RU
Толық нұсқаға өту

Қысқа дайындық: елімізде 9 млн тоннадан астам мал азығы жиналды

17.07.2026, 08:09 42

Шабындық басында жұмыс қызып тұр.

Елде 9 млн тоннадан астам мал азығы жиналған. Ал өсімдікті зерттейтін ғалымдар Кореямен бірлесіп, сапалы тұқымдық картоп өндіруге кірісті.

Шабындықта жұмыс қыза түсті 

Шіліңгір шілдемен бірге шаруалардың шабындық басындағы жұмысы қайнай түсті. Бәрі қыстың қамы үшін. Ауыл шаруашылығы министрлігі мал азығын дайындау жоспарын бекітті. Соған сәйкес 25 млн тонна пішен, 2,3 млн пішендеме, 2,8 млн тонна сүрлем, 4,8 млн сабан және 5,7 млн тонна құнарлы жем дайындау міндеті тұр. Бүгінге дейін бұл тізімдегі бастапқы үш түрлі өнімнің 9 млн тоннадан астамы жиналған. Биыл мал азығына арналған егістік алқаптарының жалпы көлемі 3,3 млн гектардан асты. Бұл былтырғымен салыстарғанда 243 мың гектарға кең. Саланы өніммен тұрақты қамтамасыз етуге құрама жем өндірісінің дамуы оң ықпал етіп келеді. Қазір біздің елде ірі кәсіпорындар мен шағын цехтарды қоса есептегенде құрама жем шығаратын 76 өндіріс орыны жұмыс істеп тұр.

               Мал азығы

Жоспар                                                                 Дайын

25,7 млн тонна                    пішен                     8,3 млн тонна

2,3 млн тонна                  пішендеме                 850 мың тонна

2,8 млн тонна                     сүрлем                   35 мың тонна

4,8 млн тонна                      сабан

5,7 млн тонна                        жем

Сапалы тұқымдық картоп өндіріледі 

Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның ғалымдары сапалы картоп тұқымдарын бірлесе өсіреді. Елде алғаш рет толық циклді жоба басталды. Оны Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен шетелдік компания жүзеге асырады. Мамандардың айтуынша, тәуелсіздік жылдарына дейін қазақстандық картоптың екі-ақ сұрпы болған. Ал қазір солардың қатары 60-қа жуықтады. Алайда өндірісте өте аз қолданылатын. Енді солардың қолданыс аясы кеңейтіледі. Атап айтқанда, вируссыз бастапқы материал өндіру, шағын түйнек өсіру, сапалы тұқымдық картоп өндірісін дамыту міндеті қойылған. Сұранысқа ие шетелдік картоп түрлерін де өзімізде көбейту ұмыт қалмайды. Шаруаларға жыл сайын кемінде 450 мың тонна тұқым қажет. Соның ішінде 20 мың тоннаға жуығы суперэлита және элита тұқымдары. Мұндай өнімдердің негізгі бөлігі Нидерланды мен Германиядан импортталып жүр. Сабақты ине сәтімен. Енді өнім өзімізде қолжетімді болады.

Теміржан Айтбаев, "Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты" ЖШС басқарма төрағасы:

- Суперэлита тұқымды элиталық тұқым шаруашылықтары сатып алады. Элиталық тұқымды І, ІІ репродукция өсіретін шаруашылықтар сатып алады. Одан кейін қатардағы шаруашылықтар сатып алады. Осы технологияны пайдалана отырып, біз отандық сұрыптарды, Ресейдің сұрыптарын, Оңтүстік Кореяның сұрыптарын, сонымен қатар Нидерланды мен Германияның үздік сорттарын көбейтетін боламыз. Өйткені бірқатар шаруашылық шетелдік тұқымдарды өсіруді қалайды. Сондықтан оларға да шектемей, тек қазақстандық сорттарды емес, шетелдік сорттарды көбейтетін боламыз.

Балық жемі импорты азаяды 

Сонымен қатар балық шаруашылығына арналған жоғары сұрыпты жем өндірісі қолға алынды. Сала басшыларының айтуынша, желбезектілерді өсірумен айналысатын қазақстандық кәсіпкерлер жыл сайын 72 мың тонна жемге сұраныс береді. Елде балық жемін шығаратын 5 кәсіпорын бар. Алайда жоғары сұрпын шығара алмайды. Сондықтан ондай өнімдер шетелден сатып алынып жүр. Енді жаңа инвестициялық бастама импортқа тәуелділіктен арылуға ықпал етуі керек. Жоба Ақмола облысында жүзеге асырылады. Құрылыс жұмыстары басталып кетті. Оған 6 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып отыр. Жаңа өндіріс орнында жыл сайын 25 млн тоннадан астам өнім шығаруға болады.

Серік Сермағамбетов, ҚР АШМ балық шаруашылығы комитетінің төрағасы:

- 2028 жылы толық қуатына шығу жоспарланған. Алдағы уақытта ол іске қосылған кезде 10 мың тонна, 15-20 мың тонна, сосын 25 мың тоннаға дейін жеткізіледі. Сосын әрі қарай оны кеңейтіп, оны 60 мың тоннаға дейін жеткізуге жоспарлары бар. 

Биыл шаруалар 2 есе көп лизинг алды 

Агроқұрылымдар биыл алғашқы жартыжылдықта 251 млрд теңгеге ауыл шаруашылығы техникаларын лизингке алды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда, екі есе көп. Ең жиі өтінім берген өңірлердің көшін Ақмола, Қостанай және СҚО бастап тұр.

Экономикамыз қуатты, күндеріңіз шуақты болсын!

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz