Елде "Іскер аймақ" бағдарламасы жаңарды. Енді қолдау қаржысы әлеуметтік кәсіпкерлерге де беріледі. Ал инвестициялық жобалар бұрынғыдай 24 ай емес, 18 айда жүзеге асуы керек. Жалпы елде кәсіпкерлікке қатысты мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн жүргізіледі. Бизнес өкілдері салық төлеу, есеп тапсыру, анықтама алудың бәрін қашықтан атқара алады.
Кәсіпкерлер қағазбастылықтан арылып жатыр. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында бұған баса назар аударды. Жаңа «Салық кодексінде» тиісті өзгерістер көрініс тапқан. Бүгінде бір ғана салық органдары тарапынан 40 түрлі мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Оның 37-сі автоматтандырылды. Осылайша жыл басынан бері бизнес өкілдеріне 8 млн-ға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ал декларация саны 40-тан 28-ге дейін қысқарған. Айтпақшы, салық есебін кешіктіргендер үшін де жеңілдік бар. Енді бұрынғыдай хабарлама жіберу, айыппұл салу, тіпті шоттарын бұғаттауға жол берілмейді. Әрине, есептен ешкім босатылмайды. Салық айналымдары жайлы ақпаратты міндетті түрде ұсыну керек.
Думан Қансейітов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
- Салық есептілігін тапсырмаған жағдайда салық төлеушілер мемлекеттік кірістер органдары оның орнына нөлдік салық есептерін тапсырады. Бірақ ол үшін салық төлеушілер салық комитетінің ақпараттық жүйелерінде қандай салық есептілігін тапсыруы тиіс екенін белгілеп қойып шығуы керек.
Бизнес үшін сервистік модель жасақталды
Сондай-ақ жаңа кодекс аясында "Сервистік модель" ұғымы пайда болды. Яғни салық төлеуші ретінде тіркелуден бастап, жабылу барысына дейін қолдау көрсету көзделеді. Тиісті қызметтер мемлекеттік кірістер органдары мен екінші деңгейлі банк жүйелерінде ұсынылған. Мәселен банк қосымшалары арқылы салық саласының 20-дан астам қызметін алуға болады.
Думан Қансейітов, ҚР Қаржы министрлігі мемлекеттік кірістер комитетінің басқарма басшысы:
- Мысалы, салық төлеуші тіркеліп жатқан кезде оған сұрақтар автоматты түрде қойылады. Сол сұрақтарға жауап беру арқылы ол ЕКМ қою керек пе? Қосымша құн салығына тіркелу керек пе, қандай да бір салық режимін таңдау керек, салық сомасы қандай, оларды қашан төлеу керек. Осы сұрақтардың бәріне біз алдын ала пуш хабарламалар жіберіп отыратын боламыз. Ол салық төлеушілердің өмірін едәуір жеңілдетеді.
Бизнес пен банк етене жұмыс істей бастады
Иә, бизнесті қолдау артқандықтан, кәсібін дөңгелетуге ниеттілер қатары да көбейді. Қазір банктердегі бизнес салымдарының көлемі 21 трлн теңгеден асты. Өсім динамикасы кейінгі 5 айда сақталған. Көш басында 5 банк тұр. Олар бүкіл банк жүйесіндегі бизнес салымдары өсімінің 70%-ын қамтамасыз етті. Мамандар отандық компаниялардың тек сенімді банктермен серіктес болуға тырысатынын айтады. Кірісі жоғары болған кезде, бизнес бос қаражатын банк шоттарында сақтап қана қоймай, қосымша табыс алу мақсатын да көздейді. Қазір елдегі қаржы ұйымдары корпоротивтік депозит көлемін арттырып, компанияларға ыңғайлы цифрлық құралдар мен кешенді қызмет көрсету арқылы бәсекелесе бастаған.
«Іскер аймақ» бағдарламасы жаңарды
Ауыл-аймақтағы кәсіпкерлер инвестициялық мақсатқа немесе айналым қаражатын толықтыруға 200 млн теңгеге дейін ала алады. Бұл «Даму» қоры ұсынған «Іскер аймақ» бағдарламасының мүмкіндігі. Әсіресе әлеуметтік кәсіпкерлерге басымдық беріледі. Тек ол үшін көрсетілетін қызмет түрі әлеуметтік кәсіпкерлер тізілімінде болу керек. Жобаның жүзеге асырылатын жері мен кәсіпкердің тіркелген өңірі де ескеріледі. Осылайша, әлеуметтік бизнес өкіліне несие сыйақысының 50 пайызы, ал қалған кәсіпкерлер үшін 40 пайызы субсидияланады. Төленетін мөлшерлеме кемінде 12,6 пайыз болады. Жобаны жүзеге асыру мерзімі 2 жылдан 18 айға дейін қысқартылды. Қаржылық қолдау алуға өтінім бес жұмыс күнінде қаралады. Егер банктер қаржыландыруды мақұлдаса, «Даму» қоры субсидия беру туралы шешімді қабылдайды. Ол да 5 жұмыс күнінде қаралады. Кейін кәсіпкер, банк немесе лизингтік компания және «Даму» қоры арасында үшжақты шарт жасалады.
Маңызды тұсы бар. "Іскер аймақ" бағдарламасына қатысатын кәсіпкерлер жабдықты, техниканы, көлікті және құрылыс материалдарын арнайы тізілімге енген қазақстандық өндірушілерден сатып алуға міндетті. Егер тізілімде болмаса басқа өндірушіні таңдауға рұқсат беріледі. Ал инвестициялық жобаларда отандық өнімді пайдалану талабын өңір әкімдері қатаң бақылайды.
Тегтер #кәсіпкер #бұл нарық #онлайнPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz