Жұмсақ бидайды дәл қазір сатпаған жөн. Өйткені нарықтағы баға тиімсіз. Сол себепті құны біраз өскенін күту керек. Мұның орнына арпа, зығыр, соя сынды өзге дақылдарды кезең-кезеңімен сатқан жөн.
Өйткені бұл өнімдердің бағасы бәрібір әзірге өсе қоймайды. Сарапшылар осылай деп отыр. Ұлттық статистика бюросының дерегіне қарағанда, елде 6 жарым млн тонна дәнді және дәнді-бұршақты дақылдың қоры бар. Мұның басым бөлігі бидай.
Елде 5 млн 43 мың тонна бидай қоры бар. Ұлттық статистика бюросы тамыздағы көрсеткішті жариялады. Бидай дақылының өзі 11,4 млн гектар, яғни елдегі барлық егіс алқабының 47%-ын алып жатыр. Таяуда астықтың жаңа түсімі нарыққа шығады. Ғылыми зерттеу бюросының сарапшылары: Жұмсақ бидай саудасын тоқтата тұру керек», - дейді. Қазір импорттаушылар мен ішкі қайта өңдеушілер де әліптің артын бағып отыр. Өйткені баға астық пен майлы дақылдар элеваторларға түсе бастағанда ғана айқындалатынын түсінеді. «Әзірге динамика тұрақты, десе де бидай өндірушілерге ағымдағы бағамен сатуға асықпау керек. Нарық жағдайы оңынан қалыптасқанға дейін сауданы тоқтата тұру орынды», - дейді. Олар үшінші сұрыпты бидай келісінің орташа құны 117 тг болса, алдағы уақытта 145 теңгеге дейін өсуі мүмкін деп болжайды. Бағаға аймақ, сұрып, ылғалдылық, қоспа және жеткізу шарттары әсер етеді.
Астық қоры жеткілікті
Бүгінге дейін елде 1,6 млн тонна астық бастырылған, орташа өнімділік гектарына 19 центнер шамасында. Аймақтардағы жалпы астықтың 1 млн тоннасы бидай, 456 мың тоннасы арпа. Ауыл шаруашылығы министрлігі биылғы егіс алқабы 24,2 млн гектар болғанын айтады. Оның 15,6 млн-ы – дәнді дақылдар, майлы дақылдар – 5,2 млн, ал жем-шөп 3 млн гектар шамасында. Қордағы астықтың 5,5 млн тоннадан астамы азық-түлік ретінде өңделмек.
Егіс алқабының дені үш өңірге тиесілі
24 млн гектар егіс алқабының 65%-ы Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарына тиесілі. Яғни шамамен – 15 млн гектар. Бұл да Ұлттық статистика бюросының дерегі. Алқаптың жартысына жуығы бидай. Дәнді, бұршақты және майлы дақылдардың да үлесі жоғары. EconomyKZ порталының сарапшысы Лина Егельқызы егістік алқаптарының 62%-ын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, ал 38%-ын жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары игеріп отырғанын айтады. Жоғарыда мысал еткен өңірлерде ірі агробизнестер шоғырланған. Ал оңтүстік аймақтарда жеке шаруашылықтар белсенді.
Лина Егельқызы, Economykz порталының сарапшысы:
- Егістіктің шамамен 80%-ының ұйымдасқан кәсіпорындардың иелігінде болуы техниканы, қоймаларды, логистиканы және экспорттық инфрақұрылымды салыстырмалы түрде аз ғана ірі операторлардың төңірегінде біріктіруге мүмкіндік береді. Бірақ мұндай модельдің тәуекелі де жоғары. Егер Ақмола, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында бір мезгілде қуаңшылық болып, жанармай мен тыңайтқыш бағасы күрт өссе немесе логистика бұзылса, оның салдары елдегі астық өндірісінің едәуір бөлігіне әсер етеді.
АШМ: шаруалардан шағым түскен жоқ
Биылғы жаз аптап ыстығымен есте қалды. Бұл шаруаларды да тығырыққа тірегені рас. Дегенмен залал бойынша шағымданғандар болмаған.
Азат Сұлтанов, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:
- Заң бойынша олардың егін жинау жұмыстары кезінде өз далаларына шығып, осындай құрғақшылықтан зиян болса, біріншіден, осы зиянды тіркеу керек. Әкімшілік қызметкерін шақырып, олар арнайы актіні жасайды. Осы актіге сәйкес, ол әкімшілік мәлімет беріп, осы актіге байланысты қажетті қолдау қарастырылған болатын. Бұл – бірінші. Екінші, сақтандыру полюсі қолында болса, ол осы актімен сақтандыру компаниясына барып, шартқа сәйкес олар да төлемдерді жасайды.
Егін шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігіндегі ролі ерек. Бұл ретте Қазақстан солтүстіктегі үш облысқа тәуелді. Бұл үш облыста нағыз егіс науқаны енді басталады. Ал бұған дейінгі жиналған өнім күздік бидай. Сондықтан сабантой диқандар үшін әлі алда.
Тегтер #бидай #нарық #арпа #зығыр #соя #Ұлттық статистика бюросыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz