Қыркүйектен бастап елде міндетті таңбалауға жататын тауар түрлері көбейеді.
Енді биологиялық белсенді қоспалар саудасы цифрлық бақылауға алынғалы отыр. Сонымен қатар мотор майы мен сыра өнімдерін таңбалаудың екінші кезеңі басталады.
Күзден бастап әрбір биоқоспа таңбаланады
1 қыркүйектен бастап елде биологиялық белсенді қоспаларға цифрлық таңба қойылады. Бұл талап отандық өндірушілерге ғана емес, импорттаушыларға да қатысты. Әрбір тауарға Дата Матрикс коды жапсырылады. Тұтынушылар соны телефон арқылы сканерлеп, өнімнің қайдан және қашан шыққанын, қалай жеткізілгенін біле ала алады. Осы арқылы көлеңкелі бизнес пен сапасыз өнімдерге тосқауыл қою көзделген. Цифрлық жүйе былтыр наурыз бен желтоқсан айлары аралығында пилоттық режимде тексерілді. Оған 20 кәсіпкер қатысқан. Соның ішінде отандық өндірушілер, импорттаушылар және бөлшек сауда өкілдері бар. Жоба сынақтан сәтті өтіп, енді толыққанды қолданысқа енгізілгелі отыр. Тұтынушылар өнімді тексерген кезде қаптама мен базадағы мәліметтер сәйкес келмесе, "Нақты өнім" қосымшасы арқылы тиісті мекемеге шағым түсіре алады.
Бауыржан Мырзатай, TAÑBA бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі:
- Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сәйкес, биоқоспалардың 90 пайызы импорт болып табылады. Ал қалғаны өзіміздің өндірушілерге тиесілі. Нарықта биоқоспалар танымал. Сол себепті бұл тауар түрлері адам денсаулығына тікелей байланысты болғандықтан, ДСМ үкімі бойынша міндетті таңбалауға жатады.
Биоқоспалардың біразы заңсыз сатылады
Биологиялық белсенді қоспалар саудасы қызып тұр. Екі жыл бұрын қазақстандықтар бұл мақсатқа 150 млрд теңгеден астам қаражат жұмсаса, одан бері тұтыну көлемі тағы 15-20 пайызға артып келеді. Мұндай өнімдердің басым бөлігі маркетплейстер арқылы сатылады. Алайда тауардың құрамына мән беріп жатқандар көп емес. Сарапшылардың айтуынша, бұл қоспалардың тең жартысы мемлекеттік тіркеуден өтпеген. Денсаулық сақтау министрлігінің санитарлы-эпидемиологиялық бақылау комитеті былтыр 20 мыңнан астам өнімнен сынама алып, солардың төрттен бірі талапқа сай келмейтінін анықтады. Сондықтан биоқоспаларды цифрлық таңбалау ең алдымен ұлт денсаулығы үшін маңызды, дейді мамандар.
Мотор майын таңбалаудың екінші кезеңі басталады
Сонымен қатар күзден бастап мотор майын таңбалаудың екінші кезеңі басталады. Бұл жолы жақпа майлар мен арнайы сұйықтық түрлері қамтылады. Тауарларды таңбалау цифрлық жүйесінде мұндай өнімдерді сататын 300-ден астам кәсіпкер тіркелген. Ішкі нарықтағы мотор майының көлемі 100 млрд теңгеден асады. Алайда соның тең жартысы көлеңкелі бизнеске тиесілі болып тұр. Қаржы және Энергетика министрліктерінің болжамына сүйенсек, алдағы бес жыл ішінде сауда айналымындағы заңсыз мотор майы 23 млрд теңгеге дейін азаюы мүмкін.
Бауыржан Мырзатай, TAÑBA бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жоба жетекшісі:
- Импорттаушы болса, ол принтерді этикеткалау дейді, стикерлерді мотор майына, сыра өнімдеріне немесе басқа да тауар топтарына принтер арқылы шығарып, тауарға жапсырады. Ал өндірушілер болса, автоматтандырылған өндіруші болса, оларға арнайы интеграциялар бар. Әр қатысушы өзіне ыңғайлы метод таңдайды.
Сыра саудасы цифрлық бақылауға алынды
Сыра саудасы да кезең-кезеңімен цифрлық бақылауға алынып жатыр. Биыл ақпаннан бастап арнайы бөшкеге құйылған сыра түрлері таңбаланды. Ал қыркүйектен бастап құтыдағы ішімдіктер қамтылады. Таңбалау жүйесіне мұндай өнімдер сататын 16 мыңнан астам кәсіпкер қосылған.
Тегтер #Елімізде #таңбалау #тауар #24KZ #бұл нарық #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz