Қостанайда «Кондитерлік астана» технологиялық өндірістік кешені іске қосылды.
Әйгілі «Баян сұлу» фабрикасының жаңа цехы тәттілер өндірісін 25 процентке арттыруға мүмкіндік береді. Осының арқасында Қостанай еліміздің кондитерлік астанасына айналмақ. Жаңа өндіріс орынының ашылу салтанатына біздің тілшімізде қатысып қайтты.
«Баян Сұлу» кондитерлік фабрикасы жылына 52 мың тонна өнім шығарады. Соның 40 проценттен астамы әлемнің 14 еліне экспортталады. Өндірісті кеңейту қажеттілігі туындағандықтан «Кондитерлік астана» жобасы қолға алынып, бір жарым жылдың ішінде бүтін жаңа кешен бой көтерді. Бұл мемлекет басшысының агроөнеркәсіп өнімдерін терең өңдеуді дамыту тапсырмасына сәйкес жүзеге асып отыр.
Құмар Ақсақалов, облыс әкімі:
- Біздің облысымызда Президетіміздің тапсырмасын орындау үшін жүйелі түрде жұмыс атқарылып жатыр. Бүгінгі күні фабрикаларымен зауыттардың қайта өңдеу қуаттылығы 2 миллион тоннадан асып кетіп отыр. Тағы да 1 миллион тоннаға қосуға біз дайындалып жатырмыз.
Өндірістік кешенде бірінші кезеңде екі желі іске қосылады. Бұл жерде заманауи технология бойынша піспенаннның жаңа түрлері шығарылады.
Марат Қонысбай, өндірісті дамыту бойынша бөлім басшысы:
- Ассортимент біршама кеңейеді. Осы жаңа желі бойында ыстыққа төзгіш, тамшы түріндегі қоспа толтырғыштар салынған тәтті піспенанның кең түрі өндіріледі.
Осы кешеннің іске қосылуымен «Баян сұлудың» өнімділігі 16 мың тоннаға артып, жылына 68 мың тонна түрлі тәттілер шығаратын болады. Жақын болашақта 100 мың тоннаға жеткізу мақсаты тұр.
Тимур Садықов, «Баян сұлу» АҚ Басқарма төрағасы:
- Баян сұлу кондитерлік фабрикасы өндіріс қуаты жағынан бірінші орынға шығады. Сондықтан біз тек қана нан астанасы емес, автомобиль шығару астанасы емес, сонымен қосымша кондитерлік астана болатын болдық.
Өндірістік кешеннің іске қосылуымен қосымша 260 жұмыс орыны ашылды.
Мағауия Қалиев, Сергей Хаймин
Тегтер #Қостанай #кондитерлік өндіріс #Баян Сұлу #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz