RU
Толық нұсқаға өту

Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб іске қосылды

23.07.2026, 08:23 61

Ақтау теңіз портында контейнерлік хаб іске кірісті.

Бұл Каспий теңізі аумағындағы ең ірі мамандандырылған контейнерлік терминал. Таяуда халықаралық кешенге алғашқы контейнерлік пойыз келіп, жүкті қабылдау, сұрыптау жұмыстары сәтті жүргізілді. 

Стратегиялық маңызы зор кешен Мемлекет басшысының Транскаспий халықаралық көлік дәлізі бағытының әлеуетін нығайту жөніндегі тапсырмасы бойынша бой көтерді. Жалпы көлемі 19 гектар. Он гектарына қойма алаңдары, кедендік рәсімдеу аймағы, әкімшілік-тұрмыстық нысандар мен 3 теміржол қысқа мерзімде салынды. Соның арқасында контейнерлік хаб бір жылдан аз уақытта толық жұмыс қуатына шықты.

Қайрат Қалиолла, "Ақтау халықаралық контейнерлік хабы" АҚ Бас директорының орынбасары:

- Бұл жоба Қазақстанның транзиттік әлеуеметін арттыру мақсатында салынды. Сонымен қатар Қазақстанның экспорттық жүктерін контейнермен тасуға мүмкіндік береді. Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің дамуына үлкен әсер етеді. Иранның солтүстік порттарына қарай жүретін жүктерді де тасымалдауға да мүмкіндік береді.

Ақтау халықаралық контейнерлік хабы жылына 240 мың контейнерді қабылдай алады. Жобаның бірінші кезеңінде теңіз портының контейнерлерді ауыстырып тиеу қуаттылығы жылына 140 мың жиырма футтық эквивалентке дейін ұлғайды. Сондай-ақ контейнерлік поездарды өңдеу уақыты біршама қысқарды. Терминалда 45 адам тұрақты жұмыс істейді. Екінші кезеңдегі құрылыс-монтаждауы аяқталған соң маман санын 180-ге жеткізу жоспарланып отыр.

Арман Жақыпов, "Ақтау халықаралық теңіз сауда порты" ҰК" АҚ атқарушы директоры:

- Өткен жылы Ақтау теңіз портында 70 мың ЖФЭ контейнер өңделді. Биылғы жұмыс көрсеткішін 90 мыңнан асыруды көздеп отырмыз. Терминалда әрқайсы 41 тоннаға дейін жүк көтеретін 2 жылжымалы кран бар. Олар рельс арқылы жүріп, контейнерді қоймаға бірнеше минутта жеткізеді. Яғни контейнерлік жүктерді қабылдау, өңдеу жылдамдығы біршама артты.

2027 жылы терминалдың 9 гектар жерін игеру жұмыстары басталады. Жоспарға сәйкес теміржол саны 9-ға дейін жетуі тиіс. Бұдан бөлек рефрижераторлық контейнерлер үшін арнайы алаңқай пайдалануға беріледі. Айта кетсек, Қазақстандағы жаңа контейнерлік хаб Қытайдың Ляньюньган порты мен "Қорғас - Шығыс қақпасы" құрғақ портын Ақтау теңіз айлағы арқылы Кавказ, Түркия және Еуропа бағытындағы бірыңғай көлік-логистикалық жүйенің маңызды құрамдас бөлігі саналады.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz