Smart Data Finance аналитикалық платформасы іске қосылғаннан кейін көптеген қазақстандықтарды мына сұрақ мазалай бастады: енді салық органдары картаға жасалған әрбір аударымды шынымен көре ме? Қарапайым ақша аударымы тексеруге себеп бола ма?
Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер және салық кеңесшісі Раушан Тасшоинованың айтуынша, салықтық бақылау мүмкіндіктері шынымен де айтарлықтай кеңейді. Алайда кез келген аударым автоматты түрде табыс болып есептеледі және оған салық салынады деген кең таралған пікір шындыққа сәйкес келмейді.
Smart Data Finance – салықтық тәуекелдерді анықтауға және салықтық әкімшілендірудің тиімділігін арттыруға арналған Мемлекеттік кірістер комитетінің аналитикалық платформасы.
Платформа негізінде 74 дереккөзді біріктірген бірыңғай Big Data қоймасы жұмыс істейді. Ол 12 сервис арқылы мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің және басқа ұйымдардың 36 ақпараттық жүйесімен ықпалдастырылған.
«Жүйеде жылжымайтын мүлік, көлік құралдары, жер учаскелері, үлестік қатысу, бағалы қағаздар, валюталық бақылау аясындағы халықаралық мәмілелер, лицензиялар, жеңілдіктер, еңбек шарттары, нотариаттық әрекеттер, мобильді аударымдар және басқа да қаржылық-экономикалық операциялар туралы мәліметтер жинақталады. Осы деректердің негізінде әрбір жеке және заңды тұлғаға қатысты кешенді цифрлық досье қалыптастырылады, ол салықтық әкімшілендіру мен тәуекелдерді басқару мақсатында пайдаланылады», – деп түсіндіреді Раушан Тасшоинова.
Платформа Big Data, жасанды интеллект, машиналық оқыту және болжамды талдау технологияларын пайдаланады, сондай-ақ ай сайын шамамен 500 аналитикалық есепті нақты уақыт режиміне барынша жақын форматта қалыптастырады. Алайда, сарапшының айтуынша, жүйенің мүмкіндіктерін асыра бағаламаған жөн.
«Smart Data Finance өздігінен салық есептемейді және адамды жауапкершілікке тарту туралы шешім қабылдамайды. Оның міндеті – үлкен көлемдегі деректерді талдап, қосымша тексеруді қажет етуі мүмкін операцияларды анықтау», – дейді салық кеңесшісі.
Аударым қашан салық органдарының назарын аударуы мүмкін? Картаға түскен қаражат тауар немесе қызмет үшін төлем болуы мүмкін, бірақ ол қарызды қайтару, сыйлық, туыстардың көмегі, отбасы мүшелері арасындағы аударым немесе мүлікті сатудан түскен қаражат та болуы ықтимал. Сондықтан аударымның өзі адамның салық төлеуге жататын табыс алғанын білдірмейді.
«Мәселе тек ірі сомаларға ғана қатысты емес. Егер қаражат көптеген түрлі адамдардан тұрақты түрде түсіп отырса және операциялардың сипаты кәсіпкерлік қызметке ұқсаса, мұндай операциялар жекелеген аударымдардың көлеміне қарамастан салық органдарының назарын аударуы мүмкін», – дейді Раушан Тасшоинова.
Оның айтуынша, дәл осындай тәсіл өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға да қолданылады.
«Егер адам тұрақты түрде қызмет көрсетіп немесе тауар сатып, сол үшін төлем алып отырса, бірақ тиісті табысын декларацияламаса, мұндай операциялар да қосымша талдаудың нысаны болуы мүмкін», – дейді қаржыгер.
Тағы бір тәуекел факторы – ресми табыс пен шығындар арасындағы елеулі сәйкессіздік.
«Егер адамның ресми табысы болмаса немесе ол сатып алынған мүлік пен жұмсалған қаражат көлемінен едәуір төмен болса, заңнамада табысты жанама әдістер арқылы айқындау мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жағдайда банктік шоттар, мүлік туралы мәліметтер, ірі сатып алулар, мәмілелер және басқа да қолжетімді деректер талдануы мүмкін», – деп түсіндіреді сарапшы.
Сонымен қатар күнделікті өмірде жиі кездесетін көптеген жағдайлар автоматты түрде салық заңнамасын бұзу болып саналмайды.
Раушан Тасшоинованың айтуынша, бұған қарызды қайтару, ақшалай сыйлықтар, туыстардың көмегі, отбасы мүшелері арасындағы аударымдар, сондай-ақ жеке мүлікті сату жатады.
«Осы жағдайлардың барлығында ақшаның түсуі өздігінен салық төлеу міндетінің туындағанын білдірмейді. Алайда сұрақтар туындаған жағдайда қаражаттың қайдан келгенін дәлелдей алу маңызды», – дейді сарапшы.
Ол алдын ала қаражаттың шығу көзін растайтын құжаттарды сақтап жүруге кеңес береді.
«Бұл шарттар, қолхаттар, банктік үзінді көшірмелер, мүлікті сату туралы құжаттар және қаражаттың шығу тегін растайтын кез келген басқа құжаттар болуы мүмкін. Оларды алдын ала сақтап қойған әлдеқайда оңай, бірнеше жылдан кейін қайта қалпына келтіруге тырысқаннан гөрі», – дейді салық кеңесшісі.
Салық органдарынан хабарлама алу да автоматты түрде салық немесе айыппұл есептелгенін білдірмейді.
«Ең алдымен, нақты қай операциялар сұрақ туғызғанын анықтап алу қажет. Одан кейін қажет болған жағдайда түсініктеме мен растайтын құжаттарды ұсыну керек. Хабарламаның өзі жауапкершілікке тарту туралы шешім емес, белгілі бір операциялардың мән-жайын түсіндіруге мүмкіндік беретін рәсім», – деп қорытындылады Раушан Тасшоинова.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #экономика #ақша аударымы #салық #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz