RU
Толық нұсқаға өту
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы агроөнімдер саудасы 511 млн долларға жетті

14.08.2026, 11:30 48

Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы агроөнеркәсіптік кешен (АӨК) өнімдерінің тауар айналымы 2025 жылдың қорытындысы бойынша 41,5%-ға өсіп, 511,3 млн АҚШ долларына жетті, деп хабарлайды 24KZ. 

Бұл туралы Алматыда өткен Еуразиялық экономикалық одақтың агроөнеркәсіптік саясат жөніндегі кеңесінің 7-отырысы аясында белгілі болды.

Отырыста ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті Төрағасының орынбасары – су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрі Эрлист Акунбековпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара сауда көлемін арттыру, өндірістік кооперацияны дамыту және бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады.

2025 жылы Қазақстаннан Қырғызстанға экспортталған ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемі 418,9 млн АҚШ долларын құрады. 2024 жылмен салыстырғанда дәнді дақылдар жеткізілімі 4 еседен астам, ал майлы дақылдар экспорты 1,5 есеге өскен.

Қазақстан дәнді және майлы дақылдарды қайта өңдеу өнімдерін, күнжара, күнбағыс майы, құс еті және сұранысқа ие басқа да тауарлардың экспортын ұлғайтуға дайын.

Өзара саудада тұрақты оң динамиканы көріп отырмыз. Оның көлемін одан әрі арттыруға, жеткізілетін өнім түрлерін кеңейтуге, сондай-ақ елдеріміз арасындағы кооперациялық байланыстарды нығайтуға мүдделіміз, – деді Айдарбек Сапаров.

Тараптар бұған дейін бейінді ведомстволар қол қойған 2026–2027 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы өнімдерін өзара жеткізуді ұлғайту жөніндегі Жол картасы аясындағы жұмысты жандандыруға келісті.

Құжат ауыл шаруашылығы өнімдерінің жеткізілетін түрлерін кеңейтуді және өзара сауда көлемін арттыруға бағытталған қосымша шараларды қабылдауды көздейді.

Ынтымақтастықтың маңызды бағыттарының бірі – ауыл шаруашылығы саласындағы өзара іс-қимыл жөніндегі Қазақстан-Қырғызстан жұмыс тобының қызметі.

Қырғызстан Қазақстанмен агроөнеркәсіптік кешен саласындағы ынтымақтастықты дамытуға үлкен мән береді. Біз өндірістік кооперацияны дамытуға да мүдделіміз. Қол жеткізілген уағдаластықтар мен бірлескен жобаларды іске асыру қолда бар әлеуетті толық пайдалануға және елдеріміз арасындағы өзара іс-қимылды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – деді Эрлист Акунбеков.

Кездесу соңында тараптар ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтып, екі ел арасындағы өзара тиімді байланыстарды кеңейтуге дайын екендерін мәлімдеді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz