RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда 5,3 мың жалдамалы пәтер жеке меншікке өтті

18.08.2026, 07:38 37

Биыл алғашқы алты айда баспана кезегінде тұрған жандарға 8700-ге жуық жалдамалы пәтер бөлінді.

Олардың басым бөлігі жекешелендірілген. Сонымен қатар ипотеканың бастапқы жарнасы мемлекет тарапынан өтеліп жатыр.

Елде баспана кезегіндегі азаматтарға жалдамалы пәтер немесе төмен пайызбен ипотекалық несие беріледі. Алдымен жалдамалы пәтерлерді үлестіру тәртібіне тоқталайын. Жаңа тұрғын үйдегі пәтерлердің 20%-ы жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға тиесілі. Одан кейін 50%-ы басымдыққа ие 7 әлеуметтік санаттағы азаматтарға беріледі. Ал қалғаны баспана кезегіндегі өзге отбасыларға табысталады. Жалдамалы пәтерді алу кезінде келісімшарт жасалады. Соған сәйкес, отбасылар баспанаға мұқтаж мәртебесі сақталып тұрғанға дейін сол пәтерге емін-еркін жайғаса алады. Жылжымайтын мүлікті пайдалану кезінде тұрғын үй заңнамасының талаптары мен жалдау шарттары сақталған жағдайда, азаматтарды тұрғын үйден шығарып жіберуге ешкімнің хақы жоқ. Жалдамалы пәтерді кейін жекешелендіріп алуға болады. Биыл жартыжылдықта 8700-ге жуық жалдамалы пәтер бөлінсе, солардың 5300-ден астамы жекенің иелігіне өткен.

Жалдамалы пәтерлерді үлестіру тәртібі

20% - ЖЕТІМДЕР

50% - 7 ӘЛЕУМЕТТІК САНАТ

30% - КЕЗЕКТЕГІ ӨЗГЕ ОТБАСЫЛАР

ЦИТАТА

Қанат Мыңбаев, ҚР ӨҚМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары

- Егер азаматтар жалдамалы тұрғынжайдан бөлек меншігіне үй алса, онда олар жалдамалы тұрғын үйді әкімшілікке қайтару керек. Жалға алушы азамат қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй отбасы мүшелеріне өтеді. Жекешелендіру кезінде азаматтар жалға берілген тұрғын үйді қалдық құны бойынша бірден немесе 15 жылға дейін бөліп төлеу арқылы сатып ала алады. Сондай-ақ тұрғын үй заңнамасында айқындалған кейбір азаматтар жалдамалы тұрғын үйді өтеусіз жекешелендіре алады.

Мемлекет ипотека жарнасын төлейді

Баспанамен қамтуға арналған екінші қолдау тетігі – жеңілдетілген ипотекалық қарыз. Мұндай несиелер ұлттық даму институты арқылы 2 және 5% мөлшерлемемен беріледі. Бағдарлама 8 әлеуметтік санатқа қатысты. Сондай-ақ ипотеканың бастапқы жарнасын өтеу үшін азаматтарға қайтарымсыз тұрғын үй сертификаты қарастырылған. Жарты жыл ішінде дәл осындай 2 мыңға жуық сертификат табысталды. Мұндай қолдауға ие болатын әлеуметтік санаттардың тізбесі мен қаражат көлемі жергілікті мәслихаттардың шешімімен айқындалады.

Қайталама нарықта ипотека мүмкіндігі кеңейді 

Бүгінде ел бойынша 980 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. "Отбасы" банкі ұлттық даму институты мәртебесін алғалы бері кезектегі 40 мың отбасы баспаналы болған. Биыл жалпы құны 130 млрд теңге болатын тағы 8800-ден астам пәтерді бөлу жоспарланып отыр. Салада цифрландыру жүйесі арқылы қызмет сапасы артқан. Бұрын әкімдіктер жылына 7 мыңға жуық пәтер бөліп, тиісті жұмыстармен 700 қызметкер айналысатын. Қазір қаржы құрылымында мұны 20 маман ғана атқарады, дейді банк төрағасы. Сонымен қатар бұрын қайталама нарықта 50 жыл бұрынғы үйлерге дейін ғана ипотека рәсімделсе, қазір бұл мерзім 60 жылға дейін ұзартылды.

АСТАНА

Ләззат Ибрагимова, «Отбасы банкі» АҚ Басқарма төрағасы:

- Салымшылардың арасында көп сұраныс болды. Алматы қаласында 70-жылдан бастап орталықта, Панфилов көшесінде, Назарбаев көшесінде көп үй бар деп, соларды қосымша қосыңдар деп, сондай сұрақтар болды. Біз ол пәтерлерді қарап, бүкіл нарықтың талдауын жасап, соған рұқсат бердік.

Бір айда 37 мың тұрғын үй мәмілесі жасалды

Өткен айда 37 мыңнан астам тұрғын үй мәмілесі жасалды. Бұл маусым айымен салыстырғанда 5%, ал былтырғы дәл осы кезеңмен салыстырғанда 6.5%-ға аз. Мұндай құжаттардың көбі Астана, Алматы қалалары мен Қарағанды облысында рәсімделген.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz