RU
Толық нұсқаға өту
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда бензин сапасына шағым көбейді: министрлік тексеру бастады

27.08.2026, 15:55 15

Қазақстанда бензин сапасына қатысты азаматтардың шағымдары негізінде тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».

Министрлік мәліметінше, тексеру тек жанармай құю станцияларымен шектелмейді. Мамандар бензин сапасын зауыттан бастап, тұтынушыға сатылғанға дейінгі бүкіл жеткізу тізбегі бойынша зерттеп жатыр.

ҚР СИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің Павлодар облысы бойынша аумақтық департаменті Павлодар мұнай-химия зауытынан тікелей алынған бензиннің арбитраждық сынамаларын өндірушіден тәуелсіз зертханаға тапсырды.

Сонымен бірге Sinoil, QazaqOil және Helios жанармай құю станцияларынан алынған отын үлгілері де жеке зерттелуде. Зертханалық зерттеулердің нәтижесі бір апта ішінде белгілі болады деп күтілуде.
Қазіргі таңда азаматтардың бензин сапасына қатысты 12 өтініші қаралуда. Оның 9-ы Астана қаласынан, 1-еуі Павлодардан және 2-еуі Солтүстік Қазақстан облысынан түскен.
Бұдан бөлек, 17 жанармай құю станциясында бақылау сатып алуы жүргізілді. Оның 5-еуі Алматы қаласында, 5-еуі Алматы облысында, 6-ауы Абай облысында және 1-еуі Жамбыл облысында орналасқан. Қазір алынған отын үлгілеріне зертханалық сынақ жүргізіліп жатыр.

Тексеру барысында сынамалар мұнай базаларын қоса алғанда, бүкіл жеткізу тізбегінен алынады. Осы арқылы бензиннің сапасын тек өндіріс кезінде емес, оның кейінгі айналым кезеңдерінде де бағалауға мүмкіндік бар.
Егер зерттеу нәтижесінде автомобиль бензинінің техникалық регламент талаптарына сәйкес келмейтіні анықталса, заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады. Оның ішінде талапқа сай емес жанар-жағармай материалдарын сатуға тыйым салу және оларды айналымнан алып қою қарастырылған.

Министрлік зерттеу нәтижелері қосымша жарияланатынын мәлімдеді.


«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz