Солтүстік Қазақстан облысында егін орағы басталды.
Биыл өңірде 4,4 млн гектар жерге дән себілді.
Қазір диқандар қауымы майлы дақылдарды жинауға кірісіп кетті. Күзгі дала жұмыстарына Үкіметтен арзандатылған бағамен 61,5 мың тонна дизелдік отын бөлінді. Егін шаруашылығын дамыту мәселесі "Ұлы дала астығы" семинар-кеңесінде талқыланып, маңызды науқанға болжам жасалды.
Биыл Солтүстік Қазақстан облысында 4,4 млн гектар егіс алқабы игерілді. Диқандар қауымы жаз бойы күтіп баптап өсірген егін ен далада жайқалып тұр. Биыл күзгі дала жұмыстарына 7 мың комбайн шығады.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Биыл өңірде 1 млн 260 мың гектар жерге майлы дақыл егілді. Бұл егін шаруашылығын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Қазір осы алқаптарға орақ салынды.
Солтүстік Қазақстан облысының егін шаруашылығын дамыту үшін Үкіметтен 207 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде "Кең дала-2" бағдарламасы бойынша жеңілдетілген қаржыландыруға өтінім қабылдау өткен жылдың қазан айынан басталды. Бұл шаруалардың маңызды науқанға ерте қамдануына мүмкіндік берді.
Біржан Шәймерденов, серіктестік директоры:
- Өте ыңғайлы бізге "Кең даламен" жұмыс істеген. 3,5 процент, мысалы, жылдық 3,5 процент. 6 айдан кейін құтыламыз. Сонда 1,75 процент қой. Процент жоқ деп те айтуға болады. Алдың, қайтардың бітті. Бүкіл жұмысыңды сол алған ақшаңмен істеп аласың көктемде. Өте ыңғайлы. Үкіметтің көмегі бізге жақсы болып тұр.
Биыл облыс бойынша егіс алқаптарына 350 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізілді. Оның 60 пайызы мемлекет есебінен субсидияланды. "Ендігі міндет - ырыс дәнін ысырап етпеу жинап алып, астық қоймаларында сақтау", - дейді мамандар.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары:
- Бізде республика бойынша 30 млн тонна көлеміне сақтау қоймалары бар. Оның жартысы диқаншылардың, ал жартысы бізде лицензиясы бар астық қоймалары жұмыс істеп жатыр. Биыл бізде ешқандай проблема болмайды сақтаумен.
Егін жинау науқанын ұйымдастыру мәселесі "Ұлы дала астығы" семинар-кеңесінде талқыланды. Синоптиктердің айтуынша, қазір топырақтағы ылғал қоры жеткілікті. Биыл өңірде жиналатын астықты 45 элеватор қабылдайды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов
Тегтер #Солтүстік Қазақстан облысы #егін орағы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz