RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанның мемлекеттік теңгерімінде 4,2 млрд тонна мұнай қоры бар

13.07.2026, 07:10 75

Мұнай-газ секторында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу үшін биыл 100 учаске аукционға шығарылады. Соның ішінде ең аз зерттелген шөгінді бассейндерге басымдық берілген.

Бұған қоса кен орындарындағы өндірісте отандық өнімдерді пайдалану үлесі артып отыр. Былтырдың өзінде жер қойнауын пайдаланушылар мен жергілікті тауар өндірушілер арасында ұзақмерзімді келісімшарттар көлемі 2 есе артты. 

Қазақстанның мемлекеттік теңгерімінде 4,2 млрд тонна мұнай қоры бар. Бұл қазіргі жылдық өндіріс қуатымен есептегенде 40 жылдан астам уақытқа жетеді. Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров осылай деді. Оның айтуынша, әлемдік тәжірибеде әр мемлекет көмексутек ресурстарымен кемінде дәл осы мерзімге дейін қамтылуы керек. Шикізат сарқылмас үшін геологиялық барлау жұмыстары жалғасып жатыр. 15 шөгінді бассейнде 76 млрд тонна шамасында мұнай болуы мүмкін. Қордың негізгі үлесі  Каспий маңы, Үстірт-Бозашы, Маңғышлақ және Оңтүстік Торғай аумақтарына тиесілі. Шөгінді бассейндердің басым бөлігі өте аз зерттелген. Елдің энергетикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігін арттырып, салаға ірі инвесторлар тарту үшін "Жер қойнауы және оны пайдалану туралы" заңнамаға өзгерістер де енгізілді.

Ерлан Акбаров, ҚР Энергетика вице-министрі:                       

- Каспий шөгінді бассейні - біздің үлкен перспективалы шөгінді бассейніміз. Маңғышлақ. Бозашы, Шу-Сарысу, Солтүстік Торғай бассейндерінде қазір өндіру жұмыстары жүріп жатыр. Біздің қазіргі бағыттарымыз осы аз зерттелген шөгінді бассейндерге шоғырланып отыр. Сондықтан жер қойнауын пайдалану құқығын жеңілдетіп, сол аз зерттелген шөгінді бассейндерге инвестор тартып, сонда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу - біздің басым бағыттарымыз.

Биыл 100 учаске аукционға шығарылады

Биыл мұнайдың болжамды қоры бар 100 учаске аукционға шығарылады. Соның жартысына жуығы осы айда беріледі. Инвесторлар онда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге тиіс. Энергетика министрлігінің мәліметіне қарағанда, елде жер қойнауын пайдаланатын 215 компания тіркелген. Олардың 67 пайызы Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында жұмыс істейді.

Ерлан Акбаров, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Қазір 40 аукцион бойынша 28 шілде күні өтеді. Ол аукционның барлығы осы геологиялық барлау жұмыстарына арналған. Қазақстан бойынша 175 келісімшарт бойынша барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 195 кен орнында өндіру жұмыстары жүріп жатыр. Көптеген кен орнымыз өндіру сатысының кейінгі сатысында.

Отандық компаниялар үлесі артты

Мұнай-газ секторы үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде отандық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Жаңа Заңда тиісті меже бекітілген. Жер қойнауын пайдаланушылар тауардың кемінде 40 пайызын, ал қызметтердің 80 пайызын жергілікті компаниялардан алуға міндетті. Осыған сәйкес, қолданыстағы 90-ға жуық келісімшартқа өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамыту - негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Былтырдың өзінде консорциумдер мен отандық өндірушілер арасында жасалған ұзақмерзімді шарттардың көлемі 21 млрд теңгеден 49 млрд теңгеге дейін артты. Тиісті міндеттемелерін орындамаған компаниялар үшін жауапкершілік күшейтіледі. Сонымен қатар сатып алу үрдісіне тоқсан сайын мониторинг, ал импортты алмастыру әлеуетіне талдау жүргізіледі.

Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушыларға бірқатар әлеуметтік міндет қойылған. Биыл алғашқы тоқсанда олар қазақстандық кадрларды даярлауға және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізуге 4 млрд теңгеге жуық қаражат бөлді. Ал өңірлердің әлеуметтік-экономикалық  дамуына 13 жарым млрд теңге жұмсады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz