Қазақстанда өңдеу өнеркәсібі өндіріс көлемі бойынша алғаш рет тау-кен секторынан басым түсті. Биыл қаңтар-шілде айларында өңдеу өнеркәсібінде 18,8 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9%-ға жоғары деп хабарлайды 24KZ.
Жалпы өнеркәсіп өндірісіндегі өңдеу секторының үлесі 46,7%-ға жетсе, тау-кен өнеркәсібінің үлесі 45,8%-ды құрады. Осылайша, Қазақстан экономикасында шикізатты экспорттаудан гөрі оны ел ішінде терең өңдеуге басымдық беретін жаңа өндірістік модель қалыптасып келеді.
Өңдеу өнеркәсібіндегі ең жоғары өсім Ақтөбе және Қарағанды облыстарында тіркелді. Өндіріс көлемі тиісінше 10,7% және 10,6%-ға артқан.
Машина жасау мен металлургияда өсім жоғары
Өңдеу өнеркәсібінің негізгі драйверлерінің бірі – машина жасау саласы. Жеті айда мұнда 3,2 трлн теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 22%-ды құрады.
Осы кезеңде 96 мыңнан астам автокөлік шығарылды. Жеңіл автомобиль өндірісі 37,2%-ға, автобустар 27,6%-ға, арнайы техника өндірісі 45,1%-ға өсті. Ұсақ тораптық құрастыру үлесі 28,3%-ға жетті.
Қостанайдағы KIA Qazaqstan толық циклді зауыты мен Алматыдағы Astana Motors Manufacturing кәсіпорнының іске қосылуы автомобиль өндірісінің айналасында қосалқы өндірістердің дамуына жол ашты. Атап айтқанда, шина, аккумулятор, автокөлік орындықтары және мультимедиа жүйелерін шығаратын кәсіпорындар іске қосылды.
Теміржол машина жасау саласында да өсім бар. Өндіріс көлемі 345 млрд теңгені құрады. Жолаушылар вагондарының өндірісі 10,7%-ға, электровоздар 23,8%-ға артты. Астанадағы «Локомотив құрастыру зауытында» қазақстандық қамту үлесі 75%-ға жетті.
Металлургия саласында 8,1 трлн теңгенің өнімі өндірілді. Болат өндірісі 4,1%-ға, шойын 5,8%-ға, жіксіз құбырлар 30,4%-ға, құрылыс арматурасы 10,5%-ға өсті.
Химия және жеңіл өнеркәсіп өндірісі артты
Химия өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 1 трлн теңгеге жуықтап, өсім 26,9%-ды құрады. Негізгі өсім азот тыңайтқыштары, каустикалық сода және гипохлорит өндірісінің артуымен байланысты.
Ішкі нарықты қорғау шаралары құрылыс материалдары мен жеңіл өнеркәсіп өндірісіне де әсер етті. Цемент өндірісі 15,6%-ға, тас бұйымдары 11%-ға, шыны 10%-ға, гипсокартон 6,5%-ға өсті.
Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 125,5 млрд теңгеге жетіп, бір жылда 80,1%-ға артты. Оның ішінде тоқыма өндірісі 2,2 есе, киім өндірісі 27,5%-ға, былғары өндірісі 20,3%-ға өскен.
Офтейк-келісімшарттар отандық өндірушілерге сұраныс қалыптастырады
Өңдеу өнеркәсібін дамытудың маңызды тетіктерінің бірі – офтейк-келісімшарттар. Бұл механизм кәсіпорындарға әлі өндірілмеген өнімді алдын ала сатып алуға кепілдік беріп, жаңа жобаларға инвестиция тартуға мүмкіндік береді.
2026 жылдың алғашқы алты айында жер қойнауын пайдаланушылар мен квазимемлекеттік сектор жалпы құны 466 млрд теңгеге ұзақ мерзімді келісімдер мен офтейк-келісімшарттар жасасты.
«Самұрық-Қазына» қорының желісі бойынша отандық өндірушілерден сатып алу көлемі 2,1 трлн теңгеден асты. Қаңтар-маусым айларында 594 млрд теңгенің келісімшарты жасалып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 46%-ға көп болды.
Жер қойнауын пайдаланушылармен 80,4 млрд теңгеге 177 офтейк-келісімшарт жасалды. Сонымен қатар 157 млрд теңгеге болашақ тапсырыстар пулы қалыптастырылды.
Отандық өндірушілерді қолдаудың цифрлық тетіктері енгізілді
Қазақстандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі іске қосылды. Өндірістік қуаттарды цифрлық верификациялау нәтижесінде 6946 кәсіпорынның мәртебесі расталып, 1,1 мыңнан астам жалған жеткізуші тізілімнен шығарылды.
Отандық қайта өңдеушілердің шикізатқа қолжетімділігі де кеңейтілді. Кәсіпорындарға мыс, алюминий, қорғасын, мырыш және прокат секілді 25 түрлі жергілікті шикізатты жеңілдетілген шарттармен сатып алуға мүмкіндік берілді.
Осының нәтижесінде бастапқы алюминийді ішкі тұтыну 35%-ға өсіп, 77,7 мың тоннаға жетті. Мырыш тұтыну 45%-ға артып, 2,6 мың тоннаны, катодты мыс тұтыну 10%-ға өсіп, 20,4 мың тоннаны құрады.
200 индустриялық жоба іске қосылады
2026 жылы жалпы құны 1,7 трлн теңге болатын 200 индустриялық жобаны іске қосу жоспарланған. Қазірдің өзінде 337,4 млрд теңгеге 84 жоба іске қосылып, 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды.
Жобалар толық қуатына шыққанда жыл сайын 1,5 трлн теңгенің өнімін өндіру көзделіп отыр. Оның шамамен үштен бірі экспортқа бағытталады.
Арнайы экономикалық аймақтарда да инвестициялық белсенділік жоғары. 18 өңірде жүзеге асырылып жатқан 577 жобаға 11,1 трлн теңге инвестиция тартылып, 39 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.
Резиденттерден түскен салық түсімдері 865,4 млрд теңгені құрады. Ал мемлекет инфрақұрылымға 507,4 млрд теңге инвестиция салған.
Осылайша, Қазақстанда шикізатты ел ішінде терең өңдеуге негізделген өндірістік тізбек қалыптасып келеді. Оның негізгі тіректері – жергілікті шикізатқа қолжетімділік, отандық өнімге кепілдендірілген сұраныс және өндірісті цифрлық бақылау.
Тегтер #өңдеу өнеркәсібі #экономика #24жаңалықтар #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz