RU
Толық нұсқаға өту

Түркістан облысында 122 инвестициялық жоба жүзеге асады

06.09.2026, 15:05 83

Жұмыспен қамту, отандық үлес, әлеуметтік жауапкершілік және салық түсімі. Бұл – Түркістан облысында ірі жобаларды жүзеге асыратын инвесторларға қойылатын талап.

Соңғы 3 жылда өңірдегі 29 өндірістік алаңда 159 млрд теңгенің 114 инвестициялық жобасы жүзеге асырылды. Ал бүгінгі күні 21 индустриялды аймақта 92,4 млрд теңгенің 45 жобасы іске асырылу үстінде.

Шетелдік инвестор жүзеге асырып жатқан құны 146 млрд теңге болатын мақта агроөнеркәсіптік кешені – өңірдегі маңызды жобалардың бірі. Жоба аясында 14 кәсіпорын құру көзделген. Қазір төртеуі жұмыс істеп тұр. Олар – тамшылатып суару таспаларын шығару, мақта талшығын өңдеу және тоқыма бұйымдары өнеркәсібі. Жыл соңына дейін тағы жеті зауыт іске қосылмақ. Кешен толық іске қосылғанда мақта өсіруден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі барлық өндірістік цикл жүзеге асады. Жобаның алғашқы кезеңінде 1270 жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 2 мың жұмыс орны құрылады деп күтілуде.  

Сюй Цзе, жоба инвесторы:

- Бұл жобаның Түркістан облысында жүзеге асырылуының басты себебі – жергілікті шикізаттың қолжетімділігі. Бұрын мақтаның 80 пайызы талшық күйінде экспортталатын. Енді біз оны осында өңдеп, иіріп, дайын мата шығарамыз. Алдағы уақытта біз дайын тоқыма бұйымдарын шығаратын толық өндірістік циклді іске қосамыз. Сондай-ақ жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартуға баса мән береміз.

Ал отандық инвестор бірқатар өндірістік және ауыл шаруашылығы жобаларына 30 млрд теңге инвестиция салды. Өндіріс негізінен су үнемдеу жабдықтарына бағытталған. Кәсіпорын жылына мыңға жуық жаңбырлатып суару машинасын шығарады. Фермерлер мұндай техниканы жергілікті өндірушілерден сатып алған жағдайда, мемлекет шығынның 80 пайызын өтеп береді.

Ниязалы Бисенбаев, отандық инвестор:

- Біз бірнеше салада жұмыс істейміз. Жаңбырлатып суару машиналарын, полителен құбырларын, метал конструкция, сэндвич панель, капулалы үйлер шығарамыз. Одан бөлек, мал шаруашылығымен айналысамыз. Біз қазір Түркістанда күніне 10 тонна сүт алып жатырмыз. Барлық кәсіпорында 500-ге жуық адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырмыз. 

Бүгінгі күні аймақтағы 29 өндірістік паркте жоспарланған 275 нысанның 165-нің құрылысы аяқталды. Онда жалпы құны 159,7 млрд теңге болатын 114 жоба іске қосылды. Соның бірі – мектеп жиһаздарын шығаратын кәсіпорын еліміз бойынша 82 «Келешек мектепті» жиһазбен қамтыған. «Шикізаттың барлығы отандық өнім», - дейді мамандар.

Самат Олжабек, жиһаз кәсіпорны басшысының орынбасары:

- Басында екі аңгар берілген. 5 мың шаршы метрмен басталған өндірісіміз. Қазіргі таңда 20 мың шаршы метрге жетті. Мемлекет тарапынан су, жарық жағы жеңілдетілген. Бізде мүгедектер қоғамы болғандықтан, жұмысшылардың 50 пайызы мүгедектігі бар азаматтар. Әйелдер, тұрмысы төмен азаматтарды да жұмыспен қамтып, қазір 200-дей адам жұмыс істеп жатыр. 

Жалпы Түркістан облысында алдағы 3 жылда жалпы құны 2,8 трлн теңге болатын 122 инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Соның ішінде биылғы жылы құны 370 млрд теңгенің 67 жобасын іске асыру көзделген. Бүгінге дейін 20 жоба іске қосылды. Ал жыл соңына дейін 6 мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Өткен жылдың өзінде инвест жобалардың арқасында мемлекеттік бюджетке 1 трлн теңгеден астам салық түскен. 

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz