RU
Толық нұсқаға өту

Отандық кәсіпорындарға басымдық беріледі

11.08.2026, 10:00 31

Елде ірі кәсіпорындардың айналасындағы шағын және орта бизнесті дамытуға басымдық беріліп отыр. Бұл бағытта бірқатар бағдарлама іске қосылды.

Атап айтқанда, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өндіріс қуатын арттыру және жаңғырту, сондай-ақ ауылдық жерлерде шағын жобаларды қолдауға арналған. Сондай-ақ мұнай-газ секторында тауарлар мен қызметтердің басым бөлігі отандық кәсіпорындарға тиесілі болады. 

Мұнай-газ секторы үшін тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде отандық кәсіпорындарға басымдық беріледі. Жаңа Заңда тиісті меже бекітілген. Жер қойнауын пайдаланушылар тауардың кемінде 40 пайызын, ал қызметтердің 80 пайызын жергілікті компаниялардан алуға міндетті. Осыған сәйкес, қолданыстағы 90 шақты келісімшартқа өзгеріс енгізілді. Сондай-ақ ұзақмерзімді ынтымақтастықты дамыту – негізгі бағыттардың бірі болып қала береді. Былтырдың өзінде консорциумдер мен отандық өндірушілер арасында жасалған ұзақмерзімді шарттардың көлемі 21 млрд теңгеден 49 млрд теңгеге дейін артты. Қазақстанда мұнай-газ саласына арналған бірегей жабдықтардың 10 түрлі өндірісі жүйелі жолға қойылған. Ал келер жылы әлемнің жетекші компанияларын тарта отырып, сұранысқа ие тағы 15 түрлі өнім өндіру жоспарланып отыр.

Ерлан Акбаров, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алу қағидаларына қосымша өзгерістер енгізілді. Олар отандық өндірушілер болған жағдайда сатып алуды тек қазақстандық тауарөндірушілер арасында өткізуді, мұндай жағдайда «бір көзден» сатып алуды қамтиды. Министрлік жер қойынауын пайдаланушылардың ішкі құндылықтар бойынша міндеттемелерін орындауда бақылауды жүйелі жалғастыруда, сондай-ақ сатып алуларға тоқсан сайын мониторинг жүргізіліп, импортты алмастыру әлеуеті талдау жұмыстарын тұрақты негізде жүргізуде.

 

2300-ге жуық жобаға қолдау көрсетілді

 

Осындай ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес желісін құрудың жаңа моделі қалыптасып келеді. Қаржылай қолдау тетіктерінің негізгісі – «Өрлеу» бағдарламасы. Бұл жұмыс істеп тұрған өндіріс орындарын кеңейтуге және жаңғыртуға, сондай-ақ экономиканың басым секторларында жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға бағытталған. Былтыр бағдарлама аясында 2300-ге жуық жобаны қолдау үшін кәсіпкерлерге 588 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие берілді. Жүзеге асырылған бастамалар саны жағынан мегаполистер мен Алматы облысы көш бастады. Ал биыл 23 млрд теңгеге тағы 131 жоба қаржыландырылды. Соның ішінде Ақтөбе облысының үлесі басым.

Ауылдағы шағын бизнесті дамыту тетігі

 

Сонымен қатар тек микро және шағын бизнесті қолдауға арналған «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы жұмыс істеп тұр. Осы арқылы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлік жобаларына қолдау көрсетіліп келеді. Соның ішінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу, қолөнер және аймақтық қосылған құн тізбегін құратын бағыттарға басымдық берілген. Негізгі бизнес тізбегін жергілікті әкімдіктер аумақтың ерекшелігіне қарай айқындайды. Ауылдық іскер жандарды қолдау механизмі несиені субсидиялаудан бастап, инженерлік желілер тарту, үй-жай мен жер телімін беру жұмыстарын қамтиды. Бағдарламаны жүзеге асыруға биыл 24 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат 5 мыңға жуық жаңа жобаны қолдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникаларын өндіру бағытында да отандық өнім үлесін арттыру міндеті тұр. Соның негізінде демеу-қаржы қарастырылған.

Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

- Бізде инвестициялық салымдар бойынша субсидия ережелеріне біз қосымша цифрлық паспортты енгіземіз. Оның ішінде диқандарға қазір қажетті техникалар да қарастырылады. Сол құралдарды сатса, инвестициялық субсидия да түседі.

 

Цифрлық технология енгізу шығыны өтеледі

 

Бұған қоса, мамандардың біліктілігін арттыру және цифрлық технология енгізуге қосымша қолдау бар. Қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметіне сүйенсек, биыл алғашқы жартыжылдықта бұл мақсатқа 145 млн теңге жұмсалған. Соның ішінде машина жасау, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, сондай-ақ құрылыс материалдарын, пластмасса және резеңке бұйымдарын өндіретін кәсіпорындар бағдарламаның игілігін көрді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz