RU
Толық нұсқаға өту

Жеке тұлғалардың шетелден көлік тасуы қиындайды

31.08.2026, 19:23 42

1 қыркүйектен бастап жеке тұлғаларға шетелден көлік әкелу қиындай түседі.

Мемлекеттік кірістер комитеті 1 қыркүйектен бастап жаңа ереже енгізеді. Бұған ел аумағына көптеп кіріп кеткен заңсыз көліктер себеп. Үкімет басшысының айтуынша, бұл көліктер көбіне ескі әрі техникалық талаптарға сай болмай шығады. Салдарынан адам өміріне қауіп төндіріп, экологияға залал келтіруі мүмкін. Тақырыпты зерттеген әріптесім Серік селеубайұлы қазір студияда. Заңсыз көлік ағынын тоқтату үшін мемлекет қандай шаралар қабылдағалы жатыр?

Серік. Бұл мәселе 2018 жылдан бері көтеріліп келе жатыр. Алдымен отандастарымыз сол жылы  Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кірген Армениядан көлік әкеліп міне бастады. Содан кейін бұл қатарға Грузия қосылды. Қазір қазақстандықтар Қытайдан тасып жатыр.  Жақында Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанға автокөліктерді заңсыз әкелудің жолын кесуге бағытталған кедендік әкімшілендіру мен техникалық реттеудің жаңа тәсілдерін енгізуді тапсырды. Тіпті тиісті министрліктерге 10 күн уақыт берілді.

Олжас Бектенов, ҚР премьер-министрі:

- Қолда бар деректерге сәйкес еліміздің аумағына көлік құралдарын заңсыз әкелу фактілері әлі де тіркелуде. Мұндай көліктердің басым бөлігі техникалық және экологиялық талаптарға сай келмейді. Бұл соның ішінде кедендік заңнама нормаларын құқықтық қолдану тәжірибесіндегі олқылықтарға да байланысты. Қаржы министрлігі Өнеркәсіп министрлігімен бірге он күн ішінде автокөліктердің ел аумағына заңсыз әкелінуіне жол бермеу жөнінде шаралар  кешенін әзірлесін. Қолданыстағы заңнамалық нормаларды түсіндіру барысында нақты әрі айқын ұстаным болуға тиіс.

Яғни сырттан көлік кіргізу қиындай түспек. Бұл нарықта сұранысты арттырып, бағаны аспандатып жібере ме деген қауіп бар. Алайда, сарапшылар оны жоққа шығарды.

Санат Нұрбай, автосарапшы:

- Жеке тұлғалар шетелден көлік әкеле алмағандықтан бұл бағаға әсер етіп, баға қымбаттап кетуі мүмкін деген түсініктеме беріп жатыр. Бірақ, менің ойымша, бағаға сондай бір әсер етеді деп айта алмаймын. Өйткені біздің өзімізде қазір көліктер жеткілікті. Қытай көліктері келіп жатыр. Ол қытай көліктерін өзіміз шығарып жатырмыз. Алматы, Қостанай. Сондықтан да көліктің көптігінен бұл бағаға әсер етеді деп айта алмаймын. 

Сарапшы сөзінің жаны бар. Мәселен, былтыр 171 мыңнан астам темір тұлпар шығарылып, өндіріс көлемі 18%-ға артты.  Бұл оң динамика биыл да сақталады деді сала басшысы.

Ерсайын Нағаспаев, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі м.а.:

- Қазіргі уақытта ең ірі өнеркәсіптік кластерлер Қостанай, Саран және Алматы қалаларында жұмыс істейді. Аталған кластерлер аясында автокөлік өндірумен қатар, олар үшін қажетті компоненттер өндірісін дамыту, жаңа жеткізушілерді тартып, өндірістік тізбектерді қалыптастыру жұмыстары жүргізілуде. Жүк техникасы өндірісі саласында бүгінде елімізде Scania және HOWO сияқты әлемдік брендтердің жүк көліктері шығарылады. 

Дегенмен, Қазақстанда шығарылмайтын немесе сатылмайтын көліктер бар. Әдетте бұл жаңадан шыққан модельдер немесе қазақстан нарығына енбеген компаниялардың өнімі болуы мүмкін. Себебі жаңа көлік маркасын Қазақстанда сату үшін қойылатын талаптар бар.

Ербол Сейпілов, Қазавтостандарт қауымдастығының президенті:

- Сертификаттаудың өзінің бір қиыншылықтары бар туындайтын. Өйткені еліміз БҰҰ ережелерінің талаптарына сай болуы керек. Яғни халықаралық талаптарға сай боулы керек. Сондықтан көлік құралдары кем дегенде 118 БҰҰ ережелерінен сәйкестендіру сынақтарын өткізу керек.

Бұрын оларды тапсырыс арқылы шетелден әкелумен айналысатын компаниялар болатын. Енді бұл әдіспен премиум санаттағы темір тұлпар тасу да қиындамақ. Мемлекеттік кірістер комитеті ережелерге өзгеріс енгізді.

Ұлдана Сүлеймен, МКК жұртшылықпен байланыс хатшылық басқармасының сарапшысы:

- 1 қыркүйектен бастап көлік құралдарын әкелу мақсатына қарай олардың кедендік декларациялау тәртібін ажырату көзделеді. Жеке пайдалануға арналған көлік құралдары жолаушыларға арналған декларацияны қолдану арқылы, ал жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар коммерциялық мақсатта әкелетін көлік құралдарын тауарларға арналған декларацияны қолдану арқылы рәсімдейтін болады.

Осылайша кімнің қай мақсатта қандай көлік алып келгені сұрыпталып, «сұр» көліктер схемасына тосқауыл қойылады. Мемлекеттік органдарға бақылау жеңілдейді. Бұл бір жағы заңсыз көлік тасымалын тыйып, отандық өнімді тұтыну аясын кеңейте түспек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz