Қазақ мұнайы да нарықпен тайталасып келеді.
Біздегі қара алтынның негізгі бөлігі Каспий Құбыры Консорциумы, Қытай және Атырау-Самара бағыты арқылы жөнелтіліп жатыр. Бірі қашық, бірінің ақысы қымбат, енді бірінің тәуекелі көп. Сосын мұнай қоры да шексіз емес.
Дегенмен, қолды қусырып қарап отыруға болмайды. Алдағы үш жылда 11 мұнай кен орнына инженерлік сынақ жүргізіледі. Мақсат — тереңде жатқан қара алтынды игеру. Бұл үшін инновациялық технологиялар, тың әдістер енгізу қажет.
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Қазақстан үшін мұнайдың маңызы зор. Салықтың көбі осы ресурстан түседі. Көрсеткішті төмендетуге болмайды. Дегенмен, мұнай қоры сарқылып барады. Құзырлы министрлік алдында геологиялық барлауды күшейтіп, жаңа кен орындарын ашу міндеті тұр. Бірақ бұл уақыт талап етеді. Ендеше терең қабаттарда жатқан мұнайды игеріп, кәдеге жарату маңызды.
Ерлан Акбаров, ҚР Энергетика вице-министрі:
- Қазір мемлекеттің алдында 2 стратегиялық бағыт тұр. Ол біздің минералдық ресурсымызды, көмірсутек ресурсын нығайту. Екінші жасап тұрған кен орындарының мұнай қайтарылымын арттыру. Біздің көптеген кен орындарымыз қазір сарқылу сатысында, кемелденген сатысында. Ол кен орындары 30-40, 60 жыл бойы игеріліп жатқан кен орындары бар. Сол кен орындарының мұнай бергіштігін арттыру, қазір үлкен технологиялар, көптеген әдістер бар, сол мұнайдың өнімділігін арттыратын.
Бұл үшін нақты инженерлік шешім мен тың тәсілді енгізу қажет. Қазір жылулық және химиялық әдістер, полимерлік суландыру, су ағынын шектеу, қабылдау профилін реттеу және басқа технологиялар қолданылады. Алайда көбі ескірді. Мамандар заманауи технологияны қолдану арқылы 33 млн тонна мұнай алуға мүмкіндік туатынын айтады. Бұл үшін мұнайлы елдердің тәжірибесін пысықтап, тиімдісін өндіріске енгіземіз. Мәселен, Ресей тарапы «Smart Water» технологиясын ұсынды.
Игнатий Вольнов, мұнай-газ саласы бойынша халықаралық сарапшы:
- Ресейдегі көптеген мұнай кен орнында қабат қысымын ұстап тұру және мұнай қайтаруды арттыру үшін су айдау әдісі қолданылады. Ал кейінгі кезде «Ақылды су» технологиясы енгізілді. Ол мұнайлы қабатқа айдалатын судың иондық құрамы мен тұздылығын арнайы бейімдеп, мұнай қайтаруды айтарлықтай арттырды.
Елде жыл сайын шамамен 100 млн тонна мұнай өндіріледі. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, дамыған елдердегі мұнай өндіру коэффициенті 50 пайыз, ал бізде 20 пайыз ғана. Демек, бағындырар белесіміз алда. Мұнай қабаттарындағы қорды игеріп, қара алтынды шикі және өңделген күйде экспорттау міндеті тағы бар. Сарапшылар "жеткізу бағыттарын кемелдендіру керек" деген пікірде. Мұны геосаяси ахуал да дәлелдеп отыр.
Абзал Нарымбетов, мұнай-газ саласы бойынша сарапшы:
- Баламалы жолы, мысалы, Баку-Тбилиси-Джейхан бар. Әрі кетсе 20 млн тонна біздің мұнайды сол бағытқа жөнелте аламыз. Қазір КТК-ның бағытына 60 млн тонна Қазақстаннан жөнелтіп жатыр. Яғни 60 млн тоннаның 20 млн тоннасы. Бірақ ол 20 млн тонна болу үшін де қаражат құю керек. Ол үшін Ақтаудан, мысалы, Баку қаласына дейін я теңіз астында мұнай құбыры құрылу керек немесе танкердің санын көбейту керек. Яғни қазіргі таңда ол 20 млн тонна емес. 5-6 млн тонна бәлкім. 5-6 млн тонна деген 60 млн тонна КТК-ның 10/1-і.
Биыл 96 млн тонна мұнай өндіріледі. КҚК жасалған шабуыл салдарынан көлем жоспардан 3,5 млн тоннаға қысқарды. Бұл бағытта тәуекел сейілген жоқ. Ендеше тасымалды әртараптандыру уақыт талабы.
Мерей Мұратханқызы, Мадияр Қындыбаев, Артур Горшняков
Тегтер #Қазақстан #мұнай #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz