Қазақстан ІТ компанияларға барынша қолдау жасайды. Соның бір мысалы, экспорт үшін шығынның бір бөлігін өтеп береді. Яғни мұндай тауарлар тізіміне цифрлық өнімдер де енгізілді.
Киберқауіпсіздік те басты назарда. Банктер мен компаниялардың ресми қоңырауларын таңбалау жүйесі енгізіледі. Сосын осы салаға маман даярлау үшін білім гранттары бөлінді.
Елде алғаш рет мемлекеттік инфрақұрылым мен цифрлық жүйелерді қорғаудың бірыңғай құқықтық негізін қалыптастырған «Цифрлық кодекс» пен «Киберқауіпсіздік туралы» заңдар қабылданғаны белгілі. Соған сәйкес медициналық, қаржылық және коммерциялық құпияны қамтитын ақпараттық жүйелерге қол жеткізу кезінде міндетті биометриялық аутентификация талаптары енгізілді. Алаяқтықпен күресу мақсатында банктер мен компаниялардың ресми қоңырауларын таңбалау жүйесі пайда болады. Сондай-ақ жарнамалық хабарламалар мен автоматты қоңыраулардан бас тарту рәсімдері жеңілдетілді. Енді байланыс операторларының кез келген қосымша ақылы қызметтері абоненттің екі мәрте келісімімен ғана қосылады. Елде киберқауіпсіздік мамандарын даярлау үшін жоғары оқу орындарына гранттар бөлініп жатыр.
Үмітжан Арықбекова, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі ақпараттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары:
- Киберқауіпсіздік саласындағы мамандарды Қазақстанда 12 ЖОО дайындайды. Биыл 2 400-ге жуық грант бөлінді. Осы уақытқа дейін ол 3 мыңға жуық болды. Өйткені қазір біз ЖИ, цифрландыру саласына да гранттарды бөлеміз.
ІТ компаниялардың шығыны өтеледі
Қазақстанда өнім экспорттайтын тауарөндірушілердің шығыны мемлекет тарапынан ішінара өтеледі. Сауда және интеграция министрлігінің тиісті бұйрығы күшіне енді. Жаңа құжатқа сәйкес қолдау шаралары 5 мыңға жуық тауар түріне қатысты болып отыр. Солардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы өнімдеріне арналса, кейбірі цифрлық жүйелер мен қызметтерге тиесілі. Яғни ІТ компаниялар алғаш рет бөлек санат ретінде қарастырылған. Атап айтқанда, тізімде компьютерлік ойындар әзірлеу, ақпараттық жүйелерді жобалау, хостинг пен қосымшаларды орналастыру, веб-порталдар құрастыру және басқару қызметтері бар. Экспорттаушылардың жарнама, логистика, халықаралық сертификаттау және шетелдік нарықтарда өнімді ілгерілетуге жұмсайтын шығынының бір бөлігін мемлекет өтейтін болды. Ол үшін компаниялар өтінім беріп, өз өнімдері мен қызметтерінің бәсекеге қабілеттілігін растауы қажет.
ЖИ аквашаруашылықты басқарады
Жасанды интеллект аквашаруашылықтарды басқарады. Қазақстандық мамандар балық өсірушілерге арналған қосымша әзірледі. Бұл цифрлық платформа судың сапасы мен температурасынан бастап, балыққа берілетін жемнің мөлшеріне дейін тексеріп, кәсіпкерге ұсыныс тастап отырады. Қосымшаға балық шаруашылығына қатысты 1400-ден астам кітаптағы мәліметтер енгізілген. Соның негізінде жасанды интеллект сауалдарға нақты әрі тез жауап береді. Жоба авторларының айтуынша, елдегі аквашаруашылықтарда білікті мамандар жетіспейді. Сондықтан мұндай цифрлық жүйе балық өсірушілер үшін кәсіби көмекші.
Жасұлан Орынбаев, жоба авторы, ихтиолог:
- Қазір бұл қосымша тест режимінде жұмыс істеп тұр. Шамамен күздің аяғына таман толық қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Қосымшаны әзірге 5 кәсіпорында сынақтан өткізіп жатырмыз. Елде бұл жобаның баламасы жоқ. Жасанды интеллект балық өсірушілердің көмекшісіне айналатынына сенемін.
Жаңа ЖИ-агенттер пайда болады
Бүгінде 72 саланы қамтитын цифрлық трансформацияның 20 картасы бекітілді. Бұл бюрократиялық рәсімдерді айтарлықтай жеңілдетуге және кәсіпкерлердің шығынын қысқартуға мүмкіндік береді. Қазір тағы 50-ден астам ЖИ агенті қалыптастырылып жатыр.
Тегтер #киберқауіпсіздік #мамандық #грантPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz