RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ranking.kz

Қазақстанда әуе билеттері тағы қымбаттады

11.08.2026, 11:38 53

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, шілде айында Қазақстанда жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау қызметтерінің бағасы маусым айымен салыстырғанда 3,2%-ға өскен, деп хабарлайды 24KZ Ranking.kz-ке сілтеме жасап.

Әуе тасымалы құнының өсуіне бірнеше фактор әсер етіп отыр. Олардың қатарында әлемде және Қазақстанда демалыс маусымының қызған шағында авиаотын бағасының қымбаттауы, әуе компанияларының инженерлік-техникалық қызмет көрсетуге жұмсайтын шығындарының артуы және басқа да факторлар бар.

Қазақстанда жолаушыларды әуе көлігімен тасымалдау қызметтерінің бағасы шілде айында маусым айымен салыстырғанда 3,2%-ға өскен.

Бұл жыл басынан бергі алғашқы өсім емес. Ақпан айынан бастап тұтыну бағаларының айлық индексі 100%-дан жоғары болды. Яғни әуе тасымалы қызметтерінің құны ай сайын артып отырған.

Бағаның ең жоғары өсімі наурыз және сәуір айларында байқалды. Бұл кезеңде тұтыну бағаларының индексі тиісінше 106,6% және 105,4% болды. Көктемнің соңы мен жаздың басында да қымбаттау жалғасты, алайда өсім қарқыны біршама баяулаған.

Осының әсерінен Қазақстанда әуе тасымалы қызметтерінің жылдық бағасының өсуі де жеделдеді. Мәселен, биыл шілдеде тұтыну бағаларының индексі 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 110,8%-ға жетті. Ал маусым айында жылдық қымбаттау 8,8% болған.

Дегенмен бұл өткен жылдың соңы мен биылғы жылдың басындағы көрсеткіштерден төмен. Ол кезде әуе тасымалы қызметтерінің бағасы 130–139% аралығында өскен.

Бағаның қымбаттауына қарамастан, қазақстандықтардың әуе көлігіне деген сұранысы төмендеген жоқ. 2020–2024 жылдар аралығында әуе көлігімен тасымалданған жолаушылар саны 5,5 миллионнан 14,4 миллион адамға дейін өскен. Ал жолаушылар айналымы 8,5 миллиардтан 28,3 миллиард жолаушы-шақырымға дейін артқан.

Бұл өсім 2025 жылы және 2026 жылдың бірінші жартысында да жалғасты. 2026 жылғы қаңтар–маусым аралығында әуе көлігімен тасымалданған жолаушылар саны 2,6%-ға артып, 7,4 миллион адамға жетті. Ал жолаушылар айналымы 7,9%-ға өсіп, 15,3 миллиард жолаушы-шақырымды құрады.

Әуе көлігі кәсіпорындарының кірісіне қатысты көпжылдық көрсеткіштер саланың дағдарыстан кейін біртіндеп қалпына келгенін көрсетеді. 2021–2023 жылдардағы айтарлықтай өсім 2024 және 2025 жылдары біршама баяулаған. Осы кезеңде саланың ақшалай кірісі жыл сайын 14–16%-ға өскен.

2026 жылдың алғашқы жартысында өсім 15,9% болды. Бұл соңғы жылдардағы көрсеткіштерге жақын. Мамандар мұны әуе тасымалына деген сұраныстың тұрақты екенін көрсететін фактор ретінде бағалайды.

Әуе компаниялары кірісінің негізгі бөлігі, яғни 97,5%-ы, жүк емес, жолаушылар тасымалынан түскен. Сонымен қатар кірістің жартысынан астамы халықаралық рейстерге тиесілі.

Мәселен, былтыр жолаушылар тасымалынан түскен жалпы 959,9 млрд теңге кірістің 578,9 млрд теңгесі халықаралық рейстерден алынған. Бұл жалпы кірістің 60,3%-ын құрайды. Ал әуе компаниялары кірісінің шамамен 40%-ы ел ішіндегі рейстерге сатылған билеттерден түскен.

Сонымен бірге ішкі әуе тасымалдарында операциялық көрсеткіштер жоғары болған. Ел ішіндегі рейстердің саны халықаралық бағыттарға қарағанда үш есе көп, ал жолаушылар айналымы шетелдік бағыттардан 27,6%-ға жоғары.

Осы көрсеткіштер әуе тасымалы нарығында халықаралық бағыттар негізгі кіріс көздерінің бірі екенін көрсетеді. Ал халықаралық рейстерден түсетін жоғары кіріс ішкі бағыттардағы тасымалды ішінара субсидиялауға мүмкіндік береді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz