RU
Толық нұсқаға өту

Шаруаларға несие алу жеңілдейді

10.07.2026, 08:10 37

Шаруалар үшін несие алу жеңілдейді. Енді мемлекеттік бағдарламалардың игілігін тек ірі қара мен ұсақ мал қожалықтары ғана емес марал шаруашылығы да көреді. 

Шаруаларға несие алу жеңілдейді. Мал шаруашылығын дамытуға арналған кешенді жоспар аясында бірқатар өзгеріс енгізілді. Үкімет қаулысына сәйкес, "Игілік", "Береке" және "Жайлау" бағдарламаларына Аграрлық несие коорпорациясы ғана емес, енді жергілікті әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациялары да тартылып отыр. Сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдайтын институт тарапынан кепілдендіру көлемі ұлғаяды. Яғни шаруаның мүлкі жетпесе, 50 пайыздан 85 пайызға дейін кепілдік беріледі. Бұл қолдағы бірді екі етіп, екіні еселеуді көздеген фермерлер үшін тиімді.

Қайрат Көшенов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:

- Шамамен бір аптаның төңірегінде әлеуметтік-кәсіпкерлік коорпорациялар да қосылады және кепілдендіру пайызы ұлғайтылады 85 пайызға дейін. Әрине, әрбір шаруашылықтың жеке жағдайына байланысты. Ол міндетті түрде 85 пайыз берілетін деген сөз емес. Әр шаруашылыққа жеке қаралады.

Марал өсірушілерге қолдау көрсетіледі

Бұған қоса, мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар ірі қара және ұсақ малмен шектелмей, мал шаруашылығының барлық саласын қамтиды. Соның ішінде марал өсірушілер де игілігін көре алады. Мұндай агроқұрылымдардың көбі елдің шығысында орналасқан. Алтай өңірінде 20-ға жуық шаруашылық бар. Онда 6 жарым мыңнан астам марал өсіріледі. Кәсіп иелері туристік және сауықтыру қызметтерін көрсетеді. Десе де субсидияның жоқтығы және инфрақұрылымның нашарлығы саланы дамытуға кедергі келтіруде. Мәселені шешу үшін шаруаларға айналым қаражатын толықтыруға төмен пайызбен несие беріледі. Сонымен қатар жануарды көбейтуге және шаруашылық нысандарын салуға қарыз қарастырылған.

Қайрат Көшенов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:

- Мұндай тәжірибе бұрын болған емес. Өздеріңіз білесіздер, марал шаруашылығымен ШҚО айналысады көбіне. Ол жақта ниетті шаруалар қазір бар. Өздерінің өтінімдерін білдіруде.

Кішігірім шаруашылығы болу керек. Оның жағдайы болу керек маралды сатып алғаннан кейін жұмыс жасай алатындай. Әрине, марал шаруашылығы ірі қара немесе қой шаруашылығы емес, ол жерде тәжірибе керек дегендей.

3 бағдарламаға ₸220 млрд бөлінді

Үш бірдей жеңілдетілген несие бағдарламасына биыл 220 млрд теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі осындай. "Игілік" пен "Береке" бағдарламалары кіші және орта агроқұрылымдарға арналған. Шаруалар бұл жоба арқылы асыл тұқымды мал сатып ала алады. Соның ішінде шетелдік түліктерге басымдық беріліп отыр. Ал "Жайлау" бағдарламасы ең алдымен шалғайдағы бос жатқан жайылымдарды игеруге бағытталған және ірі агроқұрылымдар ғана қатыса алады. Тағы бір тиімді тұсы - мал сатып алудан бөлек, құрылыс жұмыстарын жүргізуге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға, тіпті құдық қаздыруға да қаржы тарта алады. Мұндай ауқымды әрі бірыңғай несиелік бағдарлама алғаш рет енгізіліп отыр.

Шаруалар цифрлық жүйеге мән беріп жатыр

Шаруалар цифрлық жүйеге ерекше мән беріп отыр. Бүгінде 200-ден астам кәсіпорын «ақылды ферма» форматында жұмыс істеп тұр. Яғни шаруашылықтар озық технологияны пайдалану мен деректерді талдау негізінде басқарылады. Бұдан бөлек, тауар түрлері өндірушіден тұтынушыға жеткенге дейінгі аралық бақылайтын цифрлық жүйе енгізіліп жатыр.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz