Технология дәуірінде жаһандық нарықта сирек және стратегиялық маңызы бар металдарға сұраныс артты.
Биыл кейбірінің құны тіпті шарықтаған. Осы ретте еліміз сирек металды шикізат күйінде ғана емес, дайын өнім түрінде экспорттауды қолға алып жатыр. Әлемдік ірі өндірушілердің авиация, теңіз техникасы, электроника және электр көліктері өндірісінде қазақстандық өнім қолданылады.
Жоғары технологиялық өндіріс қарқын алды
Биыл ғарыш техникасы, электроника және ядролық технология саласы үшін аса маңызды металдардың құны шарықтады. Мәселен, Калифорнийдің келісі 13,5 трлн теңгеден асқан. Ал еліміздегі ең қымбат металл германий. 1 келісі 1 млн теңгеден асады. Құзырлы министрлік сирек металдар өндірісінің көлемі 179 млрд теңгеге жеткенін хабарлады. Яғни өңдеу өнеркәсібінің 0,56 пайызына тең. Енді жоғары технологиялық өндірістерді құруға ден қойылып жатыр. Отандық ассортимент жаңа өнімдермен толығуда. Мысалы биыл Павлодар өңірінде жылына 15 тонна галий шығаратын өндіріс іске қосылады. Мұны Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді. Кейін өнім Жапонияға тасымалданады. Бұдан бөлек жылына 2,4 мың тонна тазартылған сурьма өндірісі пайдалануға беріледі. Сирек металл ғана емес, Қазақстан минералдық шикізат базасы бай елдердің қатарында. Оларды барлауға Америка сияқты шетелдік компаниялар да ынта білдірген.
Марғұлан Байбатыров, ҚР ӨҚМ Геология комитеті төрағасының міндетін атқарушы:
- Қазақстан әлемдегі ірі минералдық шикізат базасына ие мемлекеттердің қатарына кіреді. 10 мың кен орнын қамтиды. Оның ішінде 109 қатты пайдалы кен орны бар. 359 көмірсутек кен орны бар. 3700-ден астам кең таралған пайдалы қазбалар бар. 4900-ден астам жерасты су көздері бар. Негізгі экспорттық өнімдер мұнай және мұнай өнімдері. Уран, мыс, темір кені, алтын, мырыш, алюминий және хром экспорттық өнімдер шығарылады.
Геологиялық барлауды жүйелеу керек
Республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры Николай Радостовец Қазақстанның сирек металдар саласына жаңа инвесторлар мен технологиялар қажет дейді. Әлемдік экономика үшін 34 ең маңызды металдың 19-ы Қазақстан аумағында кездеседі. Барлау жұмысын жетілдіру керек. Үкімет басшысы Олжас Бектенов 2028 жылға дейін бұл бағытқа мемлекет тарапынан 470 млн доллар инвестиция салынатынын айтты. Қауымдастық та елдегі жобаларды жүзеге асыруға ниетті компанияларға қолдау көрсетеді. Қазір геологиялық барлау жүргізуге 3 мыңнан астам лицензия берілді. Пайдалы қазбаларды өндіруге арналған келісім-шарттар саны да өсіп келеді.
Цитата
Николай Радостовец, республикалық тау-кен өндіруші және тау-кен металлургиялық кәсіпорындар қауымдастығының атқарушы директоры:
- Біз ешқашан Қазақстан аумағын толық көлемде зерттеген емеспіз. Қазір мемлекет геологиялық жұмыстарға қомақты қаржы бөлді. Инвесторлар да геология саласына ерекше көңіл бөлініп жатқанын көріп отыр. Халықаралық компаниялардың қызығушылығының артуына саладағы ашықтық пен жер қойнауын пайдалану шарттарының нақты болуы да ықпал етті.
Қазақстан Орталық Азиядағы сирек металға бай ел саналады. Министрлік "біздегі қор 28 млн тоннадан асады" дейді. Бүгінде геологиялық деректердің 97 пайызы цифрландырылды. "Бұл да елдің минералдық секторының ашықтығын және инвестиция тұрғысында тартымдылығын арттыруға сеп" дейді мамандар.
Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын.
Тегтер #бұл нарық #Қазақстан #сирек металдар #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz