RU
Толық нұсқаға өту
Фото: rsk.almaty.kz

Алматыда 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болады

30.07.2026, 17:35 40

Жақын арада Алматыдағы екі мыңға жуық отбасы жалға берілетін тұрғын үйге қол жеткізеді. Сонымен қатар төрт мыңға жуық жас маман «Алматы жастары» бағдарламасына қатысуға мақұлдау алды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Отбасы банк» АҚ Алматы қалалық бөлімшесі директорының орынбасары Кәмшат Оңалбаева мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Оның айтуынша, «Отбасы банк» тұрғын үйді бөлу жүйесін жаңартып, пәтерлерді автоматты түрде бөлетін «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесін іске қосты. Енді баспана кезекке қойылған күн мен азаматтың басымдық санатына қарай беріледі.

Жаңа жүйенің басты мақсаты – тұрғын үйді бөлуді барынша ашық әрі әділ ету. Қазір пәтер адам факторына емес, кезекке қойылған күні мен азаматтың басымдық санатына қарай автоматты түрде бөлінеді, – деді Кәмшат Оңалбаева.

Өткен жылдың қазан айынан биылғы маусымға дейін банк республика бойынша 22 856 пәтер бөлген. Алматыда әкімдік банкке сегіз тұрғын үй кешенінен 816 пәтер тапсырды. Бүгінде 516 азаматпен жалдау шарты жасалған, қалғандары құжаттарын рәсімдеп жатыр.

Жаңа баспана алғандардың қатарында жетім балалар, мүгедектігі бар азаматтар, көпбалалы және толық емес отбасылар бар. Сондай-ақ былтыр жеке санат ретінде енгізілген «жесірлер» санаты бойынша 64 азамат алғаш рет тұрғын үймен қамтылды.

Алдағы уақытта Алматы әкімдігі «Отбасы банкке» тағы 1 971 жалдамалы пәтер өткізеді. Оның 1 595-і әлеуметтік осал топтарға, 376-сы өзге кезекте тұрған азаматтарға беріледі.
Брифингте биыл 10 жылдығын атап өтіп жатқан «Алматы жастары» бағдарламасының нәтижелері де айтылды. Биыл бағдарламаға 5 363 адам өтініш беріп, 3 968 жас маман мақұлдау алды. Бағдарлама аясында несие көлемі 20 млн теңгеге дейін, бастапқы жарна 10 пайыз, жылдық мөлшерлеме 5 пайызды құрайды.

"Алматы жастары" бағдарламасы он жыл ішінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Бағдарламаның сұранысқа ие екенін көріп отырмыз. Сондықтан оның мүмкіндігін кеңейтіп, жастардың тұрғын үй мәселесін қолжетімді шартпен шешуге қолдау көрсетуді жалғастырамыз, – деді Кәмшат Оңалбаева.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz