Мемлекеттік кірістер комитеті жеке тұлғалардың декларация тапсыруын жеңілдететін цифрлық сервисті жетілдіріп жатыр. Жүйе декларацияға бірқатар мәліметті автоматты түрде енгізуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды «24KZ».
Жаңа тетік 250.00 және 270.00 нысандарын алдын ала толтыруға арналған. Қазір есепті кезеңде сатып алынған немесе иеліктен шығарылған мүлік туралы ақпарат жүйеге автоматты түрде енгізіледі.
Алдағы уақытта жүйеде алдын ала қалыптастырылатын деректер тізімі кеңейтіледі. Оның ішінде кірістер туралы ақпарат және декларацияны толтыруға қажетті басқа да мәліметтер қамтылмақ.
Азамат дайын ақпаратты өзі тексереді. Қажет болған жағдайда оны толықтырып немесе түзетіп, декларацияны растап, тапсыра алады.
МКК жаңа тетіктің негізгі қағидатын «мемлекет қолда бар мәліметтерді ұсынады – азамат оларды тексеріп, растайды» деп түсіндіреді. Бұл декларация толтыруға кететін уақытты қысқартып, техникалық қателерді азайтуға мүмкіндік береді.
Декларацияны кімдер тапсырады?
МКК 2025 жылғы кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00 нысаны) тапсыру мерзімі 2026 жылғы 15 қыркүйекте аяқталатынын еске салды.
Декларацияны Салық төлеушінің кабинетінде онлайн тапсыруға болады.
2025 жыл үшін декларация тапсыру міндеті жеке тұлғалардың жекелеген санаттарына қатысты. Олардың қатарында:
• мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары;
• банктердің, бағалы қағаздар нарығы мен сақтандыру ұйымдарының ірі қатысушылары және олардың жұбайлары;
• жарғылық капиталындағы үлесі 10%-дан асатын заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары;
• жеке практикамен айналысатын адамдар;
• дербес салық салынатын кіріс алған азаматтар;
• шетелдік банктердегі шоттарында 1000 АЕК-тен астам қаражаты бар адамдар;
• цифрлық активтері бар азаматтар бар.
Сонымен қатар 2025 жылы Қазақстанда немесе шетелде жалпы құны 20 мың АЕК-тен асатын мүлік сатып алған жеке тұлғалар да декларация тапсыруға міндетті.
«24KZ» Telegram-арнасына жазылыңыз
Тегтер #24KZ #24жаңалықтар #декларация #МКК #Кірістер комитетіPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz