RU
Толық нұсқаға өту

Еліміз өндірген теміржол жабдығына шетелден сұраныс бар

02.09.2026, 07:17 38

Елде локомотив және вагон өндірісі артты.

Бұған қолданыстағы зауыттарды жаңғыртып, жаңа кәсіпорындардың ашылуы ықпал етіп отыр. Шығарылған өнімдер ең алдымен ішкі нарыққа барады. Бұл үшін 2030 жылға дейінгі өндіріс жоспары бекітілген.

Локомотив пен вагон өндірісі артты

Темір жол жолаушы мен жүк тасымалы үшін негізгі көлік құралы десек, оған қажетті жабдықтарды өзімізде өндіру тіптен маңызды. Өйткені елде ірі логистикалық жобалар жүзеге асып жатыр. Ал бұларды импорт есебінен қамту экономикалық тұрғыда тиімсіз. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде мұндай 60-тан астам кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Онда локомотив, вагон, теміржол доңғалағы, мойынтірек және басқа да құрамдас бөлшектері шығарылады. Салада 8,5 мыңнан астам адам еңбек етіп жүр. Кейінгі жылдары өндіріс көлемі едәуір артқаны байқалады. Былтыр жалпы құны 734 млрд теңгеге тауар өндірілген. Бұл алдыңғы жылдағыдан 22 пайызға көп. Атап айтқанда, 114 локомотив пен 3 мыңнан астам вагон құрастырылды.

Теміржол секторындағы өндіріс

60 кәсіпорын

8 500 жұмысшы

2025 ж өндіріс көлемі ₸734 млрд

өсім 22%

114 локомотив, 3 068 вагон

Теміржол секторында кәсіпорын көбейді

Салада өндіріс көлемінің артуына қолданыстағы зауыттардың жаңартылуы мен жаңа кәсіпорындардың ашылуы ықпал етіп отыр. Былтыр Астанада швейцариялық компаниямен бірлесіп, жаңа зауыт іске қосылды. Онда жыл сайын жолаушыларға арналған 100 вагон құрастыруға болады. Бұл жоба Қазақстанда заманауи теміржол техникасын өндіру тәжірибесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Ал Атырау облысында жылына 6 мың жүк вагонын шығара алатын зауыт ашылды. Онда былтыр 305 жартылай вагон өндірілген. Сонымен қатар Семей машина жасау зауыты біртіндеп жартылай вагон өндіруге кірісті. Бүгінде еліміздің ішкі нарығындағы сұраныстың жартысына жуығын отандық кәсіпорындар қамтып отыр.

Бағжан Мейрамбек, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитетінің бас сарапшысы:

- Қазіргі уақытта ішкі нарықта сұраныс өте үлкен. Атап айтқанда, жолаушы вагоны 42 пайызға, локомотив 52 пайызға және жүк вагондарын 54 пайызға дейін қамтып отыр. Осы сұраныстарды қамту мақсатында 2030 жылға дейінгі жоспар бойынша 270 локомотив, 14 мыңнан астам жүк вагоны және 800-ге жуық жолаушы вагонымен қамтамасыз ету жоспарлануда. 

Ішкі нарыққа басымдық беріліп, экспорт азайды

Отандық кәсіпорындар өндірген теміржол жабдықтарына шетелден де сұраныс бар. Негізгі сауда серіктестеріміз — іргелес елдер. Өзбекстан мен Әзербайжанға локомотив сатылады. Ал Моңғолияға жартылай вагон жеткізу туралы келісім жасалған. Алайда кейінгі жылдары ең алдымен ішкі нарыққа басымдық беріліп отыр. Яғни алдымен өзімізді қатамасыз ету керек.  Биыл бес айдың өзінде бұл тарапта экспорт 123 млн доллардан 107 млн долларға дейін кеміген. Сондай-ақ теміржол секторы әзірге импортқа да тәуелді. Биыл 357 млрд теңгеге шетелден өнім сатып алынған.   

Бағжан Мейрамбек, ҚР ӨҚМ өнеркәсіп комитетінің бас сарапшысы:

- Оның ішінде ең сұранысқа ие ірі мемлекет — Қытай. Жалпы ішкі сұраныстың 45 пайызын құрап отыр. Екінші орында Ресей. Ол бізде 11 пайызын құрап отыр. Қытай ҚТЖ-мен бірге локомотив алып келумен келісімшарт жасап отырса, Ресеймен бізде жартылай вагон, жолаушылар вагон алып келумен кедісімшарт жасалып тұр.

Пойыз арқылы 11 млн жолаушы тасымалданды

Ішкі істер министрлігінің Көліктегі полиция департаменті берген мәліметке қарағанда, жыл басынан бері теміржол арқылы 11 млн астам жолаушы тасымалданған. Ал "Қазақстан темір жолы" компаниясының хабарлауынша, биыл 190 млн тонна жүк жөнелтілген. Тауардың басым бөлігі көмір, астық және құрылыс материалдары.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz