Көшеде сеңдей соғылысқан курьерлер азаяды. Астана мен Алматыда дрондар қызмет көрсете бастады. Бұл әзірге жоба. Дегенмен Астанада қазірдің өзінде 5 бірдей аумақта қызмет көрсету басталды.
Дрондар ұшып-қонып жүр. Енді жаппай қолданысқа енер болса, курьерлер жұмыссыз қалмай ма деген қауіп те жоқ емес.
Курьер мен пошта нарығының табысы ₸86 млрд
Былтыр курьер мен пошта қызметтеріне қазақстандықтар 86 млрд теңге жұмсаған. Алдыңғы жылдағыдан 0,4 пайызға аз. Дегенмен сауда саласының негізгі қозғалтқышы болып қала берді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сүйенсек, тауар тасымалына кеткен шығынның жартысынан көбі Алматы қаласына тиесілі. Мегаполис тұрғындары шамамен 51 млрд теңге жұмсаған. Одан кейін Астана тұр. Елордалықтар 11 млрд теңге төлеген. Ал ең аз шығындалған өңір – Ұлытау облысы. Бұл аймақта жеткізушілер бір жылда 170 млн теңге ғана табыс тапқан. Әрбір қазақстандық жыл сайын курьер мен пошта қызметіне шамамен 4 300 теңге жұмсайды.
Курьер мен пошта қызметі
2025 ж. ₸86 млрд (-0,4%)
Алматы ₸51 млрд
Астана ₸11 млрд
Ұлытау облысы ₸170 млн
Курьерлерді дрондар алмастыра бастады
Жеткізу қызметінде бәсеке жоғары. Әсіресе мегаполистерде. Әлемде кейбір компаниялар курьер ретінде дрондарды қолдана бастады. Астанада қаласында да бұл жоба пилоттық режимде енгізіліп жатыр. 5 аумаққа арнайы постаматтар орнатылған.
Сол жерден тұтынушылар кюар кодты сканерлеу арқылы сайттан сусын, тәтті тағамдар мен ойыншықтарға тапсырыс бере алады. Әрбір дрон 2 жарым келіге дейін тауар тасымалдайды. Әрқайсысының жүру бағыттары белгіленген. Сол арқылы дрондар автоматты түрде ұшып-қонады. Тапсырыс постоматқа жеткізілгеннен кейін тұтынушыға смс-код келеді. Соны енгізгеннен кейін ғана тауар беріледі. Бұл жобаны ең алдымен Алматыда жүзеге асыру көзделген. Содан кейін елордада іске қосылуы мүмкін.
Дастан Зайнолда, «Alatau Advance Air Group LTD.» компаниясының өкілі:
- Бірінші Алматы қаласында бастасақ, онда ол жақты көруіміз керек. Астанадағы қазіргі демонстрацияларымыз да оған мүмкіндік береді, жағдай жасайды. Қандай оң тұстары бар, кемшіліктері бар дегендей. Дегенмен Астананың климаттық жағдайы оңтүстік астанамыздан айырмашылығы бар. Сондықтан келесі бөлім ретінде Астана қаласын қарастырамыз.
Астанада мұндай 30-ға жуық дрон бар. Олар "Болашақ ойындары" аясында 10 күн бойы сынақтан өткізіледі. Бұл құрылғылардың тағы бір ерекшелігі, ұшу кезінде техникалық апат болса, қосымша қауіпсіздік тетіктері қарастырылған.
Дастан Зайнолда, «Alatau Advance Air Group LTD.» компаниясының өкілі:
- Пилот дронды басқара алады. Олардың пашюттері арнайы болады. Барлығы қауіпсіздік мақсатында жасалған.
Маркетплейстер курьер қызметін дамытты
Кейінгі жылдары курьер қызметінің дамуына маркетплейстер оң ықпал етті. Онлайн сауда саласында платформа иелері жеткізу жылдамдығымен бәсекеге түсіп жатыр. Бұл өз кезегінде курьерлердің көбеюіне жол ашты. Тұтынушылар көрші елдерден жиі тауар алдыртады. Ал жолдың қашықтығы делдалдардың да артуына әсер етеді. Ал делдал көп жерде баға өсетіні белгілі. Сауда және интеграция министрлігі бұл тұста өнімсіз делдалдармен күрес жүргізіп жатыр. Соның аясында халықаралық марткетплейс әзірлеуге кірісті. Жаңа платформа ттауар түрлерін Қытайдағы өндіріс ошақтарынан тікелей тасымалдауға мүмкіндік береді.
Тойгүл Жұбанисова, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің ресми өкілі:
- Көптеген ИП Қытайдан тауар алып келеді де, оны Қазақстанда сатады. Қазір платформа жасақталып жатыр. Қазақстандықтар Қытайдағы фабрикадан, фермадан алады, сол жерге тікелей тапсырыс беріп отырады. Яғни, ортадағы делдалдардың, мейлі ол өнімді делдал болса да саны азаяды.
Дайын тағам жеткізушілер көбейді
Былтыр елде дайын тағам жеткізетін 11 мыңнан астам кәсіпкер тіркелген. Бұл алдыңғы жылдағыдан 60 пайызға көп. Курьер қызметінің бөлшек саудадағы үлесі 17 пайызға жетті.
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Дрондар #курьер #пошта #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz