Еуразиялық экономикалық одақта электронды сауда қолжетімді бола түседі.
Қырғызстанда өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысында бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашып, серіктес елдердің нарығына шығатын кәсіпкерлердің өңірдегі жұмысын жеңілдететін келісімге қол қойылды. Қазақстан делегациясын премьер-министр Олжас Бектенов бастады. Сондай-ақ Шолпан-Ата қаласында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Кеңеске қатысушы елдер делегацияларының басшыларымен бірлескен кездесу өткізді.
Кейінгі 5 жылда қазақ-қырғыз тауар айналымы 2 есеге артып, 2,2 млрд долларға жетті. Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектенов Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровпен кездесу барысында хабарлады. Премьер-министрдің айтуынша, үкіметтер деңгейінде екіжақты сауда көлемін ұлғайту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіліп келеді. Ал Еуразиялық экономикалық одақ елдері ішіндегі тауар айналымы биыл 7,3%-ға ұлғайып, 102 млрд долларға жетуі мүмкін. Бұған электронды коммерция жүйесінің кеңеюі де ықпал етсе керек.
Жанель Күшікова, ҚР Сауда және интеграция вице-министрі:
- Еуразиялық экономикалық одақ аясында сауданы жүзеге асыру барысында тауарлардың қауіпсіздігі, сауда алаңдарының жауапкершілігі жан-жақты талқыланады. Сондай-ақ брокерлер мен дилерлер туралы келісімге қол қойылды. Бұл ортақ қаржы нарығын қалыптастыру бойынша әзірленетін келісімдердің бірі.
Олжас Бектенов Қазақстанда 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланғанын атап өтті. Мемлекет цифрлы экономика мен заманауи технологиялар саласында тәжірибе алмасуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға әрдайым ашық екенін айтты. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің делегация басшылары сондай-ақ тамақ өнімдерінің мүше мемлекеттерге қолжетімділігін қамтамасыз ететін тетіктерді жетілдіру мәселелерін талқылады. Айта кету керек, тамақ өнеркәсібі саласында Қазақстанның экспорттық әлеуеті артып келеді. Биылғы қаңтар–мамыр айларының қорытындысы бойынша мал және өсімдік тектес өнімдерді және дайын азық-түлік тауарларын жеткізу көлемі - 3,6 млрд доллар.
Назгүл Хатепова, ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Біз астықтың негізгі экспорттаушыларының біріміз, алғашқы ондыққа кіреміз. Өткен жылдың қорытындысы бойынша АӨК өнімінің экспорты $7 млрд болды, оның 51%-ы өңделген өнім, яғни ауыл шаруашылығындағы дайын өнімдер. Жалпы біз алдағы уақытта АӨК өнімдерінің сыртқы елдерге экспорты көлемін кеңейтіп, қайта өңдеуді дамытатын боламыз.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысында алты құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында Еуразиялық экономикалық одақта тауарлардың электронды саудасы туралы келісім бар. Оны жүзеге асыру электронды коммерцияны қарқынды дамытуға, бизнес үшін мүмкіндіктерді кеңейтуге және одақтас елдердің нарығына шығуда анағұрлым қолайлы жағдайлар қалыптастыруға ықпал етеді. Бұдан басқа, Одаққа мүше мемлекеттердегі ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану туралы келісім, сондай-ақ ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері бойынша бірқатар өкімдер қабылданды. Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы 1-2 қазанда Минск қаласында өтеді.
Мөлдір Жақан, Бақыт Чермашев
Тегтер #ЕАЭО елдері #электронды сауда #24KZ #ҚырғызстанPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz