілиясованың айтуынша, басты мәселе несиені алу немесе алмауда емес, оның қандай мақсатқа және қандай шарттармен рәсімделетініне байланысты.
«Несиелерді шартты түрде батыл алуға болатын «жақсы» және аулақ болған жөн, ал алған жағдайда мүмкіндігінше ертерек өтеу қажет «жаман» несиелерге бөлуге болады», – дейді Әйгерім Ілиясова.
Оның айтуынша, ең тәуекелі жоғары несиелер қатарына құны тез төмендейтін әрі тұрақты шығынды қажет ететін тауарларға алынатын несиелер, жоғары өмір сүру деңгейін көрсету үшін рәсімделетін қарыздар, бағалы қағаздарға несие есебінен инвестиция салу, шетел валютасында табысы жоқ адамдар үшін валюталық несиелер, сондай-ақ күмәнді ұйымдардан алынатын қарыздар жатады.
«Мысал ретінде автонесиені алайық. Несие өтеліп жатқан уақытта көлік әдетте өз құнын жоғалтады, сонымен қатар жанармайға, техникалық қызмет көрсетуге, сақтандыруға және жөндеуге тұрақты шығынды талап етеді. Сондықтан автокөлікті тек жеке пайдалану үшін несиеге сатып алу әрдайым экономикалық тұрғыдан тиімді бола бермейді», – деп түсіндіреді қаржыгер.
Сарапшы белгілі бір тұтыну деңгейін сақтау үшін алынатын несиелерді де үлкен мәселе деп санайды.
«Сән-салтанатты той, қымбат смартфон, әлеуметтік желіге әдемі сурет жариялау үшін ұйымдастырылған демалыс – мұндай шығындар көбіне жоғары пайыздық мөлшерлемесі бар кепілсіз тұтынушылық несиелер арқылы қаржыландырылады. Дәл осындай қарыздар көбіне жоғары борыштық жүктеменің негізгі себебіне айналады. Қоғам біртіндеп мәртебе үшін несиеге өмір сүру әдетінен арылып, ең алдымен өзінің нақты қаржылық мүмкіндіктеріне сүйенуі керек», – дейді Әйгерім Ілиясова.
Кейбір несиелер алғаш қарағанда тиімді мақсаттарға бағытталғандай көрінгенімен, шын мәнінде шығынды көбейтуі мүмкін. Мысалы, пәтерді сату алдында жөндеу жұмыстарын несие есебінен жүргізу өте мұқият есептеуді қажет етеді. Жөндеу жұмыстары жұмсалған қаражат көлеміндей пәтердің бағасын арттыра ма? Пәтердің өтімділігі кеткен шығынға сай өседі ме? Егер пәтердің жағдайы оны сатуға елеулі кедергі келтірсе, тек ең қажетті көлемде ғана жөндеу жасаған дұрыс, өйткені ауқымды шығындар, әсіресе несие пайызы ескерілгенде, көбіне өзін ақтамайды.
Оның пікірінше, инвестиция үшін несие пайдалану да тәуекелі жоғары.
«Бағалы қағаздарға инвестиция салу әрдайым тәуекелмен байланысты, әсіресе қысқа мерзімді кезеңде. Сондықтан инвестицияны тек өз жинағыңыздың есебінен жасау керек, несие қаражатының есебінен емес», – дейді сарапшы.
Сонымен қатар ол валюталық несиелерге де сақтықпен қарауға кеңес береді.
«Мұндай несиелер адам табысын дәл сол валютамен алатын жағдайда ғана орынды болуы мүмкін. Егер табыс теңгемен түссе, доллар бағамының өсуі борыштық жүктемені автоматты түрде арттырады», – деп түсіндіреді қаржыгер.
Сондай-ақ кез келген бөліп төлеу (рассрочка) пайызсыз болады деп ойлауға болмайды. Банктердің мобильді қосымшаларында бөліп төлеу ретінде көбіне тұтынушылық тауарлық несиелер ұсынылады. Оның үстіне пайыз қосыла ма, жоқ па, соны білу үшін тауардың әртүрлі төлем тәсілдеріндегі бағасын салыстыру жеткілікті: толық бірден төлеу кезінде және әртүрлі бөліп төлеу мерзімдерінде. Егер баға өссе, демек банк тауарлық несие үшін пайыз қосып отыр деген сөз.
Сарапшы сондай-ақ күмәнді көздерден – тексерілмеген интернет-сайттардан, көшедегі заңсыз несие беру орындарынан немесе лицензиясы жоқ кредиторлардан қарыз алмауға кеңес береді. Оның айтуынша, несиені тек банктерден және қызметі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен лицензияланатын микроқаржы ұйымдарынан рәсімдеу қажет.
Ендеше қандай несиелерді «жақсы» несие деуге болады? Әйгерім Ілиясованың айтуынша, дұрыс есептелген жағдайда қаржылық тұрғыдан өзін ақтайтын несиелер де бар.
«Бірінші кезекте бұл – табыс әкелетін немесе отбасының тұрақты шығындарын азайтатын активтерді сатып алуға арналған несиелер, сондай-ақ мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар бойынша берілетін қарыздар. Мысалы, егер автокөлік жүк тасымалы, жеткізу қызметі немесе басқа да коммерциялық мақсатта табыс табуға пайдаланылса, автонесие тиімді болуы мүмкін», – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, дәл осындай тәсілді ипотекаға да қолдануға болады.
«Егер отбасы бюджетінің едәуір бөлігі ай сайын жалдамалы тұрғын үйге жұмсалса, өз пәтерін ипотека арқылы сатып алу әлдеқайда тиімді шешім болуы мүмкін. Әсіресе тұрғын үй нарықтық бағадан төмен бағамен сатып алынып, болашақта қымбаттау әлеуетіне ие болса. Сонымен қатар Отбасы банкінің бағдарламаларын ерекше атап өткен жөн. Мысалы, 50% бастапқы жарнамен және үш жылдан астам жинақтау мерзімімен берілетін тұрғын үй заемының мөлшерлемесі жылдық небәрі 5%-ды құрайды», – дейді Әйгерім Ілиясова.
Сөз соңында сарапшы кез келген несие тек салқынқанды есептің нәтижесі болуы тиіс екенін атап өтті.
«Кез келген несие – ұзақ мерзімді қаржылық міндеттеме. Сондықтан оны рәсімдемес бұрын тек қазіргі табысты ғана емес, болашақтағы қаржылық тұрақтылықты да бағалау маңызды. Қалай болғанда да, адам тұрақты табысы бар екеніне және төлемдерді уақытылы өтей алатынына сенімді болуы керек,» – деп түйіндеді қаржыгер.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #Қазақстан #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz