Түркістандық шаруалар биылғы егінді шашау шығармай, жинап алды.
Гектарынан мол өнім түсіп, қамбаны толтырды. Биыл күн райы қолайлы, ылғал жеткілікті болды. Былтырмен салыстырғанда 200 мың тонна артық астық жиналды. Егістікке жаңа технология енгізген шаруалар еселеп өнім алды.
Егін жинау науқанын түлкібастық шаруалар түйіндеді. Шақпақ баба ауылындағы мына шаруашылық қазір соңғы егіс алқабына орақ салды. Шаруа биыл 13 гектарға бидай, 10 гектарға арпа еккен.
Нұрлан Қалдарбеков, шаруа:
- Бидай гектарына 30 центерден беріп жатыр. Ал арпа гектарына 20-25 центнерден беріп жатыр. Биыл жауын-шашын мен ылғал мол болды, соның арқасында өнімділік те жақсы болды.
Биыл Түлкібас ауданының шаруалары 22 мың 500 гектарға масақты дәнді дақылдар екті. Оның ішінде 14 мың гектардан астамы күздік, 1400 гектары жаздық бидай. Одан бөлек 6 мың 800 гектарға арпа септі. "Көктемде ауа райы қолайлы болды, қазір өнімділік жоғары",-дейді мамандар.
Абылай Төлепбергенов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің сектор меңгерушісі:
- Былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік екі есеге дейін жоғары. Бидай аудан бойынша орта есеппен 25 центнерден берді. Арпа 21 центнерден беріп жатыр. Жалпы масақты дақылдар 23 центнерден айналып отыр. Биыл аудан диқандары 50 мың тоннадан астам астық дақылын жинап алады.
Ал облыс бойынша орташа түсім әр гектардан 19-20 центнер. Былтыр құрғақшылық болып, 10 центнерден сәл асқан еді. Биыл түрлі технологияны енгізген кейбір шағын шаруашылықтар тіпті 35-40 центерге дейін өнім алуда. Ерте көктемде 274 мың гектарға масақты дақыл егілді. 226 мың гектар алқапқа бидай, 47 мың гектарға арпа себілді.
Бақкелді Үмбет, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы:
- Бүгінгі таңда масақты дақылдарды ору жұмыстары облыста толығымен аяқталды. Арпаның орташа түсімділік гектарына 17 центнерді құрап, 81 мың тонна, бидайдың орташа түсімділігі 20 центерді құрап, 453 мың тонна астық жиналды. Жалпы облыс бойынша 534 мың тонна масақты дақылдар жиналды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 198 мың тоннаға артық.
Осылайша өңір шаруаларының көңілі тоқ. Егін бітік шығып, қамбалар дәнге толды. Оның үстіне мемлекеттің қолдауы да бар. Көктемгі дала жұмыстары мен күзгі жиын-терімге 98 мың тонна жеңілдетілген жанар-жағармай бөлінді. Мамандардың айтуынша, алдағы уақытта да ауыл шаруашылығы саласына заманауи технологияларды қолданатындардың несібесі арта бермек.
Жандос Жұмабек, Қуаныш Абуов
Тегтер #Түркістан облысы #егін орағы #астық #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz