Президент тапсырмасына сәйкес, экономиканы жаңа үлгіге көшіру керек. Бюджет және Салық Кодекстері бойынша ел қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді.
Жалпы ішкі өнім алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны ашылады. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлерді қолдауға арналған арнайы бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Өндіріс қуатын арттыруға Жасанды интеллект қолданыла бастады. Сондай-ақ цифрлық жүйе түрлі ақауларды жедел анықтауға және оларды уақтылы жоюға қолғабыс қылады.
Қазақстан экономикасын жаңа үлгіге көшіру керек. Бұл – Мемлекет басшысы жүктеген ең маңызды міндет. Бюджет және Салық Кодекстеріне сәйкес, елдің экономикалық жүйесі қайта жаңғырды және мемлекет қаржысын басқаруға қатысты ұстаным түбегейлі өзгерді. Жалпы ішкі өнім алғаш рет 300 миллиард доллардан асты. Ал жан басына шаққандағы үлесі 15 мың долларға жетіп, ТМД елдері арасындағы ең жоғары нәтиженің біріне айналды.
Елде көлік, тұрмыстық техника, жүк вагондары мен құрылыс материалдары сияқты сапалы өнім түрлерін шығаратын заманауи зауыттар ашылып жатыр. Кейінгі 3 жылдың өзінде 540 индустриялық жоба жүзеге асырылды. Олардың жалпы құны – 3,7 триллион теңге. Алдағы екі жылда тағы 200-ден астам өндіріс орны іске қосылады. Бұл мақсатқа шамамен 3 триллион теңге инвестиция тартылады. Мұндай ауқымды жобалар жаңа жұмыс орындары ашуға, бюджетке түсетін салық көлемін ұлғайтуға және өндіріске озық технология енгізуге ықпал етеді. Іске қосылған жобалардың нәтижесінде 50 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны пайда болды. Қалған жобалар тағы 20 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
ЖИ өндіріс көлемін арттырады
Жасанды интеллект жаһандық дамудың қозғаушы күшіне айналады. Халықаралық сарапшылардың болжауынша, 2033 жылға қарай әлемдегі ЖИ нарығы шамамен 5 трлн долларға жетуі мүмкін. Қазақстан қазірден бастап сан салада дәл осы құралға басымдық беріп отыр. Алдымен машина жасау саласына тоқталайық. Бүгінде жеңіл автомобиль, автобус, жүк және арнайы техника өндіретін 11 кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған Жасанды интеллект негізіндегі ахуал орталығы ашылды. Зияткерлік платформа бейнебақылау камераларынан, датчиктерден және ақпараттық жүйелерден келіп түсетін деректерді талдайды. Бұл түрлі ақауларды жедел анықтауға және оларды уақтылы жоюға қолғабыс қылады. Сонымен қатар дәнекерлеу жұмыстарының сапасын автоматты түрде бақылауды қамтамасыз ететін цифрлық жүйелер қолданылады. Ал геология саласында жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы жетілдіріліп жатыр. Соның негізінде 22 мемлекеттік қызмет онлайн ұсынылады. Геологиялық мәліметтердің 97 пайызы цифрлық форматқа көшірілді.
Ауыл кәсіпкерлеріне қолдау көрсетіледі
Елде «Іскер аймақ» бірыңғай бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр. Бұл микро және шағын бизнес субъектілеріне арналған. Соның ішінде ауылдық жерлер мен моноқалалардағы кәсіпкерлерге басымдық беріледі. Әр облыстың экономикалық ерекшелігі мен қажеттілігі ескеріліп, негізгі бағыттар жергілікті атқарушы орган мен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен айқындалады. Бағдарлама басталғалы бері жалпы құны 21 млрд теңгеден асатын 300-ден астам жобаға қолдау көрсетілген. Ал биыл 400 млрд теңгеге 5 мыңдай жобаны қаржыландыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ Үкімет жеңіл өнеркәсіпті дамытуға арналған бесжылдық кешенді жоспар қабылдады. Құжат 28 тармақтан тұрады.
Тегтер #өндіріс #қаржы #ЖІӨ #кәсіпкерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz