Жаз да бел ортасынан асты.
Көзді ашып жұмғанша қылышын сүйреп қыс та келеді. Біздің ел дайындығын мықтап жатыр.
Елде өндіріс орындарының біраз шығынын мемлекет өтеп жатыр. Индустрия және экспорт орталығының ақпаратына сүйенсек, биыл алғашқы жартыжылдықта бұл мақсатқа 145 млн теңге жұмсалған. Сонымен қатар энергетика және коммуналдық секторларда отандық өнім үлесі артты. Жылу маусымына дайындық жұмыстары кезінде әсіресе отандық тауарөндірушілерге басымдық беріледі.
ТКШ секторында отандық өнім үлесі артты
Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту кезінде отандық тауар өндірушілерге басымдық беріледі. Ұлттық жобада дәл осындай қағидат бекітілді. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, қазақстандық тауар өндірушілер тізілімі жасалған. Соған енген кәсіпорындар ғана мемлекеттік сатып алуға қатыса алады. Бұл тізілім нақты өндірістің бар-жоғын анықтауға және жалған өндірушілерді нарықтан шығарып тастауға мүмкіндік береді. Бүгінде тізілімге Ұлттық жобаның әлеуетті қатысушылары ретінде шамамен 500 тауарөндіруші енгізілген. Сонымен қатар сатып алу ережелері бекітіліп, электрондық платформада арнайы модуль әзірленді. Мердігер ұйымдардың барлығы тиісті процестерді осы платформа арқылы жүргізуге міндетті. Бұл өндірушілерге жобаның қажеттілігін алдын ала көріп, өндіріс көлемін жоспарлауға жол ашады. Бұған қоса платформада қазақстандық тауар өндірушілерге басымдық беретін конкурс тетігі бекітілген.
₸900 млрд көлемінде тауар түрлері алынады
Ұлттық жобаны жүзеге асыру үшін алдағы бір жылда жалпы құны 900 млрд теңгенің құрылыс материалдары мен жабдықтар қажет. Отандық тауарөндірушілер осының басым бөлігін қамтамасыз етеді. Әсіресе кабель-өткізгіш, құбыр, темірбетон бұйымдары және құбыр желілеріне арналған арматура бойынша тапсырыс қабылдайды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, Семейдегі жылу желілерін реконструкциялау барысында 98 млн теңгеге құбыр өнімдері, бекіту арматурасы мен темірбетон бұйымдары сатып алынған. Ал Екібастұздағы жылу магистралін жаңғырту жобасы негізінде 690 млн теңгеге құбыр, бұрмалар, шүмек және инертті материалдар жеткізілді. Мұндай келісімдер отандық өндірушілердің жұмысын жандандырып, елде кооперациялық байланысты дамытуға мүмкіндік береді, дейді мамандар.
Ержан Ертаев, ҚР ЭМ мемлекеттік энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің төрағасы:
- Алдағы жылыту маусымын тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің барлық өңірінде энергетикалық нысандарды күзгі-қысқы кезеңге дайындау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Биыл электр стансаларында 115 негізгі жабдықта, яғни 9 энергоблокта 55 қазақдық пен 51 турбинді күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 2 энергоблок, 13 қазандық пен 8 турбинді жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Жалпы электр стансаларындағы жөндеу науқанын іске асыруға 384 млрд теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 пайызға жоғары.
Кәсіпорындардың кейбір шығын түрлері өтеледі
Елде өндіріс орындарының кейбір шығын түрлері мемлекет тарапынан өтеледі. Атап айтқанда, технологиялық процестерді жетілдіру, жаңа өндірістік жабдықтарды сатып алу, мамандардың біліктілігін арттыру және цифрлық технология енгізуге қолдау бар. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының ақпаратына сүйенсек, биыл алғашқы жартыжылдықта бұл мақсатқа 145 млн теңге жұмсалған. Соның ішінде машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, сондай-ақ құрылыс материалдарын, пластмасса және резеңке бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар бағдарламаның игілігін көрді. Бұған қоса, халықаралық сертификаттау, өнімдерді зертханалық сынақтан өткізу және міндетті таңбалауға кететін шығындар да ішінара өтеледі.
Кәсіпорындар үшін жүк тасымалдау жеңілдеді
Былтыр өнеркәсіп саласын мемлекеттік қолдау шаралары кеңейтілгені белгілі. Соның нәтижесінде отандық өндірушілер ең маңызды тауарларды теміржол арқылы ел ішінде тасымалдауға кеткен шығынының тең жартысын өтей алады. Сонымен қатар халықаралық сертификаттау шығындарын қайтару көлемі бес есе ұлғайтылды.
Тегтер #Елімізде #өндіріс #шығын #24KZ #бұл нарықPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz