Жұмыссыздықтың алдын алудың бір жолы – жаңа технологияны меңгеру. Әрі-беріден соң үйден шықпай-ақ табыс табуға болады. Болашақта қашықтан жұмыс істейтіндердің қатары көбейе береді.
Қазақстан цифрлық еңбекті экспорттауға бейіл. Бұған мүмкіндік те жеткілікті. Дегенмен елде қашықтан жұмыс істеу дағдыға айналған жоқ. Бұл арада сұраныс қандай? Ұсыныс не дейді?
Қазақстан цифрлық еңбек пен цифрлық қызметтерді экспорттайды. Бұл әлеуетті дұрыс пайдалансақ, ұтарымыз көп.
Экономикалық зерттеулер институтының сарапшылары: «Өнеркәсіптік өндіріске қарағанда, цифрлық қызметтер экспорты көлік шығындарына, логистикаға, ішкі нарық көлеміне және басқа да географиялық факторларға тәуелді емес», - дейді. Бұл бағытты дамыту үшін елге қаржылық технологиялар, цифрлық мемлекеттік қызметтер, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібіне арналған сандық шешімдерге басымдық беру қажет. «Мұны өнеркәсіптік, инфрақұрылымдық және білім беру саясатын толықтыратын ұзақ мерзімді даму стратегиясы элементтерінің бірі ретінде қарастыру керек», - дейді сарапшылар.
Қазірдің өзінде қазақстандық мамандарға шетелдік компаниялар тарапынан сұраныс көп.
Мұхамед Бағдатұлы, hh.kz маркетинг және PR менеджері:
- Бірақ біз олардың барлығын қабылдай бермейміз, яғни біз тексереміз. Барлық құжаттарын тексереміз, өйткені қазіргі уақытта алаяқтықтың өршіп тұрған заманы, ол қай тараптан болсын біз барлық құжаттарды тексеріп, егер заңды болса, барлық құжаттары сай келіп жатса, сол кезде ғана біз осы вакансияны жариялауға шешім қабылдаймыз. Ал енді шетелдік азаматтар қазіргі уақытта үлкен қалаларда, Алматы, Астана қалаларына келіп жұмыс іздейді.
Ел ішінде қашықтан жұмыс істейтін азаматтардың үлесі 1%-дан төмен. Макроэкономикалық зерттеулер және болжау орталығының аға сарапшысы Рамазан Есенғазиев: «Бұған себеп көп» дейді. Елдегі жұмыспен қамтылғандардың 74%-ы сауда, білім беру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және қоймалау, құрылыс, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету салаларында еңбек етеді. Көбін қашықтан реттеу мүмкін емес.
Яғни маманның жұмыс орнында отырғаны талап етіледі. Әйтсе де қазір өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы біртіндеп автоматтандырылып жатыр. Адам күшін толық алмастырады деуге келмейді. Рамазан Есенғазиев: «Қашықтан жұмыс істеу ақпараттық технологиялар, қаржылық қызметтер, талдау сияқты салаларда жиі кездеседі», - дейді. Ал бұл бағыттар біздің елде енді-енді дамып жатыр, жұмыспен қамтудың жалпы құрылымында оның үлесі айтарлықтай аз. Руслан Тілеубаев, ҚР ЕХӘҚМ «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» АҚ Еңбек саласын зерттеу және болжау департаментінің директоры:
- Біздің мемлекетімізде 9,3 млн жұмыспен қамтылған халық. Оның ішінде 1,2 млн-ы бұл өнеркәсіп, 985 мыңнан астам халық ауыл шаруашылығы саласында, 1,6 млн азамат сауда саласында, 1,2 млн азамат білім беру саласында қызмет жасайды.
Мегаполистерде гибридті жұмыс форматы дамып жатыр
Ал Хедхандер платформасына жүгінетіндердің көбі гибридті форматтағы жұмыс іздейді. Арнайы сауалнама нәтижесі соған дәлел. Зерттеуге қатысқан 1 200-ден астам респонденттің басым бөлігі кеңседе жұмыс істейді. Соның жартысына жуығы уақытын кеңсе мен қашықтан жұмыс арасында үйлестіргісі келеді. Ал әрбір үшінші қатысушы толықтай қашықтан жұмыс істеуді қалайды.
Жұмыс берушілер де мүмкіндігінше гибридті форматты ұсынуға тырысады. Әйтсе де мамандықтың ерекшелігі мен еңбек өнімділігі ескеріледі. Қазір гибридті жұмыс форматы Алматы, Астана, Шымкент қалаларында еніп жатыр.
Мұхамед Бағдатұлы, hh.kz маркетинг және PR менеджері
- Ол маркетинг менеджмент саласы, СММ, мұғалім, IT мамандықтары, яғни өзіңіз қарап отырсаңыздар, бұл жерде қашықтықтан мүмкіндік бар мамандықтардың барлығы осы гиприттік форматты таңдайды екен. Ал қызмет көрсету саласы, жаңағы техникалық мамандықтар, вахталық қызмет жасайтын не болмаса қолөнер деген секілді басқа да, яғни адам физикалық тұрғыдан мүмкін емес мамандықтар, қашықтық форматын таңдай алмайды.
Халықаралық зерттеу қорытындыларына сүйенсек, қашықтан жұмыс істеудің еңбек өнімділігі мен жалақыға әсері айқын емес және көбінесе орындалатын жұмыстың сипатына, цифрландыру деңгейіне және жұмыс процесін ұйымдастыруға байланысты. Оның оң және сол тұсы бар. Сондықтан мамандар мүмкіндік болса, гибридті форматты дамытуға кеңес береді.
Тегтер #цифрлық еңбек #технология #жұмыс #ЖИPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz