Қазақстанда мобильді төлемдердің жаңа банкаралық жүйесі іске қосылды. Ұлттық банк Бірыңғай QR арқылы төлем қабылдау, комиссияларды есептеу және кәсіпкерлерге әсері туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды «24KZ».
2026 жылғы 19 шілдеден бастап Қазақстанда мобильді төлемдердің жаңа банкаралық жүйесі жұмыс істей бастады. Жаңа жүйе арқылы кәсіпкерлер бір терминнің көмегімен кез келген банктің QR-төлемдерін қабылдай алады.
Жүйенің техникалық операторы – Ұлттық банктің еншілес ұйымы Ұлттық төлем корпорациясы.
Ұлттық банктің мәліметінше, басты мақсат – банктерге, кәсіпкерлерге және халыққа тең мүмкіндік беретін бірыңғай төлем инфрақұрылымын қалыптастыру.
«Жаңа жүйе кәсіпкерлердің төлем қабылдау мүмкіндігін кеңейтеді. Енді бизнес бірнеше банктің терминалын пайдаланбай-ақ, бір терминал арқылы әртүрлі банктің QR-төлемдерін қабылдай алады», – деп түсіндірді Ұлттық банк.
Бірыңғай QR арқылы төлем жасау сатып алушы үшін тегін
Ұлттық банк мәліметінше, сатып алушы үшін Бірыңғай QR арқылы төлем жасауға комиссия алынбайды.
Сонымен қатар заңнамада маңызды талап белгіленген: банкаралық төлем кезінде Бірыңғай QR арқылы алынатын комиссия көлемі басқа банктің картасымен жасалған төлем комиссиясынан жоғары болмауы тиіс.
Бұл талап кәсіпкерлердің шығынын арттырмауға бағытталған.
«Кәсіпкерлер Бірыңғай QR арқылы төлем қабылдағанда басқа банктің картасымен жасалған ұқсас операцияға қарағанда артық шығынға ұшырамайды», – деп атап өтті ведомство.
Комиссия қалай қалыптасады?
Егер сатып алушы мен сатушыға бір банк қызмет көрсетсе, тарифті сол банк өзі белгілейді.
Ал әртүрлі банктер арасында жасалған төлем кезінде комиссия мынадай тәртіппен бөлінеді:
• 1% – сатып алушының банкіне түсетін банкаралық комиссия (interchange);
• қалған бөлігі – кәсіпкерге төлем қабылдау қызметін көрсететін банкке тиесілі.
Ұлттық төлем корпорациясы жүйелік қызмет көрсеткені үшін Бірыңғай QR төлемдерінен 0,05% алады.
Ал телефон нөмірі арқылы жасалатын банкаралық аударымдар үшін комиссия алынбайды.
Ұлттық банк тарифтерді бақылауда ұстайды
Ұлттық банк банктердің инфрақұрылымды дамытуға, POS-терминалдарды орнатуға және қызмет көрсетуге шығын жұмсайтынын атап өтті.
Сондықтан банктер кәсіпкерлерге көрсетілетін қызметтер бойынша тарифтерді өздері қалыптастырады.
Сонымен бірге реттеуші жаңа жүйенің жұмысын және банктердің тариф саясатын бақылауда ұстайтынын мәлімдеді.
Бұған дейін Ұлттық банк халықаралық төлем жүйелерімен және банктермен бірлесіп, төлем карталары бойынша банкаралық комиссияларды екі жыл ішінде кезең-кезеңімен төмендеткен.
Нәтижесінде:
• жалпыға ортақ карталар бойынша комиссия 1,8–2%-дан 1%-ға дейін;
• премиум карталар бойынша 2,4%-дан 1,2%-ға дейін;
• суперпремиум карталар бойынша 2,45%-дан 1,4%-ға дейін азайтылды.
Жаңа жүйе төлем мүмкіндіктерін кеңейтеді
Ұлттық банктің айтуынша, Бірыңғай QR қолданыстағы төлем тәсілдерін алмастырмайды. Кәсіпкерлер қолма-қол ақша, банк картасы немесе банкішілік QR арқылы төлем қабылдауды жалғастыра алады.
Алдағы уақытта жүйе негізінде жаңа сервистерді іске қосу жоспарланып отыр. Олардың қатарында төлем жасау туралы сұрау жіберу, компаниялар мен мемлекеттік органдар арасындағы есеп айырысу және трансшекаралық операциялар бар.
Ұлттық банк мәліметінше, 17 шілдеден бері жаңа жүйе арқылы 1 миллионға жуық транзакция өңделген.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #Ұлттық банк #QRPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz