RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстандықтардың банктегі депозиттері 30 триллион теңгеден асты

20.08.2026, 14:37 23

Қазақстандықтардың банктердегі депозиттерінің жалпы көлемі 30 триллион теңгеден асты. Бұл – депозиттерге кепілдік беру жүйесі жұмыс істей бастағалы бергі ең жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды 24KZ.

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қорының (ҚДКБҚ) мәліметінше, 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша халықтың депозиттері үш айда 1,9 триллион теңгеге немесе 7%-ға өскен. Бір жыл ішінде қазақстандықтардың банктердегі жинағы 4,6 триллион теңгеге, яғни 18,3%-ға артқан.

Тоқсандық өсімнің басым бөлігі теңгедегі депозиттер есебінен қалыптасқан. Оларға жалпы өсімнің 96%-ы тиесілі. Қор бұл көрсеткішті теңгедегі депозиттердің бүкіл бақылау кезеңіндегі ең жоғары өсімі деп атап отыр.

Мамандар депозиттердің артуын банктердегі жоғары мөлшерлемелермен байланыстырады. Тоқсанның басым бөлігінде жекелеген депозиттер бойынша жылдық табыстылық 20-20,5%-ға дейін жеткен.

Тағы бір рекорд – валюталық депозиттердің үлесі алғаш рет 20%-дан төмендеді. Екінші тоқсанның қорытындысы бойынша оның үлесі 19,8% болды.

Салыстыру үшін, 2015 жылы халықтың валюталық депозиттерінің үлесі 80%-ға дейін жеткен.

Валюталық депозиттердегі қаражат көлемі екінші тоқсанда іс жүзінде өзгермеген. Ресми түрде ол 77,8 млрд теңгеге өскенімен, бұл өсімнің үштен екісі валюта бағамдарының өзгеруіне байланысты. Бағамдық әсерді есептемегенде, нақты өсім небәрі 25,6 млрд теңге болған.

ҚДКБҚ салымшыларды үш топқа бөледі:

·         15 млн теңгеге дейінгі депозиттер – бұқаралық сегмент;

·         15-50 млн теңге – орта сегмент;

·         50 млн теңгеден жоғары – ірі сегмент.

Халықтың депозиттеріндегі қаражаттың негізгі бөлігі 15 млн теңгеге дейінгі салымдарға тиесілі. Олардың үлесі барлық депозит қаражатының 49,3%-ын құрайды. Тек теңгедегі депозиттерді есептегенде бұл көрсеткіш 55,6%-ға жетеді.

15-50 млн теңге аралығындағы салымдардың үлесі – 19,2%, ал 50 млн теңгеден жоғары депозиттерге 31,5% тиесілі.

Бұл ретте орта сегменттің үлесі біртіндеп артып келеді. Алты жыл бұрын бұл көрсеткіш 11,8% болған.

ҚДКБҚ мәліметінше, мерзімді депозиттерге деген қызығушылық айтарлықтай артқан. 2025 жылғы 1 желтоқсаннан 2026 жылғы 1 шілдеге дейін мұндай салымдардағы қаражат көлемі 1,1 триллионнан 5,6 триллион теңгеге дейін, яғни бес есеге өскен.

Соған қарамастан, халықтың ең көп қаражаты әлі де теңгедегі талап етілмелі депозиттерде сақталады. Олардың көлемі 9,7 триллион теңгені құрайды. Ал ұлттық валютадағы жинақ депозиттерінде тағы 2,5 триллион теңге бар.

ҚДКБҚ базалық мөлшерлеме төмендегеннен кейін депозиттердің кірістілігі де біртіндеп төмендейтінін атап өтті. Алайда қор депозиттер көлемінің күрт азаюын күтпейді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz