RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ҚР Ұлттық Банкі

Базалық мөлшерлеме төмендеді: бұл қазақстандықтарға қалай әсер етеді?

24.07.2026, 13:30 62

Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетті. Реттеуші шешімді инфляцияның біртіндеп баяулауымен және ақша-кредит шарттарын түзету қажеттілігімен түсіндірді. Бұл қадам экономикаға қалай әсер етеді және алдағы уақытта қандай өзгерістер болуы мүмкін? Qazaq Expert Club сарапшылары пікір білдірді, деп хабарлайды «24KZ».

Экономика ғылымдарының кандидаты, қаржыгер, Qazaq Expert Club сарапшысы Айгерім Ілиясованың айтуынша, Ұлттық банктің бұл шешімі базалық мөлшерлеменің біртіндеп төмендеуіне қатысты болжамдармен сәйкес келеді.

2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеме біртіндеп 16%-ға дейін төмендейді деген болжам болған еді. Ұлттық банктің мөлшерлемені 17%-дан 16,75%-ға дейін төмендетуі осы болжамды растап отыр. Сонымен қатар, 16–17% деңгейіндегі базалық мөлшерлеме экономиканың ұзақ мерзімді тепе-теңдік деңгейі емес, керісінше экономикалық өсімді тежеуі мүмкін дағдарысқа қарсы шара екенін түсіну маңызды», – деді сарапшы.

Оның сөзінше, инфляцияның баяулауы мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берген негізгі факторлардың бірі.

2026 жылы инфляцияның 10,3%-ға дейін баяулауы мөлшерлемені төмендетуге алғышарт жасады. Алайда инфляция әлі де 10%-дан жоғары болғандықтан, ақша-кредит саясатын жұмсарту әзірге өте сақ түрде жүргізіліп отыр. Сонымен бірге Қазақстандағы инфляцияға пайыздық мөлшерлемеге қатысы жоқ басқа да факторлар елеулі ықпал ететінін ескерген жөн, – деді Айгерім Ілиясова.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналинаның пікірінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі Ұлттық банктің ақша-кредит саясатын біртіндеп жұмсартуға мүмкіндік бар деп бағалайтынын көрсетеді.

Алайда мөлшерлеменің небәрі 25 базистік тармаққа төмендеуі реттеушінің әлі де жоғары инфляцияны, тарифтік тәуекелдерді және сақталып отырған баға қысымын ескеріп отырғанын білдіреді. Сондықтан бұл саясаттың күрт өзгеруі емес, ақша-кредит шарттарын біртіндеп жұмсарту, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, алдағы шешімдер жаңа экономикалық деректерге байланысты қабылданады. Ал қаржыгер Саида Тілеуленованың сөзінше, базалық мөлшерлеменің төмендеуі бизнес пен халық үшін несие ресурстарының құнын біртіндеп арзандатуы мүмкін.

Базалық мөлшерлеменің төмендеуі бизнес пен халық үшін несие ресурстарының құнын біртіндеп арзандатып, инвестициялық белсенділік пен экономикалық өсімді қолдауы мүмкін, – деді сарапшы.

Сонымен қатар ол ақша-кредит саясатының әлі де қатаң күйде екенін атап өтті.

Сондықтан әзірге саясатты жылдам жұмсарту кезеңі басталды деуге ерте. Ұлттық банктің келесі шешімдері негізінен инфляцияның серпініне, теңге бағамына және сыртқы экономикалық жағдайға байланысты болады, – деді Саида Тілеуленова.

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер және салық кеңесшісі Раушан Тасшоинованың айтуынша, инфляцияның соңғы айлардағы баяулауы Ұлттық банкке базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік берген.

Инфляция әлі де екі таңбалы деңгейде болғанымен, соңғы бірнеше ай бойы біртіндеп баяулап келеді. Ұлттық банкке ақша-кредит саясатын жұмсартуға алғашқы қадам жасап, базалық мөлшерлемені 16,75%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берген де осы жағдай болса керек, – деді сарапшы.

Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме әлі де инфляция деңгейінен жоғары болып отыр.

Бұл ақша-кредит шарттарының бұрынғысынша жеткілікті қатаң сақталып отырғанын білдіреді, – деді Раушан Тасшоинова.

Ұлттық банк бұған дейін инфляциялық тәуекелдер сақталып отырғанын атап өткен. Реттеушінің келесі шешімдері инфляция динамикасына, теңге бағамына және сыртқы экономикалық жағдайға байланысты қабылданады.

«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz