RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстан ең маңызды көлік-транзит хабтарының біріне айналып келеді

30.08.2026, 09:00 27

Қазақстан әлемдегі ең маңызды көлік-транзит хабтарының біріне айналып келеді.

Еліміз теміржол және автомобиль инфрақұрылымын дамытып, транзиттік дәліздердің өткізу қабілетін арттыруға және жүк жеткізу уақытын қысқартуға басымдық беріп отыр. Ауқымды жобалардың бірі жуырда ғана құрылысы басталған "Бейнеу-Сексеуіл" автомобиль жолы. Сәтімен іске асса, пайдалануға берілгеннен кейін Қытайдан Еуропаға жүк тасымалдау қашықтығы 1 мың шақырымға, ал жеткізу мерзімі үш күнге дейін қысқарады. 

Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Қытайды Орталық Азиямен, Кавказбен, Таяу Шығыспен және Еуропамен байланыстыратын негізгі көлік-логистикалық хабқа айналдыру. Бұл міндетті Президент бірнеше рет атап өткен болатын.  Бүгінде бұл сала қарқынды дамып келеді. Дәйекпен сөйлесек, соңғы бес жылда саланың жалпы өнім көлемі үш есеге өсті. 2021 жылғы шамамен 4,7 трлн теңгеден биыл 14,3 трлн теңгеге дейін жетеді деп күтілуде. Республика порттары арқылы өтетін контейнерлік транзит көлемі төрт есеге жуық артты. Мұнымен қоса еліміздің барлық өңірінде 124 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр.

Жайнар Әсілбекова, ҚР Көлік министрлігі көлік саясаты департаментінің басқарма басшысы:

- 2025 жылы транзит саласында 39 млн тонна жүктер тасымалданды. 2030 жылға дейін 84 млн тонна жетеді деген жоспар бар. 13 халықаралық дәліздер жұмыс істеп жатыр. Теміржолға келетін болсақ, соңғы 5 жылда 5 мың шақырым жаңа жолдар салынып және қайта қалпына келтірілген бар. Оның ішінде Достық-Мойынты, Алматы айналма жолы сынды ауқымды жобалар бар. Алдағы 3 жылға 2200 шақырым жаңа жол салуды жоспарлап отырмыз. 

Қазір ел аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Геосаяси өзгерістер аясында жаһандық логистикалық тізбектердің қайта құрылуы республиканың халықаралық бағыттар жүйесіндегі рөлін едәуір күшейтті. Бұл ретте президенттің тапсырмасы бойынша авиациялық инфрақұрылым да белсенді түрде дамуда. Әсіресе туристік өңірлерде әуежайлар жаңғыртылып, жаңадан салынып жатыр. Автомобиль жолдарының да жағдайын жақсарту негізгі басымдықтың бірі. Биыл жалпы ұзындығы 8900 шақырым күре жолда құрылыс, қайта жөндеу жұмыстары қолға алынған. Оның 3500-ге жуығы жаңа тас жол. 

Абзал Ілияс, "Қазавтожол" ҰК АҚ баспасөз қызметінің маманы: 

- Атап айтқанда, "Ақтөбе-Ұлғайсын", "Қызылорда-Сексеуіл", "Бейнеу-Сексеуіл", "Қарағанды-Жезқазған", "Атырау-Доссор" және Қызылорда мен Сарыағаш қалаларының айналма жолдары бойынша ірі жобалар басталды. Жұмыстарды орындау 12 мың арнайы бірлік техника мен 25 мыңнан астам маман жұмылдырылды. 193 асфальт бетон зауыты іске қосылды. 

Салаға серпін берген тағы бір тың бастама цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекті енгізу. Қазір "Smart Cargo" платформасы іске қосылды. Бірыңғай цифрлық терезе кедендік, логистикалық және коммерциялық қызметтердің барлығын ортақ цифрлық ортаға біріктіреді. Ендігі меже Еуразияның бірыңғай цифрлық көлік кеңістігін құру. Бұл тауар айналымын едәуір жеделдетуге мүмкіндік жасамақ. Қазіргі жағдайда логистика ұлттық бәсекеге қабілеттілік пен тұрақты экономикалық өсудің негізгі құралдарының біріне айналып отыр. 

Кәмшат Мұхамеджан, Абдулхамит Бөлекбаев, Мұрат Әріпхан

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz