Ауыл шаруашылығы саласына берілетін субсидия мен сақтандыру төлемдерін ғарыштан бақылаймыз. Бұдан бөлек егін егіп жүрген диқандар да енді мал бағатын болады. Бұл қалай? Сосын өндірістік кооперацияны қалай дамытамыз?
Ауыл шаруашылығы саласында субсидия мен сақтандыру төлемдерінің мақсатты жұмсалуы ғарыштан бақыланады. Тиісті министрлік пен Ұлттық статистика бюросы агросектордағы деректердің дәлдігін тексеру жұмысын күшейтті. Соған сәйкес, қаржылай қолдау шараларын қадағалау кезінде жерді қашықтан түсіру құралдарынан алынған мәліметтер қолданыла бастайды. Сонымен қатар ғарыштық мониторинг арқылы бақыланатын ауыл шаруашылығы дақылдарының тізбесі кеңейеді. Вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, нақты статистика мемлекеттік қолдау бағдарламаларын ашық әрі нәтижелі жүзеге асыруға ықпал етеді. Өйткені кейбір «пысықайлар» жалған мәліметтер арқылы қаражат жымқыруы мүмкін. Екі жыл бұрын жүргізілген арнайы тексеріске сәйкес, 2 млн бас ірі қара, 3 млннан астам ұсақ мал, 1,7 млн тонна картоп пен 300 мың тонна пияз статистикалық есептен шығарылған.
Екі ел өндірістік кооперацияны дамытады
Қазақстан мен Өзбекстан өндірістік кооперацияны дамытуға ниетті. Агроөнеркәсіп кешені, химия мен тоқыма өнеркәсібі, құрылыс, көлік және логистика салалары бойынша жұмыс топтарын құру көзделіп отыр. Олар серіктес табу және инвестициялық жобалар әзірлеумен айналысады. Мұндай бастама Ташкентте өткен екі елдің бизнес қауымдастықтары арасындағы іскерлік кеңесте талқыланды. Сонымен қатар кедендік рәсімдеу, техникалық реттеу, фитосанитариялық бақылау және трансшекаралық төлемдерге қатысты мәселелер сөз болды. Нәтижесінде тараптар 19 тауар түрі бойынша кейбір сауда кедергілерін алып тастауға келісті. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының мәліметіне сүйенсек, биыл алғашқы бес айда екі мемлекет арасындағы сауда көлемі 2,3 млрд АҚШ долларына жеткен. Бұл өткен жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 37 пайызға көп. Соның ішінде біздің елдің экспорты 39 пайызға өсті. Бүгінде Өзбекстан Қазақстанның Орталық Азиядағы ең ірі сауда серіктесіне айналды.
Диқандар да мал бағады
Елде диқандар да мал өсіреді. Бүгінде жер телімі 10 мың гектардан асатын және өндірістік әлеуеті жоғары бола тұра, мал шаруашылығымен айналыспайтын 329 агроқұрылым бар. Енді олар толыққанды өндірістік цикл қалыптастыруға тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігі осындай мақсат қойып отыр. Әрине, бұл егін шаруашылығы тұралап қалады деген сөз емес. Диқандарды қолдау шаралары жалғаса береді. Былтыр Қазақстанның агроөнімдер экспорты 7 млрд долларға жетті. Соның ішінде өңделген өнімдердің үлесі басым.
Назгүл Хатепова, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Еуразиялық Одақ шеңберінде дәнді-дақылдар, майлы дақылдар, ұн, макарон өнімдері сияқты негізгі азық-түлік тауарларын жеткізуші елдердің қатарына жатамыз. Одан бөлек, өткен жылдың қорытындысы бойынша азық-түлік тауарларының экспорты $7 млрд құрады, оның 51%-ы – қайта өңделген өнім, яғни, дайын өнімдер. Бұл жұмыстар жалғасады. Биыл да ауыл шаруашылығы өндірісін әртараптандыру нәтижесінде алдыңғы мақсат ретінде қайта өңделген тауарларды өндіру және экспорт мәселесін қойып отырмыз.
Мал сатып алуға ₸43 млрд жұмсалады
Өңірлерде шаруалардың 34 500 бас мал сатып алуы үшін 43 млрд теңге жұмсалады. Мұны Ауыл шаруашылыы министрлігі мәлімдеді. Қаражат саланы дамытуға арналған кешенді жоспар аясында қарастырылып отыр. Сонымен қатар шаруалардың айналым қаражатын толықтыруға арналған жеңілдетілген несие көлемі ұлғайды.
Тегтер #ауыл шаруашылығы #ғарыш #субсидия #сақтандыру төлемдері #егін #диқан #кооперацияPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz