Елде 150-ден астам өнімсіз делдал сауда тізбегінен шығарылды. Тауар тасымалдаушылар қызметіне бақылау күшейтілген. Өйткені бағаны негізсіз өсіргендер аз емес.
Оларға жаза да қатаңдатылды. Сонымен қатар базарларды жаңғырту жобалары аясында электронды төлем жүйелері талап етілді. Бұл заңсыз саудамен күресуге бағытталған.
Елде делдалдардың қызметіне бақылау күшейтілді. Әсіресе, азық-түлік саудасында. Алдымен тауар жеткізушілердің анықтамасына тоқталайық. Олардың екі түрі бар. Алғашқысы - өнімді қоймада сақтау және буып-түю қызметін атқаратын, тіпті бір өңірден басқа аймақтарға дейін тасымалдайтындар. Ал екіншісі - бір ғана өңірде, тіпті бір қаланың ішінде отырып, ешқандай экономикалық үлес қоспай-ақ, тауар жеткізгені үшін үстемақы талап ететін өнімсіз делдалдар. Тиісті ведомстволар дәл осы өнімсіз делдалдарды сауда тізбегінен шығарып жатыр. Әуелі сауда комитеті тізімді электронды шот фактуралар арқылы талдайды. Негізсіз үстемақыға қатысты күмәнді жайттар анықталса, кәсіпкер тексеріледі. Сол кезде қосымша шығындарын көрсетуге тиіс. Егер дәлелдей алмаса, ол өнімсіз делдал саналады. Биыл алғашқы жартыжылдықта мұндай 150-ден астам кәсіпкер анықталып, сауда тізбегінен шығарылды.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Мұндай жағдай біздің тәжірибеде өте көп. Көп кәсіпкер бір тауардың бағасын негізсіз көтеру үшін осылай бір-біріне ұқсас екі ТОО немесе ИП болсын, солар арқылы бір-біріне сату процестерін жүргізеді. Мысалы, бір бизнесті отбасылы адамдар жүргізеді. Күйеуінің атындағы жеке кәсіпкерлік өзінің әйелінің атындағы жеке кәсіпкерлікке бағаны сатады да, осылай үстіне 15 немесе 20-30 пайызға дейін көтеріп жібереді. Яғни, ортада тауар түрі дүкенге барғанға дейін тағы бірнеше есе, тіпті 50-60 пайызға дейін көтеріліп кететін жағдайлар болады. Бұл заңсыз.
Базарда электронды төлем жүйесі болуы шарт
Үкімет басшысының тапсырмасына сәйкес, салалық министрліктер мен Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мамандары көтерме сауда базарларында тексеріс жұмысын жалғастырып жатыр. Азық-түлік бағасы қалыптасатын ең негізгі 63 нысан белгілі болды. Солардың көбі Алматы облысы мен Алматы қаласында орналасқан. Тиісті шаралар кезінде базарларды жаңғырту жобалары да қадағаланады. Әсіресе, электронды төлем жүйесіне ерекше мән беріліп отыр. Өйткені бұл жүйе заңсыз саудамен күресуге оң ықпал етеді, дейді мамандар. Ведомствоның дерегіне сүйенсек, көтерме сауда базарларында қолма-қол төлем үлесі басым. Соған сәйкес, кәсіпкерлер тауардың ілеспе құжаттарын да толтыра бермейді. Қаржы министрлігі 5 мыңнан астам бизнес субъектісінің кассалық аппаратсыз жұмыс істегенін анықтады. Тағы 300-ге жуығы өз табысын әдейі төмен көрсеткен. Қазір бұл сауда орындарында бақылау күшейтілді.
Бағаны негізсіз өсіргендерге жаза күшейтілді
Биыл елде әлеуметтік азық-түлік тізіміне жататын тауар түрлері 19-дан 31-ге дейін көбейгені белгілі. Бұлар үшін сауда үстемесі 15 пайыздан аспауға тиіс. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметіне қарағанда, заң талаптарын бұзғандарға жаза күшейтілді. Бұрын кәсіпкерлерге әуелі ескерту беріліп, кейін екінші рет қайталанған жағдайда ғана айыппұл салынатын. Енді олай емес. Олқылық анықталса, бизнес субъектісі бірден әкімшілік жауапқа тартылады.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Әлеуметтік азық-түлік дегеніміз, бұл - 31 тауар. Бұл кез-келген адамның күнделікті дастарханынан табылатын ең бірінші кезектегі тауар түрлері деп айтуға болады. Сондықтан халық үшін маңызды тауарларға сауда үстемесі міндетті түрде бақылауда болады да, қалған тауар түрлері нарықтық баға белгілеуге жатады. Яғни, кәсіпкер қазіргі нарықты өзі салмақтай отырып, саралай отырып, бәсекелестікті қарай отырып, қандай сауда үстемесін қояды, сондай сауда үстемесі болады.
Азық-түлік өндірісі 12%-ға артты
Биыл алғашқы тоқсанда ел бойынша 665 млрд теңгеге азық-түлік өндірілді. Бұл былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 12 пайызға көп. Ең жоғары өсім сары май, ірімшік, сүзбе және кондитерлік өнімдер өндірісінде байқалды. Одан кейін ет-сүт, макарон өнімдері мен сусындардың үлесі басым.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #азықтүлік #нарық #бағаPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz