RU
Толық нұсқаға өту
сурет: ЖИ арқылы жасалған

Сауда министрі отандық маркетплейстерді таңдауға кеңес берді

04.08.2026, 14:12 46

Қазақстандықтар сауда алаңдарын таңдаған кезде жеткізу сенімділігіне назар аударып, отандық маркетплейстерге басымдық бергені жөн. Бұл туралы Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев мәлімдеді, деп хабарлайды 24KZ.

Министр бұл пікірін Wildberries компаниясының айналасындағы жағдайға байланысты айтты. Бұған дейін шілде айынан бастап Ресей аумағындағы маркетплейс қоймаларына дрондардың шабуыл жасағаны туралы ақпарат тараған болатын.

Біз айтып жүрген экономикалық патриотизм бар. Бүгінде елімізде отандық маркетплейстердің үлесі өте жоғары. Сондықтан, әрине, өзіміздегі сауда алаңдары арқылы тапсырыс беруге тырысу керек. Әрі сізге тауарды нақты жеткізіп бере алатын платформаларды таңдаған жөн. Ең бастысы — осы. Менің қарапайым кеңесім: өзіңіз сенім білдіретін маркетплейстерді таңдаңыз және жалпы жағдайды бақылап отырыңыз. Біз бәріміз сауатты әрі ақпараттандырылған тұтынушылармыз, — деді министр Үкіметтегі брифингте.

Шаққалиев қазақстандық маркетплейстер арқылы тауар сатып алған кезде азаматтардың тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңнамамен көбірек қорғалатынын атап өтті.

Сондай-ақ ол кәсіпкерлерге ықтимал тәуекелдерді ескеріп, тауарларын өткізу үшін отандық сауда алаңдарын қарастыруға кеңес берді.

Бүгінгі жағдай сауда саласында ең маңызды нәрселердің бірі — кепілдік пен сенім екенін көрсетті. Қазіргі сауда бағыттарын, қалыптасқан жағдайды және тауарды жеткізу мен сақтау кезінде туындауы мүмкін тәуекелдерді ескере отырып, шығынға қарай ең тиімді бағыттар мен ең қолайлы маркетплейстерді таңдаған дұрыс. Сондықтан министрліктің негізгі ұстанымы — тәуекелдерге мұқият қарау, тауарды уақытылы әрі кепілді жеткізуді қамтамасыз ететін бағыттарды таңдау, — деп қорытындылады Арман Шаққалиев.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz